Accessibility links

Сотталғандар түрмеден түзеліп шыға ма?

  • Алма СЕРİКҚАЛИ

Автор өз мақаласында, түзеу колонияларында жазасын өтеп жатқандар мен бостандыққа шыққандардың тағдырына тоқталған.

“Жас алаш” басылымының соңғы санында Серік Әпеновтың “Сотталғандар түрмеден түзеліп шыға ма?” деген мақаласы жарық көрді. Онда автор түзеу колонияларында жазасын өтеп жатқандар мен бостандыққа шыққандардың тағдырына тоқталған. Мақалада келтірілген мәліметтерге жүгінетін болсақ, қазір Қазақстан Республикасындағы криминогенді ахуал күрделі, Қазақстанның қамау орындарында жазасын өтеп жатқан адамдардың жалпы шамасы 50 мыңнан асып жығылады.

Рақымшылдықтың қолданылуына байланысты, 25 мыңдай адам қамаудан босатылса, бір жыл өтпей жатып, қайтадан олардың саны 80 мыңның үстіне шығып кетеді екен. “Қазақстан қамауындағы адамдар саны бойынша дүниежүзінде төртінші орынға ие. Яғни, Ресей, Америка Құрама Штаты, Белоруссиядан кейін Қазақстан болып отыр. Республикада өршіп отырған қылмысты тоқтату үшін түрмелерде дінге бостандық берілген. Мұндағы мақсат адамдарды имандылыққа , жақсылыққа тәрбиелеу”- дейді тілші.

Сондай-ақ автор мақалада бас бостандығынан айырылған адам заң бойынша дене еңбегіне тартылуға міндетті екендігін айтады. Бірақ, қазіргі таңда Қазақстандағы көптеген түзеу орнындағы сотталған адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету қиындықтар тудырып отыр. Сондықтан да олар тамақ, киім, коммуналдық қызмет сияқты өз қажеттіліктерін заңда көрсетілген шамада орындай алмай келеді.” Ал, түрмеден шыққан адамдарды жұмысқа орналастыру тіптен қиындықтар тудыруда. Көптеген мекемелер олардан ат-тонын ала қашады” - дейді тілші.

Автордың айтуынша, қазіргі таңда кейбір адамдарды қылмыскер ететін қоғамның өзі болып отыр. Әсіресе, жазасын өтеп шыққандар үшін қайта, дұрыс өмір бастап кету оңайға соқпайды . Себебі, автордың айтуынша әдетте, ұзақ мерзімге сотталған адамдар, түрмеге жаңадан келгендерді қорқытып немесе құмар ойындарға тартып, қарыз қылып қояды да ақыр соңында өздеріне тәуелді етіп алады. Сондықтан да колонияға жаңадан келіп түскен адам ешкімнен қорлық көрмеу үшін белгілі бір топқа кіруге мәжбүр. Міне, осы жерден бастап адам қылмыстық ортаға дендеп кіре бастайды”- дейді автор.

Бұл арада Серік Әпенов мақалада былай дейді: Колонияда бір ұйымға кірген адам , ол ортадан ешқашан айырыла алмайды. Себебі, бостандыққа шыққанан соң да, түрмеде өзіне қамқоршы болған адам, оның соңынан қалмай, ақша сұрап, мазалап қайтадан қылмыстық жолға итермелей бастайды”- делінген мақалада. Сөзді түйіндеген автор бұл арада мемлекеттің де кемшіліктері байқалатындығын алға тартқан. Өйткені қазіргі таңда түрмелерде орын алып отырған оқиғалардың тамырын кесу үшін, түзеу мекемелеріндегі қылмыскерлердің көсемдерін және олардың қолшоқпары болып жүргендерін бөлек ұстау қажет .

“Мұндай шара 80 жылдардың ортасында КСРО да жүргізілген екен. Бірақ, түрме көсемдерін жеке алып кеткендерімен, олардың қолшоқпарлары қалып қойыпты. Ал қазіргі таңда Қазақстан түрмелеріндегі басты мәселенің бірін осы түрме көсемдері тудырып отырғандықтан, бұл шараны қайта қолға алу қажет”- деп есептейді автор. Бұл арада тілші, қазір түзеу колонияларында екі заңның жұмыс істейтіндігін айтады. Бірі мемлекеттің қылмыстық атқару заңы болса, екіншісі – беделді қылмыскердің шығарған заңы. Осы түрмедегі беделді қылмыскерлердің шығарған заңдары, жазасын өтеп бостандыққа шыққан адамдар арасында да, жүзеге асып келеді. Сондықтан да мұндай адамдар екінші қайтара қылмысқа ұрынбауда” дейді Серік Әпенов.

Сондай-ақ, автор түрмеге түсушілердің көпшілігі балалар үйінде тәрбиеленушілер екендігін де алға тартқан. Мақала авторының айтуынша, жылы алақан көрмей өскен олар, балалар үйінен кеткен соң да, өзінің өмір жолын дұрыс бастай алмай, киер киім мен ішер тамаққа жарымай, кішігірім қылмыстар жасап та, түрме табалдырығына өздері барып түсіп жатады екен. Олар үшін колония мен балалар үйіндегі өмір ұқсас болып көрінеді дейді” Серік Әпенов, “Жас алаш” басылымының соңғы санында жарық көрген мақаласында.
XS
SM
MD
LG