Accessibility links

Өз күшіне өзі сенбеді

  • Алма СЕРİКҚАЛИ

Мақалада автор, 20 маусым күні Парламент палатасының бірлескен отырысында 54 Мәжіліс депутаты, 32 сенат депутаты қолдап, Жер Кодексінің қабылданғандығы мен оған Қазақстан Республикасының Президентінің қол қойғандығы жайында жазады.

“Азат” басылымы өзінің 25-ші маусым күнгі санында Жер мәселесіне байланысты мақалалар топтамасын берді. Соның бірі “Өз күшіне өзі сенбеді” деген Мүбарак Садықұлының мақаласы. Онда автор 20 маусым күні Парламент палатасының бірлескен отырысында 54 Мәжіліс депутаты, 32 Сенат депутаты қолдап, Жер кодексінің қабылданып кеткендігі жайында жазады.

”Осы отырыстан соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев та, іле-шала Кодекске қол қойған болатын. Осылайша көптен күткен жер дауына бір нүкте қойылды. Бірақ, биліктің бұл асығыс қимылы оның күштілігін емес, керісінше әлсіздігін көрсетті”- дейді автор.

Бұл арада Мүбарак Садықұлы, “егер Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз күшіне, халықтың өзін қолдайтынына сенсе, Кодекске қол қоюға асықпай, бүкілхалықтық референдумның өткенін күтер еді” дегенді алға тартады. Сондай-ақ автор “Президент Жер кодексіне қол қою арқылы өз халқына деген сенімсіздігін ашық көрсетіп отыр”- дегенді айтады, аталмыш басылымда.

Сонымен бірге, “Азат” газетінің 25-ші маусым күнгі санында Жер Кодексіне Президенттің қол қоюына байланысты, Қазақстанның халық жазушылары Дихан баба Әбілдің, Сафуан Шәймерденнің, Сайын Мұратбектің Президент сыйлығының иегері Герольд Бельгердің, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Марфуға Айтхожина мен Иран Ғайыптың және тағыда басқа зиялы қауым өкілдерінің пікірлері берілген. Онда 95 жастан асқан Дихан баба Әбіл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өз назын білдірген. Қарт жазушы бұл барып тұрған сорақылық, қазақ ұлтына жасалып отырған қастандық дегенді айтады.

Бұл жайында Дихан баба Әбіл өз пікірінде былай дейді: “Нұрсұлтан, мен өзіңмен талай кездескен, сұхбаттасқан адаммын. Сен ел басына келгенде ақ батасын берген ақсақалдың бірімін. Сондықтан да саған айтарым өз райыңнан қайт, жерді сатуға болмайды. Сен бүкіл дүниежүзі алдында , ел алдында, тарих алдында қара бет ететін құжатқа қол қойдың” дейді.

Сондай-ақ, жер мәселесіне қабырғасы қайысқан Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шәймерден “жерді сату өзі де ат төбеліндей қазақты азып-тоздырудың басы”, - дегенді айтады. Жазушының пікірінше Қазақстанның Ата заңын мойындамай жүрген шетелдіктер ертең жерді сатып алғанан кейін, өз білгенін істейтін болады. Себебі, мұндай қателікті билік басындағылар бұдан бұрын да жасап келген. “ Мәселен, Қазақстандағы көптеген мәдени ошақтардың жабылып, дәрігерлік мекемелердің көзден бұл-бұл ұшуы, ауылдардың азып-тозып кеткендігі мемлекет басындағылардың озбыр саясатының салдары”- дейді жазушы. Сондай-ақ, Сафуан Шәймерден осылайша ауылдарды бұзып, бүлдіріп алып, Президенттің алдағы үш жылды ауыл жылы деп жариялауының өзі сорақылық дегенге тоқталады. Жазушының пікірінше жер де осындай жағдайға жететін болады. “Сонда барып қана қателігімізді түсініп, бармақ тістейміз. Бірақ онда бәрі кеш болады”- дейді Сафуан Шәмерден.

Ал, президент сыйлығының иегері Герольд Бельгер, Қазақстанда жердің жекеменшікке сатуылуы қазақты құртып, тоз-тозын шығарудың бір амалы дегенді айтады. Бұл жайында Герольд Бельгер өз пікірін былайша жеткізген: “Мен - ұлтым неміс болса да, жан-дүнием, болмысым қазақ болып кеткен жанмын. Қазақ жерінің тағдырына сағат сайын алаңдаймын. Сондықтан да оның келешегі үшін күреспей отыра алмаймын. Себебі, Қазақстан менің шынайы Отаным. Оның жерінің әлдебіреулерге сатылғаны – менің сатқындығым”- дейді жазушы Герольд Бельгер.

Сондай-ақ, жердің жекеменшікке берілуіне түбегейлі қарсылығын білдірген , белгілі ақын Иран Ғайып небір зар заманда ұрпаққа аман жеткен жерді Қазақстан тәуелсіздігін алғанда Президенттің “саудаға саламын” деуі барып тұрған кешірілмес қылмыс дегенді айтады. Сөз соңында Иран Ғайып былай дейді: “Ей, мырзалар! Отпен ойнамаңыздар, онсыз да азып-тозған, шыдамы біткен халықтың мазасын алмаңыздар. Жерге де, халыққа да тыныштық беретін уақыт болды” дейді “Азат” басылымының 25-ші маусым күнгі санында жердің сатылуына наразылығын білдіріп.
XS
SM
MD
LG