Accessibility links

Желтоқсан оқиғасы туралы шындық неге айтылмай келеді?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Белгілі режиссер, Қалдыбай Әбенов демеушілерден көмек сұрай жүріп, желтоқсан оқиғасындағы шындықты бейнелеген “Аллажар” атты көркем фильм түсіргенімен, ол көркем дүние Қазақстандағы телеарналардың бірде-бірінен әлі күнге шейін көрсетілген емес. Белгілі режиссер Қалдыбай Әбеновпен өткізілген сұхбатты осы фильм туралы сөз болады.

1986 жылғы желтоқсан қанды қырғын оқиғасының болғанына он жеті жылдан астам уақыт өтті. Алайда осы желтоқсан оқиғасы туралы шындықтың әлі күнге шейін айтылмай келе жатқандығы да рас. Белгілі режиссер, Қалдыбай Әбенов демеушілерден көмек сұрай жүріп, желтоқсан оқиғасындағы шындықты бейнелеген “Аллажар” атты көркем фильм түсіргенімен, ол көркем дүние Қазақстандағы телеарналардың бірде-бірінен әлі күнге шейін көрсетілген емес. Біз осыған байланысты белгілі режиссер Қалдыбай Әбеновты әңгімеге тартқан едік.

А.К. Қалдыбай аға! Біздің естуімізше, желтоқсан туралы сіздің түсірген “Аллажар” атты көркем фильміңіз әлі күнге шейін телеарналардан көрсетілмей, тіпті ол туралы көптеген адамдар жұмған аузын ашқысы келмейтін сыңайлы. Сіз түсірген фильмнің көрсетілмей жатқандығының себебі неліктен?

Қ.Ә. Мұның басты себебі, біздің ұлттық рухымызды көтеретін, намысымызды қайрайтын барлық шығармалардың жағдайы бүгінгі таңда осындай күйде. Мына өмірдің айтып келмес және қайтып келмес белестері бар. 1986 жылғы желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі де, қазақ тарихындағы айтып келмеген ұлы белес. Енді уақыт өте - ол қайтып келмес белестердің бірі болып, есімізде, жадымызда жүрегімізде сақталып, елім деп азынаған ерлердің көк байрағын шарықтатын ұлы белесіне айналары сөзсіз. Оны ұмытуға да, ұмыттыруға хақымыз жоқ. Өйткені желтоқсан белесінде ұлттық рухымыздың тұғыры тұр. Сол тұғырымызды жарқырату да, жайнату да біздің ұлы борышымыз, әрі парызымыз. . Бірақ оны ұмыттыруға күшін салып, жанталасып жатқандар да аз емес. Олар өздерінің мысық мияу әндерін айтып, опа бояу ойларын дәріптеп, ығыры шығып, шаршап-шалдыққан халықты нұқып, әбігерге салып отыр. Өкінішке қарай жүректері мен сана-сезімдерін шел басқан олардың айы оңынан туып, жолы болып жатыр. Кешегі қызыл империя кезіндегі Компартияның хатшылары, қазір ел басқаратын әкім, бастық, жетекші, кеңесші немесе бас директорлар болып өз тарихына, ана тіліне кекірейе, менсінбеушілікпен, тіпті жиіркенішпен қарайды. Ондайлар құлқыннның құлы, мансаптың тұтқыны. Ұлттық рухымыздың, рухани байлығымыздың, ана тіліміздің тағдырын, шынайы ойлап, жанын шүберекке түйіп, қайтсек елдігімізді сақтап қаламыз деп жүрген жанашыр қауымның халдері мүшкіл. Көбісі жұмыссыздар. Ал мансапқорлар тобы жапатармағай жылы орындарына тас кенедей жабысып алып, халықты сүліктей сорып, байыған үстіне байып жатыр. Беттері де жылтыр, сөздері де жылтырақ. Сәуегейліктерінде шек жоқ. Рухымызды, тарихымызды, тілімізді көтеру үшін, сол тұрғыда ой айтып, ісің түсіп, өкілетті орындарда отырғандарға бара қалсаң , сылып-сипап, алдап-арбап шығарып салады. Тепсініп, “уақытым жоқ, не мәселе, оған ақша жоқ” дегеннен басқа сөз айта алмайтын неше түрлі бастықтарды көріп мен өзім әбден шаршадым. “Аллажар” фильмінің елге жетпей жатқаны, жете алмай жатуының ең басты , себебі, осындай тоғышарлардың арқасында. Бұл жалғыз “Аллажардың” мәселесі емес. Тілімізге, рухымызға, елдігімізге, мәдениетімізге байланысты дүниелер де осылай зардап шегіп, қорлық көруде. Кейбір мереке той-думанда айтылатын қазақ тіліндегі сәлем-сауқат пен құттықтаулардың ғана жолы жүріп тұр. Бұл ел алдына шыққан басшылардың өз сәуегейлігін, өз мансабын, дәріптеуі ғана. Қауесет -мінбардан түскенде басталады. Ел іші өлең бесігім дейтін қазақ - тағы бір үлкен сілкініске, тағы бір үлкен сілпінуге дайын. Ол - уақыттың сұранысы. Көпке түкіру өзін суға батыру екенін әкімсімақтар әлі түсінбей келеді. Кешегі қызыл империяның қызыл шапанын кигендердің күні бәрібір бітеді. Кешегі сабақты ұқпағандар, тағы да сабақ алады. Елді езе беруге болмайды. Кезінде ұлы Абайды шаршатқан Дүтбайлар әлі күнге шейін басымызға шоқпарларын ойнатып отыр.

