Accessibility links

Астананың әкiмi журналистермен кездестi

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Темiрхан Досмұханбетов Астана қаласының әкiмi болып тағайындалғанына бес күн толғанда ақпарат құралдары өкiлдерiмен кездесiп, олармен әңгiме-дүкен құрғысы келетiнiн, журналистерден, әдеттегiдей, сұрақ-сауалдар емес, ұсыныс-пiкiрлер күтетiнiн айтты.

Журналистер болса, Досмұханбетов мырзаны Астана қаласындағы тұрғын үй, азық түлiк, өндiрiс тауарларының қымбатшылығы және коммуналдық мәселелерге байланысты сұрақтардың астына алды.

Қаланың бұрынғы әкiмi Астанада тек қымбат үйлер салынуға тиiс деген ұстанымда болатын. Ал жаңа қалабасы бұған келiспейтiнiн кесiп айтты. Оның пiкiрiнше, тұрғын үйлер әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүмкiндiгi ескерiлiп, бiрнеше категория бойынша салынуға тиiс. Темiрхан Досмұханбетов «Мемлекет басшысының өзi Астананың жайлы аудандарында мүмкiндiгiнше арзандау үйлер тұрғызу талабын қойып отыр», дедi.

Ал, жеке тұрғын үй салушыларға жер телiмдерiн беру тоқтатыла тұрады. Өйткенi, бұл салада ретсiзiдктер көп. Бұрын берiлген жер телiмдерi бiр қолдан екiншi қолға өтiп, шым-шытырық жағдай қалыптасқан. Алдымен осыны реттеп алып,жер телiмдерiн берудi содан соң ойластыру керек -дедi Темiрхан Досмұхамбетов. Ол қаланың сауда орындарын аралап шыққаннан кейiн, бұл салада да келеңсiздiктер жетiп-артылады деген қорытынды жасаған. Әкiмнiң сөзiмен айтқанда, «Қымбатшылықтың негiзгi себебi- бәсекелестiктiң жоқтығынан. Екi-үш айдың iшiнде саудадағы бәсекелестiктi жандандыратын iс-шаралар ұйымдас-тырылатын болады. Көтерме сауда базарлары мен басқа да сауда орындарын көбейту қажет".

Астананың жаңа әкiмi,сөз арасында, саясатқа кiрiспейтiнiн, тек Астананың өсiп-өркендеу үшiн қызмет ететiнiн айтып өттi. Қазақшасы жатық Досмұханбетов журналистердiң қазақша қойған сұрақтарына тек орысша жауап қайтарып отырды. Журналистердiң қазақша айтып беруiн сұраған өтiнiштерiн елең де қылмады.

--Мұны Астана әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк тiлге деген көзқарасы ретiнде қабылдауға бола ма,-- деп сұрағанымызда, алғашқыда «бiр айтқанымды екi қайталамас үшiн» деп сырғақтата жауап берді. Дегенмен, қазақша сұхбат берiп жүрген көптеген шенеунiктер мен депутаттарға қарағанда «қазақшасы қатып тұрған» Досмұханбетовтың мемлекеттiк тiлде сөйлегiсi келмейтiнi таң қалдырды.
XS
SM
MD
LG