Accessibility links

Қытайдан келген қазақтар Алматыны саңырауқұлақпен қамтамасыз етіп отыр

  • Саясат БЕЙİСБАЙ

Алматының іргесіндегі Тұздыбастау ауылында екі-үш жылдан бері бұрын-соңды қазақ жұртшылығына таңсық, жеңсік ас саңырауқұлақ өсірушілер осы кәсіпті тәп-тәуір меңгеріп келеді.

Тұздыбастау ауылына Шыңжаңнан көшіп келген қазақтар қозықұйрық өсіріпті, содан пайда тауып, кәсіпке айналдырыпты деген әңгіме соңғы кездері жиі естіліп жүр.

Саңырауқұлақ өсіруші ағайынды азаматтар Қытайдан атажұртқа оралған соң осы кәсіппен шындап айналысқан. Бүгінде олар бүкіл Алматы қаласының түгелге жуығын қозықұйрықпен қамтамасыз етіп отыр.

Ағайындылардың бірі – Алматы облыстық оралмандар кеңесінің төрағасы Алмас Ахметбекұлы. Алмастың аға-інілері, жеңге-қарындастары және басқа да туыс-жақындары осы кәсіпке ден қойған екен. Саңырауқұлаққа сұраныс та көп. Тұтынушы табылған соң бұл кәсіптің пайдасы да мол екен.

– Алматыда неше түрлі ұлттар мен ұлыстар тұрады. Солардың көбі саңырауқұлаққа қатты қызығады. Қазір оны өсірушілер де баршылық. Қытайлар да келіп, Алматыны саңырауқұлақпен жауып тастамақ болды. Біз де қарап жатпай, қала іргесіндегі ауыл әкімшілігінен қоқыс төгетін, ешкім қарамаған үш гектар жерді алып, осы кәсіпке кірісіп кеттік. Сол жерді тегістеп, тазартып, жылыжай салып, ағайынды сегізіміз саңырауқұлақ өсірумен шұғылдандық. Оның үстіне жаңадан келген оралмандарға да жұмыс тауып бердік, – дейді Алмас Ахметбекұлы.

Алмастың Ержан есімді інісінің мамандығы химик, сол Қытайға барып, саңырауқұлақ өсірудің әдіс-тәсілін үйреніп, саңырауқұлақ жөнінде қытайдың түрлі кітаптарын оқып, өсімдіктің биологиялық, химиялық ерекшеліктерін біліп, меңгеріп алған. Сол арқылы Алматыдағы өзге бәсекелестерін ығыстырып шыққан.

Саңырауқұлақтың экологиялық жағы да тиімді, одан ешқандай қалдық қалмайды. Оған шикізат ретінде пайдаланылған мақтаның кебегі соңынан қиға айналып, тыңайтқыш болады. Тезегін осындағы әйелдер тандырға пайдаланып, наубайханада нан пісіреді. Осында Шымкенттен жеткізілген 50 тонна мақтаның кебегі жатыр.

– Саңырауқұлақ өсіруді енді екі-үш есеге ұлғайтсақ деп отырмыз. Сонда бәсекелес қытайды да, дүңгенді де артта қалдырамыз, – дейді Алмас Ахметбекұлы.

Қазір күніне 500 килодай саңырауқұлақ алынады екен. Ал оның базардағы нарқы жоғары. Демек, одан түсетін пайда да жақсы. Саңырауқұлақ қысы-жазы өсіріледі. Күн суытқанда жылыжай ішіне от жағылып, күтімге алынады.

Өнімді өсірушілер базарға өздері апарады. Онда келісім-шарт бойынша алушылар ары қарай саудаға шығарады. Осы арада ағайындылардың ең үлкені Айқын жолықты. Ол кісі көп сөйлемейтін, істің адамы болып шықты.

Айқынның айтуынша, жұмыс қызып, науқан келген шақта жергілікті ауыл тұрғындарынан қосымша адамдар тартылады. Қалған уақытта мұндағы шаруа өздерінен артылмайды.
XS
SM
MD
LG