Accessibility links

Жалаң деректер мен аздаған түсініктемелер


Мақала авторы “Қазақстан темір жолы” атты республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтың сотына байланысты журналистік зерттеу жүргізген.

“Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында “Жалаң деректер мен аздаған түсініктемелер” деп аталатын мақала жарық көрді. Мақала авторы “Қазақстан темір жолы” атты республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтың сотына байланысты журналистік зерттеу жүргізген.

Мақала авторының айтуынша осы соттан кейін кезінде Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновқа қатысты болған соттың саяси мақсатпен ұйымдастырылғаны белгілі болып қалған. Бұл туралы мақалада былай деп жазылған:

“2002 жылы Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшылары Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновты саяси көзқарастары үшін соттайын деп жатқанда, “Қазақстанның темір жолы” атты Республикалық Мемлекеттік кәсіпорынның бұрынғы басшысы, Көлік және коммуникацияның экс-министрі Абылай Мырзахметовтың де басына қара бұлт үйіріліп, үстінен тергеу жүріп жатты. Ғалымжан мен Мұхтардың сотталатынын сезген Абылай Мырзахметов сол жылы көктемде арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп мен саясатқа араласпаймын, ешқандай партияға кірмеймін, президенттің адамы болып қала беремін деген мағынада мәлімдеме жасаған.

Бұл бір шетінен “суға кеткен тал қармайды” дегенді білдірсе, екінші жағынан жаңағы сөздерді Қазақстан Республикасының президентіне әдейі арнап айтқан болатын” дейді мақала авторы. Абылай Мырзахметов мырзаның сол сөздері президенттің құлағына жетіп, ол оған рақымшылық жасады деп пайымдай келе, мақала авторы бұл үкімнің күні бүгін жасалғанына күдік келтіреді.

Мұның себебін мақала авторы былайша түсіндіріп өтеді. “Олай дейтін себебіміз, жақында Астанада Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты Абылай Мырзахметовке бес жыл бостандығынан айыруға және дүние-мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Бірақ ол бес жылды түрмеде өткізбейді. Өйткені бес жыл оған шартты жаза ретінде берілді. Оның үш жылы сынақ мерзімі. Егер ол осы үш жылды ештеңе бүлдіріп қоймаса, оның екі жылын қысқарта салуы да мүмкін.

Айтпақшы, Абылай Мырзахметовке “тәркілеу” деген онша қорқынышты емес шығар деп ойлаймыз. Себебі ол бұрынғы бизнесмен ретінде, тығатын нәрсесінің бәрін де тығып үлгерді. Тек Әкежан Қажыгелдин сияқты мемлекет өзі берген пәтерін тартып алатын шығар. Бірақ оның одан басқа да баспанасы бар шығар” дейді мақала авторы.

Нақты айғақтарға жүгінетін болсақ, Абылай Мырзахметов “1998 –2001 жылдар аралығында мемлекетке бір миллиард жүз миллион теңге көлемінде зиян келтірген. Бірақ ол бір жылға созылған тергеу барысында бір күн де тергеу изоляторында отырған жоқ. Ал, Мұхтар Әблязов пен мен Ғалымжан Жақияновты тергеу барысында үнемі абақтыда ұстады. Себебі, олар Абылай Мырзахметов секілді президентке сенімдік білдірген жоқ, қайта керісінше одан саяси реформаларды талап етті.

Сонымен мемлекетке бар-жоғы екі миллион теңге зиян келтірді деп жалған айыптау тағылған Ғалымжан Жақияновты екі үш айға созылған тергеуден соң жеті жылға соттап тынды.

Енді екі миллион теңге үшін жеті жыл түрмеде отырғызу мен бір миллиард жүз миллион теңге зиян келтірген адамды бостандықта қалдырудың арасын салыстырыңыз деген мақала авторы өз ойын былайша түйіндейді:

“Қазақстанның демократиялық таңдауы мен Қазақстан Республикалық Халық партиясының басшылары және саяси реформаларды батыл талап еткен саясаткерлер бар-жоғы екі жүз доллар жеп қойса да, екі миллион теңгеге зиян келтірсе де алты жылдан бастап жаза алып, оны ең қатал түрмелерде өткізеді. Оған Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновтың тағдырлары куә. Биліктің қолына түссе Әкежан Қажыгелдинді де аяйтын түрі жоқ Оны мұнда он жыл түрме тосып тұр” делінген “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген мақалада.

