Accessibility links

Оралмандар есебiнен байымақ болғандар тұтылды


Солтүстiк Қазақстан облыстық прокуратурасы кейбiр шенеунiктердiң мемлекет қаржысын жөнсiз шығындап, оралмандар есебiнен байымақ болған әрекеттерiн әшкерледi.

Олар оралмандарға тиесiлi баспаналарды мемлекет қаржысын шығындап, өз құнынан әлдеқайда жоғары бағаға сатып алған. Көшi-қон жөнiндегi республикалық агенттiктiң миграция бөлiмiндегiлер бұл туралы ендi ғана естiгендерi болмаса, ештеңе бiлмейтiндерiн мәлiмдедi.

Солтүстiк Қазақстан облыстық көшi қон басқармасы бастығының мiндетiн атқарушы Базарбек Қалиев болса, «Бұған бiздiң қатысымыз жоқ. Оралмандарға үй сатып алумен облыстық Еңбек және әлеуметтiк қорғау департаментi айналысады. Оралмандар бiздiкi болғанмен, оларға үй әперу солардың мiндетi» дедi. Ал Көшi-қон өнiндегi республикалық агенттiк «Оралмандарды баспанамен қамтамасыз етуге бөлiнетiн қаражат жергiлiктi жерлерге аударылған соң агенттiктiң бақылаудан тыс қала ма?»,--деген сұрағымызды жауапсыз қалдырды.

Солтүстiк Қазақстан облыстық проуратурасы таратқан мәлiметке қарағанда, тұрғын жай сатып алуға жұмсалған артық шығын мемлекет қазынасына қайтарылған. Ал оны өз пайдаларына асырмақ болған шенеунiктердiң iсiн тергеу жүрiп жатыр.
XS
SM
MD
LG