Accessibility links

Маусымның 26-сы – нашақорлық және есірткі саудасына қарсы халықаралық күрес күні


Бүгінгі таңда Қазақстанда 48 мың адам есірткі тұтынатын жандар ретінде есепте тұр.

Соңғы жылдары олардың саны үнемі ұлғайып келеді. 1991 жылдан бері елде нашақорлық дертіне ұшырағандар саны 4 есеге өскен. Мемлекеттік органдардың берген ресми мәліметтерге жүгінсек, биылғы жылдың алғашқы үш айында республикада есепте тұрғандардың қатары 3 мың адамға көбейген. Бұлардың арасында жеткіншектер мен жас азаматтардың үлес салмағы артып отыр дейді Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ерлан Сапаров.

«Есірткіге тәуелді адамдардың 27% -ын 12-16 жастағылар құраса, 42 %-дан астамы 17-26 жас арасындағылар болып отыр» дейді ол.

2001 жылы Қазақстан үкіметінің қаулысымен елдің Әділет министрлігінің құрамында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комитет құрылды. Комитетте 19 адам жұмыс істейді. Оның міндетіне Президент жарлығымен белгіленген нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресудің 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясын және үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, сондай-ақ, республикадағы есірткіге қарсы күрес жүргізуде мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру, осы саладағы заңдық, құқықтық базаны жетілдіру, халықаралық байланыстарды дамтыу және алдын-алу шараларын атқару жатады. Мемлекет тарапынан 2002-2003 жылдарға арналған шараларды жүзеге асыру үшін 1 млрд 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Әйтсе де бірқатар қиындықтар да бар. Нашақорлыққа қарсы күресетін органдардың шекарадан, кеденнен ұстау мүмкіндіктері аз болып отыр. Сол секілді, есірткі бизнесімен айналысатындар мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарсы амалдарды тез арада қолдана білетін болып алған. Қазақстанда есірткіні жасырын таратумен шұғылданатындар халықаралық деңгейдегі ұйымдармен сыбайласқан, әккі қылмыстық топтар деп айтуға болады» дейді Ерлан Сапаров.

Есірткі бизнесімен айналысатын топтар тәртіп органдарының өкілдерін де шырмап алуға тырысады дейді әділет министрлігінің өкілі. Құқық қызметкерлерінің жүргізген шаралары нәтижесінде өткен жылы республикада есірткі таратумен айналысып келген 13 ұйымдасқан топ құрықталып, елге есірткі тасымалын қамтамасыз етіп тұрған 15 арна жабылған.

Ал, есірткінің заңсыз айналымына қатысы болғандықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылған 117 адамның 21-і құқық органдарының қызметкерлері болып шыққан. Биылғы жылдың өзінде елдің ішкі істер саласында жұмыс істейтін тоғыз адам есірткі қылмысына араласы болғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Кей жағдайларда құқық қызметкерлері тәркілеген есірткінің қайтадан айналымға түсіп кеткені жайлы да айтылып жатады.

«Әрине, сирек болса да ондай оқиғалардың орын алып отырғаны рас. Олармен де күресіп жатырмыз. Есірткінің екінші қайта айналымға түсуіне тосқауыл қою мақсатында қазірде бірқатар заңдарға, соның ішінде қылмыстық-процессуалдық Кодекске өзгерутлер мен толықтырулар енгізу жұмыстары қолға алынып отыр» дейді Ерлан Сапаров. Ол соңғы жылдары Қазақстанда заңсыз айналымда есірткінің ауыр түрлерінің ұлғайып отырғанын айтады.

Қазақстан есірткі тасымалы өтетін тоғыз жолдың торабында жатқандықтан республикаға батыстан да, оңтүстіктен де есірткінің небір түрлері әкеліне бастады, әдеттегі марихуана, гашиш тәрізді есірткі түрлерін героин секілді «ауыр есірткі» түрлері ығыстыра бастады. Сондай-ақ, батыстан келетін жасанды есірткілер де жасырын жолмен Қазақстанға келіп жатыр дейді әділет министрлігінің өкілі Ерлан Сапаров.

Жыл өткен сайын айналымнан алынатын есірткі заттарының мөлшері де көбейіп отыр. 2001 жылы Қазақстанда 19 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленсе, 2002 жылы бұл көрсеткіш 56,5 тоннаны құрапты. Есірткі тұтынатындар арасында героинға деген сұраныстың артып отырғаны байқалады. Егер 1995 жылы Қазақстанда заңсыз айналымнан алынған героин мөлшері 9 кг болса, өткен 2002 жылы республикада есірткінің осы түрінің 170 кг тәркіленген.

Героин бағасының қымбат болуына қарамастан оны тұтынушылар қатары көбейіп келеді дейді Астана қаласындағы медициналық әлеуметтік сауықтыру орталығы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Бектаева. Ол сегіз жылдан бері осы қалада нарколог-дәрігер болып жұмыс істейді.

«Героинді бір рет қолданып көрген адамның бойында оған тәуелділік қалыптасуы мүмкін. Бұған әсіресе жастардың ағзасы тез бейімделгіш болып келеді. Героин адам денесінің барлық жүйесін зақымдайды. Қазір Астанада тұратын әлеуметтік жағдайы тәуір адамдар арасында осы героинды пайдаланатындар саны өсіп келеді» дейді маман дәрігер.

Дәрігерлер есірткі дертімен күресті бүкіл қоғам болып қолға алу қажеттігін айтады. Ал, үкімет шенеунігі бұл кеселді ауыздықтау тек халықаралық қауымдастықтың күш біріктіруімен ғана мүмкін екенін ескертеді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы комиссиясының жобалауы бойынша Ауғаныстандағы шикізаттан жылына 10 мың тоннаға дейін есірткінің ауыр түрлерін өндіруге болады екен. Қазір осы есірткі транзиті өтетін елдер біртіндеп оны тұтынушы елдерге айналып келеді. Сондықтан бұл кеселмен күресуде Қазақстан жалғыз өзі ғана емес, онымен әлемнің барлық елдері бірігіп күресуі керек» дейді Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ерлан Сапаров.

Орталық Азия арқылы Ресейге, одан әрі Еуропаға өтетін есірткі транзитінің белсенді және тұрақты бағыттарын бәсеңдету мақсатында биыл АҚШ үкіметі аймақтағы екі мемлекет Тәжікстан мен Өзбекстанға алдағы бес жылда $16 млн доллар бөлгелі отыр.
XS
SM
MD
LG