Accessibility links

Соттан көзіміз ашылмайтын болды


Мақалада Данияр Әшімбаевтың интернет парақшада жарық көрген мақаласын көшіріп басқаны үшін, “Сөз” тәуелсіз газетін сотқа беріп жатқандығының тарихы егжей-тегжейлі баяндалған.

“Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында “Соттан көзіміз ашылмайтын болды” деп аталатын белгілі журналист Шәріп Құрақбаевтың мақаласы жарық көрді. Мақалада Данияр Әшімбаевтың, интернет парақшада жарық көрген мақаласын көшіріп басқаны үшін, “Сөз” тәуелсіз газетін сотқа беріп жатқандығының тарихы егжей-тегжейлі баяндалған.

Бүгінгі таңда Данияр Әшімбаев, аталмыш газеттің он миллион теңге көлемінде айып-пұл төлеуін сұрап отыр. Шәріп Құрақбаевтың пайымдауынша, Данияр Әшімбаевтың газеттен осыншама мол көлемде айып-пұл сұрауы, биліктің тапсырысымен жасалып отырған саяси әрекет. Бұл туралы мақалада былай деп жазылған:

“Әшімбаев мырза біздің газетті қатты жек көреді екен, сондықтан, оның мақаласы біздің газетте жарық көргені үшін қатты қиналыпты және өзінің ар-намысы тапталғандай сезініпті”.

Алайда мақала авторы келтірген деректерге жүгінсек, Данияр Әшімбаевтың былай сөйлеуінің қисыны жоқ.

“2001 жылдың қараша айында –Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы жаңадан дүниеге келіп, ал оның алдында Төлен Тоқтасынов Парламентте Рахат Әлиевке қатысты әйгілі мәлімдемесін жасағаннан кейін, 14 қарашада Алматы қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлері Данияр Әшімбаевтың сол жақ қалтасынан героин тауып, оны қамауға алған болатын. Алайда, бұл оқиғаны ішкі істер органдары әдейі ұйымдастырған арандату деп алғашқылардың бірі болып жазған да “Сөз” газеті еді. Бірақ, артынан Әшімбаев мырза бостандыққа шығады. Оған кімнің қалай көмектескенін білмейміз, бірақ ол өзін заңсыз қамауға алғандардан он миллион теңге тұрмақ, жүз теңге де талап еткен жоқ. Ал, “4” дегеннің орнына “8,5” деп жазып қойдың дегенмен, алты түйір геройнді қалтасына салып жіберіп, абақтыға қамаудың айырмашылығы бар шығар. Оның үстіне материал-мақалаға тақырып қою, өзгерту редакцияның құзырындағы шаруа. Оны Әшімбаев сияқты автор, редактор, журналистің білмеуі мүмкін емес. Кейбір ірі газеттер тақырыпшалар қоятын арнайы адам ұстайтыны да журналистерге белгілі” дейді мақала авторы.

Мақала авторының айтуынша , Әшімбаев мырза өз талап-арызында мемлекет басшысына тіл тигізуді ойлаған жоқпын деп ант-су ішкен. Дегенмен мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Данияр Әшімбаевтың бұл сөздері шындықтың ауылынан тым алыс жатыр.

“2001 жылы Интернетте Қазақстан Республикасы Президенті мен оның отбасын, айналасында жүрген адамдарды түгел қаралайтын “Азиопа” сайты пайда болып, оның төңірегінде үлкен дау-дамай туындағаны белгілі. Және сол кезде осы сайттың редакторы ретінде тағы да Данияр Әшімбаевтың аты аталып жүрген. Тіпті, Данияр Әшімбаевтың қалтасынан есірткі табылып, оның қамауға алынуын да “Азиопамен” байланыстырып жүргендер аз болған жоқ” деген мақала авторы, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қудалау науқанының жаңа қарқынмен белең алғанын тілге тиек етеді.

“Ең қызығы президенттің күйеу баласы Рахат Әлиев “Ассанди-таимс” газетін сотқа беріп, одан тура он миллион теңге талап етіп жатқаны белгілі. Кезінде “Азиопа” сайтына қатысы бар деп жүрген Данияр Әшімбаев та, “Сөз” газетін сотқа беріп, бізден тура сол Рахат Әлиев мырза талап еткен көлемде он миллион теңге айып-пұл талап етіп отыр. Осы екі соманың бірдей болып шыққанынан және осы талап-арыздың ұқсастығы мен негізсіздігінен біз басқа бір ұқсастықты, дәлірек айтсақ ортақ “қолтаңбаны” аңғарып отырған сияқтымыз.

Ал, егер бұл оқиғаларға “Солдат” газетінен қаржы полициясының елу жеті миллион теңге және аталмыш басылымға Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың екі миллион теңге айып-пұл салғаннан кейін шықпай қалғанын ескерсек, онда Қазақстанда сөз бостандығын қайтадан тұншықтыруға кірісті деп батыл айтуға тура келеді” делінген “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген бас редактордың мақаласында. Мақала соңында Шәріп Құрақбаев қалай болған күнде де сотта жеңіп шығудан үмітінің үзілмегендігін де тілге тиек етеді.
XS
SM
MD
LG