Accessibility links

Ауыл ахуалына көңіл бөліне бастады


Ауылды дамытуға арналған үш жылда ауқымды іс-шаралар жоспарлануда. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Селолық аумақтарды дамытудың 2004-2010 -шы жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын дайындады.

Бағдарлама қабылданып жатса, ол екі кезеңмен жүзеге асырылмақ. Негізінен ауылдық жерлердің әлеуметтік құрылымдарын дамыту жоспарланып отыр.

Ауыл тақырыбына арналған тілші хабарында республика аудан-ауылдарының әкімдері жерглікті жердің өзекті мәселелері жөнінде ой бөліседі.

Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Ресми мәліметтер бойынша 7 660 селолық елді-мекенннің 500-ден астамында 50-ден де аз адам тұрады.

Деректер көзі аймақтар бойынша ауыл адамдарының табыс деңгейінде айтарлықтай сәйкессіздіктер бар екенін көрсетіп отыр. 2002 жылғы 3 тоқсанда табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен де төмен ауыл адамдарының үлесі республикада 32,6 пайызды құраған. Бұл қалалық деңгеймен салыстырғанда 16,4 пайыз жоғары екен.

Ауылдық жерлердің басты проблемасы ауыз су мәселесі болып отыр. Селолық елді мекендердің 63 пайыздан астамы сумен жабдықтаудың орталықтандырылмаған көздерінен, яғни құдықтардан, бұлақтардан алып ауыз суға пайдаланады. Ал, ондағы су сапасы республика бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді екен.

Бұл орайда біз республиканың бірқатар ауыл-аудандарының әкімдерінен және шаруа қожалығы басшыларынан жерглікті жердің көкейкесті мәселелері жөнінде ойларын білген едік.

Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Алмалы селосындағы “Раушан” шаруа қожалығының басшысы Марат Рахатов, ауылға бетбұрыстың жасала бастағандығын айтты:

Ауылды табиғи көгілдір отынмен, телефон байланысымен қамтамасыз етеміз деп жатыр. Олай болып жатса, ауыл жағдайы жақсарар еді. Атырау облысында жол мәселесі үлкен проблема. Атырау-Орал жол қатынасы салынуда. Сол ауылға кірсе жақсы болар еді. Ауыл халқы мал бағып, егін салып күн көріп отыр. Мал шаруашылығын жақсартуға жұмыстанып жатырмыз.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының Қызылқұм селолық округінің әкімі Мырзақұлов Амангелді, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту қажеттілігі жөнінде ой бөлісті:

Селолық аумақтарды дамыту өте қажет. Соңғы кезге дейін ауыл мәселесіне мән беріп, қараған уақыт болмады. Биылғы жылы көктем қолайсыз болып, сел-бұршақ еккен егінді шайып кетті. Үкімет 100 млн. теңге қаржы бөлді, оның 72 млн. теңгесі біздің ауданға бөлініп, жәрдем көрсетілді. Ауылдағы пробелма- ауыз су, жол мәселесі. Республикалық, облыстық жолдар жөнделеді деауыл арасындағы ішкі жүйелерге ешкім көңіл бөлмеді. Егер 2004 жылдан бастап ауыл-аудан әкімдерінің өз бюджеттерін бөліп беретін болса, біз ауыз су бағдарламасы, ішкі жүйелердің мәселелерін жүзеге асыруға тырысамыз.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданының, Мұңлақ ауылдық округінің әкімі Медет Рысбеков те аталған мәселенің осы елді- мекен үшін де өткір проблема екендігін айтты:

Проблема біздің ауылда да бар. Инфрақұрылым, жол мәселесіне байланысты жағдайларда қаржы толық жетпей жатады. Жергілікті атқарушы билік органдарына берілетін құқықтар олардың халықпен жұмыс істей алатындай өздерімен салалас органдармен қарым-қатынасын реттейтіндей заңды мәселелер шешілсе, онда жұмыстың нәтижесі болады.

Ал, Павлодар облысына қарасты Ертіс ауданының әкімі Абызбай Адамов, болашағы жоқ елді-мекендерді қолайлы орындарға көшіру жайының қолға алынатындығын айтты:

Ертіс ауданы республикадағы ең үлкен аудан. 7 елді-мекенде тұратын 232 адамды қолайлы елді-мекенге көшіру қажет деп таптық. Оларды 2007-ші жылға дейін көшіруіміз керек. Бұл мәселеге Үкімет және облыс тарапынан қаржы бөлінуі керек.

2004 және 2010-шы жылдарға арналған ауылды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып жатса, ауыл тұрғындарының табыс деңгейін көбейту, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, көлік жолдарын талапқа сай келтіру, сондай-ақ табиғи көгілдір отынмен қамту шаралары іске асырылады деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG