Accessibility links

Журналистер құқығы туралы заң

  • Алма СЕРİКҚАЛИ

Мақалада автор 16 маусымда өткен Азаматтық қоғамды одан әрі дамыту және демократияландыру жөніндегі Тұрақты Кеңестің кезекті отырысында “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңды талқыға салған жұмысшы тобының отырысқа қатысқан 10-ға жуық журналисті залдан шығарып жібергендігі жайында жазады.

“Түркістан” басылымының соңғы санында “Журналистер құқығы туралы Заң” деген Есенгүл Кәпқызының мақаласы жарық көрді. Онда мақала авторы, 16-шы маусымда өткен Азаматтық қоғамды одан әрі дамыту және демократияландыру жөніндегі Тұрақты Кеңестің кезекті отырысында “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңды талқыға салған жұмысшы тобы, бұған журналистердің қатысуына шек қойды деп жазады.

Тілшінің айтуынша, аталмыш заңды талқыға салған жұмысшы тобы бұған дейін де бес рет бас қосқан екен. Олардың өзара келісімі бойынша , аталмыш отырыстар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінсіз өту керек деп шешіліпті. Бірақ, жұмысшы тобының бұл қағидасын бұзған “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасының бірі Болат Әбілов журналистерді шақыруды қажет деп түйген екен.

Мақала авторының сөзіне қарағанда, осыдан кейін оннан астам бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жиналыпты. Ал, бұған қабақ шытып қалған жұмыс тобының мүшелері жарты сағат бойына журналистердің аталмыш жиынға қатысу-қатыспауын талқыға салып, ақыр соңында оларды қатыстырмауды шешіп, отырыстан журналистерді шығарып жіберіпті.

Сондай-ақ, бұған 9 адамнан тұратын жұмыс тобынан 6 адам ғана келіпті. Есенгүл Кәпқызының сөзіне қарағанда қазір журналистерге белгілі болып отырғандығы, жұмысшы тобы мүшелерінің қолында екі түрлі заң жобасының бар екендігі. Оның біріншісі – Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі дайындаған “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заң болса, екіншісі – “Ақ жол” демократиялық партиясының “Қазақстан Республикасындағы сөз бостандығы, ақпарат алу және тарату туралы” Заң жобасы болып отыр.

Мақала авторының айтуынша отырыста Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед “Ақ жол” партиясы дайындаған заң жобасының министрлік дайындаған жобадан айтарлықтай айырмашылығы жоқ болғандықтан, “Ақ жол” партиясы ұсынған заң жобасы қаралмайтындығын айтыпты.” Осылайша “Ақжолдықтар” ұсынған заң жобасы бұл жолы да, қолдау таппайтын сыңайлы” - дейді тілші.

Бұл жайында автор, осы жұмыс тобының мүшесі Анатолий Волковтың пікірін берген. Оның айтуынша ұсынылған екі жоба бірін-бірі қайталайтындықтан жұмысшы тобы министрлік ұсынған заң жобасын қалдыруды жөн көріпті. Сондай-ақ, “Ақ жол” партиясы ұсынған жоба нормативтік құқықтық акт сияқты болып кетсе керек.

“ Қазақстан үкіметінің 2002 жылдың 29 желтоқсанындағы Тұрақты Кеңес құру туралы нөмірі 1391 ші қаулысында, Үкімет пен Парламентке Тұрақты кеңес атынан тек ұсыныстар енгізілуі керек делінген болатын. Ал, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі ұсынған жоба заңдық тұрғыдан бұл талапқа сай келіп отыр”- дейді Анатолий Волков.

Ал, мақаланы қорытындылаған тілші қалай болғанда да, жұмысшы тобының мүшелері арасында қазақ тілді ақпаратты қолдайтын адам жоқтың қасы болып отыр дейді “Түркістан” басылымының соңғы санында.
XS
SM
MD
LG