А.К. Қалдыбай аға! Желтоқсан оқиғасына қатысты бүгінгі таңдағы тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарында сан-қилы әңгімелер айтылып жүргені ешкімге жасырын емес. Мысалы осы желтоқсан қанды қырғын оқиғасына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да қатысы бар деген сыңайдағы ақпараттар да жиі тілге тиек етеледі. Расында да сол кезде Қазақстан Президенті көптеген ресейлік басылымдарға желтоқсан оқиғасына қатысты өз көзқарасын білдірген еді. Сіздің “Аллажар” фильіміңізде осы көріністер бар ма?

Қ.Ә. Бұл мәселе менің “Аллажар” фильмімде өте жақсы көрсетілген. Өйткені 1986 жылғы 17 желтоқсаннан кейінгі үкімет басындағылардың, желтоқсан оқиғасын қаралап, нашақорлар, ішкіштер, бұзықтар деген сыңайдағы қаралаулардың бәрі де, кезінде үлкен тақырыппенен одақтық басылымдарда тегіс шықты. Сол материалдағы ең бірінші қойылған қол, сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы. Ол фильмде бар. Екіншіден мен бұл фильмде жалғыз бұл материалды ғана беріп отырған жоқпын. Бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы , КСРО сьезінде айтқан дәріптеуін де мен беріп отырмын. Бұл екінші жағы. Үшінші жағы желтоқсан оқиғасының бес жылдығын біз тойлағанбыз. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев шығып біз мемлекеттігімізді көтеріп отырмыз, елдігімізді көтеріп отырмыз, енді руға, жүзге бөлінбейік деген сөзі бар. “Аллажар” фильмінде біздің президентіміздің желтоқсан оқиғасына қатысты үш түрлі ойы мен үш түрлі бейнесі сомдалған. Президенттің желтоқсан оқиғасына қатысты айтқан ойларының бәрі де фильмде бар, мұның бәрі де “Аллажарда” жақсы көрсетілген. Мұны мен неге беріп отырмын? ... Мен бұл жерде президентті қаралайын немесе ақтап алайын деп отырған жоқпын. Ол кісі - тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті болып тарихта қала береді. Бірақ президент не айтты, не ойлады? Мен соның бәрінің де режиссер ретінде толық ақиқатын беруім керек. Келешек ұрпақ ол уақыттың бағасын өздері береді.

А.К. Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың қаны нақақтан-нақақ төгілді. Міне содан бері көптеген жылдар өтті. Бірақ осы жыл өткен сайын, желтоқсан оқиғасы туралы әңгіменің тым бәсеңсіп бара жатқандығы да рас.

Қ.Ә. Өкінішке қарай әлі күнге шейін Дүтбайлар үкімет басында отыр. Мысалы сол кезде бүкіл желтоқсанға қатысқан біздің қыздарымыз бен жігіттерімізді соттап, сол кезде соларды қаралаған кісілердің бірі Жармахан Тұяқбай. Ол кісі бүгінгі таңда мәжілісті басқарып отыр. Сол сияқты Қайрат оқыған Университеттің ректоры болған Атрушкевич те үкімет басында беделді адамдардың бірі. Сол кісілер секілді желтоқсанда қолдары қанға малынған үкімет басындағы кісілердің барлығы да жылы-жұмсақ орындарында жайғасып отырған кезде, желтоқсан мәселесі де, “Аллажар” мәселесі де ешқашан көтерілмейді және шешілмейді де. . Былтырғы жылы есіңізде болса, “Мегаполис” дейтін газетте, депутат Валериан Земляновтың “Шестнадцать желтоксанов назад” деген мақаласы жарық көрді. Осы мақаласында Валериан Землянов “Аллажар” фильмінің ұлтараздықты қоздыратын дүние екендігін президентке айтқандығын жазып, оны көрсеткізбеу үшін күш салғанын жазып мақтаныпты. Осындай кісілер тұрған кезде “Аллажар” фильмінің бағы ашылады деп ойламаймын.

А.К. Қалай дегенмен де “Аллажар” фильмінде орыстың шовинистік пиғылы айқын көрсетілген ғой. Осыған орыс халқының өкілдері қалай қарады?

Қ.Ә. Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Неге десеңіз, осы фильмді жасаған кезде маған көптеген орыс халқының өкілдері қол ұшын беріп, көмегін аяған жоқ. Менің Алексей Шеймис, Андрей Скоров деген тамаша актерларым болды. Фильмді түсіруге Александр Делеганов, Римма Григорьева Беликова деген басқа да актерлар қатысты. . Сосын осыған байланысты таңғажайып жағдайлар бар. Өзімнің қандастарым “Қазақфильм” киностудисында маған кедергі жасаған кезде, орыс халқы жағынан мен көптеген қолдауды көрдім. Ал көрермендер жағына келетін болсақ, әрине бұл тарапта едәуір қиындықтар бар. Мысалы былтыр алаңда осы “Аллажар” фильмін қолдаған митингі өткізілді. Сол митингіден кейін маған әкімшіліктен кісілер телефон шалды. Мен олар сұрағаннан кейін “Аллжар” фильімін алып бардым. Бірақ әкімшілктегі жігіттер әлі күнге шейін жалтақтап, бұған қала әкімі қалай қарар екен деп жалтақтап, осы фильмді көрсете алмай отыр.
XS
SM
MD
LG