Accessibility links

Дүниежүзілік банк Нұра өзенін тазарту үшін $40 млн бөлмек


Дүниежүзілік банк Қазақстандағы Нұра өзенін тазарту үшін $40 млн көлемінде қаржы бөлетін болады.

Бұл жөніндегі осы халықаралық қаржы ұйымы мен Қазақстан үкіметі арасындағы келісімге АҚШ астанасы Вашингтонда қол қойылды деп хабарлайды Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің ақпарат және талдау басқармасы. Қазақстан үкіметінің атынан бұл келісімге қол қою рәсіміне Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаев, ал Дүниежүзілік банк жағынан осы банктің қоршаған орта және тұрақты даму жөніндегі департаментінің директоры Ток ханым қатысқан. Ол өз сөзінде Дүниежүзілік банк соңғы жылдары Қазақстанмен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттық білдіретінін және алдағы уақытта да республика жұртшылығының өмірін жақсартуға бағытталған жобаларды жалғастыруға тілек білдіріп отырғанын атап өткен.

Халықаралық банктің Қазақстанға бөліп отырған бұл қаржы Нұра өзенінің сағасы мен жапсарлас жатқан аудандарды сынап қалдықтарынан тазартуға, осы өңірге қажетті қауіпсіз әрі арзан балама су көздерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, Нұра өзенінің бойындағы экологиялық ахуалды жақсартуға жұмсалатын болады.

Қазірде Дүниежүзілік банк Қазақстанмен Сырдария өзені мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіруге арналған жобаларды бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бұдан өзге шөлейіт жерлерді басқару және орманды алқаптарды қалпына келтіруге байланысты әзірленген жобалар бойынша да жұмыстар қолға алынып отыр. Қазақстандағы шөлейт жерлерді басқару жобасына $ 5,27 млн доллар бөлінді. Оның 4,5 миллионға жуығы әлемдік экологиялық қордан беріліп отыр. Жоба бойынша қарастырылған бес жыл мерзім ішінде Қарағанды облысы аумағында жатқан мыңдаған гектар жерді қайтадан шаруашылық мақсатқа пайдалану көзделген.
XS
SM
MD
LG