Accessibility links

Қазақстанда Қоғамға қауіпті адамдар ғана түрмеге жабылады


Бұрынғы Көлік және коммуникация министрі, Қазақстан темір жолын басқарып тұрғанда мемлекетке 22 млн. АҚШ доллары көлемінде шығын әкелді деген айып тағылған, бірақ сот үкімі бойынша 5 жыл шартты түрде сотталған Абылай Мырзахметовтің ісіне байланысты Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков қоғамға қауіпті адамдар ғана түрмеге жабылады дегенді айтты.

Бұл сұрақ маусымның 12-де өткен Парламент Сенатының жалпы отырысы кезінде қаралған Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын талқылау кезінде туындады. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты сенатор Есімханов, мемлекетке миллиардтаған теңге шығын әкелген Абылай Мырзахметовті абақтыға қамамай шартты түрде ғана соттап, ал ауылда жұмыссыздықтан ұрлыққа бет қойған жастарды неге ұзақ жылға соттап жатамыз деді.

Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында, кейбір заң актілеріне енгізген өзгерістерді сенатор Әбіш Кекілбаев қазіргі заман талаптарына сай келмейді деп сынға алды. Ал Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков болса жоғарыда аталған Заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті анағұрлым жемісті жүргізуге мүмкіндік береді дейді. Аталған заң жобасы бірінші оқылымда толықтай мақұлданып, екінші оқылымға жіберілді.

Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасында Каспий теңізі түбін межелеу туралы Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының арасындағы Келісімді Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Депутат Уалихан Қалижанның айтуынша, енді осы айдың аяғында Каспий түбін межелеуге қатысты Қазақстан Түркіменстанмен келіссөздер жүргізеді. Қазақстан мен Әзірбайжан арасында Каспий бөлісі теңіздің түбі мен оның жер қойнауы тараптар арасында жағалау сызығындағы және аралдардағы бастапқы базалық нүктелерден бірдей қашықтық негізінде құрылатын орта сызық бойынша межелеп бөлінген.
XS
SM
MD
LG