Accessibility links

Қазақстан-Қытай басшылары бірлескен декларацияға қол қойды


Маусымның 2-сі күні кешкісін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао мемлекеттік іс-сапармен Астанаға келді.

Маусымның 3-і күні Қазақстан Президентінің резиденциясында жоғары мейманмен ресми кездесулер өтті. Онда екі мемлекет арасындағы экономикалық және екі жақты қарым-қатынасты нығайту мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы бірлескен декларацияға қол қойды. Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао екі жақты қарым-қатынастарға байланысты мәлімдеме жасады.

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай Халық Республикасы төрағасының Қазақстанға, Қытай елінің басшысы ретінде бұл бірінші сапары екендігіне жылы лебізін айтып, екі жақты ынтымақтастықтың одан әрі де жаңа қарқынмен дамытудың маңызына тоқталды. - Кейінгі тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасындағы қарым-қатынас үлкен дәрежеге жетіп, құқықтық жағынан барлық керекті құжаттарға қол қойылды. Соның ең негізі-былтырғы жылы достық және көршілестік ынтымақтастық мәселесі жөніндегі келісім-шартқа қол қою - бұл тарихи мәселе. Қытай мен Қазақстан арасында еш уақытта болған емес.

Бұл сапарында Қытай елінің басшысы, бұрынғы төраға Цзянь Цзэмин мырзамен жүргізілген келісөздеріміздің, саясаттың барлығы одан әрі қарай жалғасады,-деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті, энергетика, көлік жүйесінде екі ел аралық қарым-қатынастың үлкен болашағына тоқтала келе, биылғы жылғы сауда-саттық ауқымы 2 миллиард доллардан асатындығын мәлімдеді. Қазақстан Президентінің айтуынша, Қазақстан мен Қытай елдері арасында саяси –экокномикалық жағынан шешілмеген мәселе жоқ. Н.Назарбаев, 5 жылға арналған бағдарлама, екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға септігін тигізеді,-деді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай ұлттық компанияларының Қазақстанға 700 млн долларға жуық инвестиция жасағанын айтты.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан Президентінің шақыруына алғысын айтып, Қытай халқының жылы сәлемін Қазақстан халқына жеткізді. Ху Цзиньтао келіссөздер нәтижесінде тараптар бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылғанын, оның ішінде Қытай мен Қазақстан арасындағы бірлескен декларация, 2003-және 2008 ші жылдарға арналған Қазақстан және Қытай ынтымақтастығының бағдарламасын айтты.

Қытай Халық Республикасының төрағасы, тараптардың сауда және экономикалық ынтымақтастықта, энергетика, көлік және гуманитарлық салаларды да одан әрі де дамытуға мүдделілік танытып отырғанын айтты. Екі мемлекет арасында басқа да бірқатар құжаттарға қол қойылды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев және Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ли Чжаосин, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы 2003 және 2008-ші жылдарға арналған ынтымақтастық туралы Бағдарламаға қол қойды.

Аталған екі елдің сыртқы істер министрлері басқа да бірнеше құжаттарға қол қойды. Олар: 2002 жылғы 23-ші желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату көршілік достық және ынтымақтастық туралы шарт бойынша бекіту грамоталарымен алмасу туралы хаттама, 2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бойынша Қазақстан Республикасының

Сыртқы істер министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасында оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекет ішілік рәсімдердің орындалғаны туралы ноталармен алмасу, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Білім министрлігі арасындағы білім саласындағы келісім. Қытай Халық Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Үкіметіне Білім беру саласындағы жобаларды іске асыру үшін 20 миллион Қытай юань сомасында өтеусіз көмек беру туралы хат алмасу нысанындағы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ қазақстан–қытай мұнай құбырының кезең-кезеңді құрлысы инвестициясының негіздемесі жөніндегі бірлескен зерттеулер туралы келісімге қол қойылды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы арасында Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласындағы инвестициялық қызметті одан әрі кеңейту туралы келісімге қол қойылды.
XS
SM
MD
LG