Accessibility links

Тапсырысты өлім кімдердің талқанын тауысты


Мақала автор Қазақстанда тапсырыспен кісі өлтіру оқиғасының өршіп отырғандығы жайында жазады.

“Жас алаш” газетінің 17 маусым күнгі санында “Тапсырысты өлім кімдердің талқанын тауысты деген Жанарбек Әшімжанның мақаласы жарық көрді. Мақалада автор Қазақстанда тапсырыспен кісі өлтіру оқиғасының барған сайын көбейіп келе жатқандын алға тартқан.

Тілшінің айтуынша бұл жағдай Ресейде күн сайын өрши түсуде. Мұнда биліктегі шенеуніктер, дума депутаттары қарауылға іле бастағанға ұқсайды. Бұдан қазір Қазақстанда құр алақан қалып отырған жоқ дейді тілші. Бұл жағдайдың белең алуын автор Қазақстанға Ресейдің ықпалының күшейіп бара жатқандығымен түсіндіреді. Себебі, бұған Қазақстан шикізатын өз пайдасына асырғысы кеп жүрген Ресей олигархтарының айла-амалы күмән тудырып отыр дейді автор.

Оған дәлел ретінде Жанарбек Әшімжан Мәскеу мен Петербор көшелерінде тапсырыспен өліп жатқан құрбандарды алға тартқан. Сондай-ақ, “Қазақстанға Атом электр станциясын салып береміз” деп, бүтін бір мемлекет атынан сөйлеп жүрген орыс олигархтары қалайда көздеген мүдделеріне қол жеткізуді топшылайтын сыңғайлы дейді тілші. Себебі, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс күшейген сайын, тапсырысты өлімде жиілей бастаған . Әсіресе, Қазақстанда мұндай қастандық танымал тұлғаларға жиі жасалатындығы айқын көрніс беріп отыр.

Мақала авторының айтуынша әсіресе, Ресеймен шекаралас облыстардағы топтардың мүдде қайшылықтары тапсырысты өліммен аяқталуда. Бұл арада автор Қазақстанда тапсырыспен өлтірілген біраз белгілі азаматтардың қазасына тоқталған.

Түбі бір түрік елінен туған жеріне оралған, керімсал ердің бірі Мұстафа Өзтүрік жайында қалам тербеген тілші Мұстафа қазасы қалың қазақ елінің қабырғасын қайыстырып кеткендігін айтады. Әйгілі Брюс Лимен қанаттасып өнер көрсеткен Мұстафа Отанына таэквандо өнерін алып келген еді.

Сол қазаның артын суытпай Шығыс жекпе-жегінің майталманы Бексейіт Түлкиевте осындай жолмен көз жұмып, қазақ халқының аза бойын қаза қылды.

Сондай-ақ, Алматының қақ ортасында көрнекті суретші Мағауия Аманжолов өз шеберханасынан шыққан күйде жоғалып кеткен болатын. Осы күнге дейін оның не өлі, не тірі екені белгісіз дейді тілші.

Ал, 2002 жылдың 14-ші шілдесіндегі Алаштың арда азаматы, қазақ боксының алып діңгегі Әбдісалан Нұрмахановтың қазасы қалың қазақты қара жамылтып кетті.

Сондай-ақ, автор мақалада Қазақстан Республикасының Орталық мұражайының директоры Марат Хасанаевқа жасалған қастандық күні бүгінге дейін ашылмай отырғандығын алға тартады.

Батыс Қазақстан облысынан шыққан әйгілі спортшылар Асқар Шайхиев пен Оралбек Қожамгелдиев те осындай тапсырыстың құрабны болды.

Ал, жақында ғана Маңғыстауда “Ойл констракшн” мұнай компаниясының басшысы Хайролла Оспановты жалдамалылар өз подъезінде атып кетті.

Осылайша Қазақстанда адам аулау ойыны жылдан жылға күшейе түсуде дейді автор мақалада. Тілшінің сөзіне қарағанда емін еркін сайран салған қылмыскерлерді тұсаулау да оңай болмай отыр. Мұндай қылмыстырдың бәрі Қазақстанда жабулы қазан күйінде қалуда.

Тек Шымкент қаласындағы арақ шарап шығаратын бірнеше зауытқа иелік ететін Юрий Кимді атып кеткен жалдамалылар ғана қолға түсіп отыр. Жанына қысым келген киллер өлтіруге тапсырыс берген адамның атын айтып қойыпты. Ол тапсырысты сәтті орындағаны үшін 1000 АҚШ долларын алған екен.

Осындай киллерлердің қолынан Парламент мәжілісінің депутаты, белгілі қаржыгер Қаратай Тұрсынов, Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің бас маманы Баян Атабаева сондай-ақ, тағы да басқа қаншама жандар құрбан болып кетті. Бірақ, оны тоқтатуға ішкі істер қызметкерлері дәрменсіздік танытып отыр.

Қанды қол қылмыскерлер Қазақстан көшесінде емін еркін сауық сайран құруда. Соған қарағанда әзірге мұның тамырын қию да оңайға түсе қоймас дейді Жанарбек Әшімжан “Жас алаш” басылымының 17 маусым күнгі санында.
XS
SM
MD
LG