Ал «Түркістан» басылымының 29 мамыр күнгі санында «Жер тағдыры халық қолында ма?..» деген Рымтай Сағымбекованың мақаласы жарық көрді. Онда жер мәселесі жайында жазған автор 2001 жылы қабылданған «ЖЕР туралы » Заңның сиясы кеппей жатып, Иманғали Тасмағамбетов үкіметінің Жер туралы кодексті тез арада қабылдауға асығуының астарында үлкен саяси ойынның жатқандығын алға тартқан.

Үкіметтің бұл жолғы мұндай қадамға баруының себебі, қалайда жерді сату болып отыр дейді тілші. Ал, бұл арада билік басындағылар тағы да қара халықтың қамымен санасқысы жоқ. Себебі, бір күндік напақасын әрең тауып отырған бұқараның жер сатып ала аламайтындығын шенеуніктер жақсы біліп отыр» делінген аталмыш мақалада. Ал жер жекеменшікке өткеннің өзінде оны сатып алған қалталылардан, яғни билік пен оның айналасындағылардан қазынаға көк тиын да түспеуі ықтимал.

Бұл жайында автор мақалада былай дейді: «Түгін тартсаң майы шығатын құнарлы жерлерді айтпағанда. Конституцияға сүйенсек, тек мемлекет меншігінде болуға тиісті орман, тоғай, айдын шалқар өзен көлдердің өзі қазірдің өзінде олигархтардың иелігінде. Олардың жерді сатудан соншалықты қаржы түсе қоймайды деп әу бастан, шырылдауының бір сыры осында» дейді автор.

Сондай-ақ тілші мақалада, Үкіметтің Парламент мәжілісінің жер кодексін талқылау барысында енгізген ұсыныстарын негізге алып, жоқ жерден дау туғызуының өзінде үлкен астар бар деп есептейді. Ондағы Үкіметтің ұстанымы – жерге жекешеншік енгізу ғана емес, мәселені халықтың өзі шешсін деп референдумға әкеп тіркеу болып отыр дейді Рымтай Сағымбекова.

Автордың айтуынша мәжілістің 17 депутатының Президентке бүкілхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс-хат жолдауының өзі көп нәрсенің басын ашып бергендей. Бұл бастаманы қолдаушыларда лезде табыла кетті. Мәселен, бұл ұсыныс – хаттан кейін-ақ, Балташ Тұрсынбаевтың төрағалық етуімен жер мәселесі жөніндегі қоғамдық комитет құрылып үлгерді. 22 адамнан тұратын бұл топтың құрамында Шерхан Мұртаза, Серікболсын Әдбілдин, Серік Әбдірахманов, Фариза Оңғарсынова, Владислав Косорев бар.

Бұл арада жерді сатуға қарсылық танытып келе жақтан қоғамдық саяси ұйымдар мен қозғалыстардың жер дауының бүгінгідей бағыт алған жағдайда бүкілхалықтық референдум өткізуді қолдаудан басқа бейбіт шешімі қалмаған тәрізді дейді тілші. Мақалада автор белгілі саясаткер Балташ Тұрсынбаевтың пікірін берген. Онда саясаткер Халық референдумға барамыз деп шешкен жағдайда, Президент заңға қол қоюдан бас тартуы қажет. Ал оған қарамай қол қоятын болса, Президент екінші қолымен референдум өткізуге рұхсат беруі керек. 200 мыңнан астам адам жер сатуға қарсылық танытса, үкіметтің ойы жүзеге аспауы мүмкін» делінген.

Комитеттің жобалауынша , референдум маусым айының ортасында өткізілмек. Бұл тұрғыда, мақала авторының пайымдауынша бүкілхалықтық референдум өткізудің өзі жер сатуға байланысты астарлы ойынның жалғасы болуы да ғажап емес. Ал бүгінгі басталған науқан – халықтың өз еркіне салдық деп, халықты өз қолымен алдап соғу мақсатындағы биліктің тағы бір айласы дейді мақала авторы Рымтай Сағымбекова «Түркістан» басылымының 29 мамыр күнгі санында.
XS
SM
MD
LG