Accessibility links

Індет


Мақалада автор соңғы жылдары Қазақстанда басты мәселенің біріне айналған нашақорлық жайында жазады.

26 маусым – Наркобизнеске және есірткіні заңсыз пайдалануға қарсы күрестің халықаралық күні. Осыған байланысты “Түркістан” басылымының соңғы санында Көлбай Адырбекұлының “Індет” деген мақаласы жарық көрді. Онда автор соңғы жылдары Қазақстанда басты мәселенің біріне айналған нашақорлық жайында жазады.

Көлбай Адырбекұлының сөзіне қарағанда, Кеңес дәуірінің өзінде, есірткінің бір түрі- көкнәрді Қазақстанның Оңтүстік өңірінде қолданушылар кездескен. Бірақ олардың дені қарттар болған. Көкнәрді ақсақалдар сырқағанды, деміккенді басады деп суға қайнатып ішкен екен. “Ал қазір Қазақстанда есірткінің алуан түрлері сатыла бастады”- дейді, автор. Және оны пайдаланушылар өрімдей жастар болып отыр. Олардың арасынан 8-10 жастағы балаларды да жолықтыруға болады.

Ақырғы кезде есірткі ұрпақты аздырып, тоздыратын әлеуметтік кеселге айналып отыр. Мұның алдын алуды ойлаған үкімет басындағылар есірткіні қолданушыларға қылмыскер ретінде қарап, заң жүзінде жазалап, балалар колониясына отырғызуды жүзеге асырған еді. Бірақ, бұл әрекет жақсы нәтиже бере алмады. Сонда кейін өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйеніп, есірткіні пайдаланушыларға ауру ретінде қарап, мемлекет есбінен тегін емдеуді қолға алды. Бірақ, нәтиже шамалы.

Бұл арада, нашақорлық індеттің әлемді жаулап алғандығына тоқталған автор, Европа елдері есірткіні екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңірек пайдалана бастады дегенді айтады. Автордың сөзіне қарағанда әуелі оны денедегі ауру азабын уақытша болса да, басу үшін дәрі ретінде қолданып келсе, 60-шы жылдардан кейін жастар оны “рахат сезіміне бөлену” үшін пайдалана бастаған. Есіріткінің барлық түрін жеткіншектердің жаппай тұтынуы әуелі Америкада, содан соң Еуропада өріс алыпты. Ал, қазіргі таңда Колумбия мен Ауғанстан есірткінің отанына айналып отыр. Олар есірткі сатып, пайда табуды әлемдік бизнеске айналдырған.

Бұл тұрғыда Қазақстанда Жамбыл облысындағы Шу өңірі қалыс қалып отырған жоқ дейді автор. Шу қарасорасынан жасырын түрде есірткі өндірушілерді тұсаулау мүмкін болмай келеді. Осының салдарынан Қазақстанда нашақорлар саны ауылдық жерлерде де көбейген. Автордың айтуынша Қазақстанның солтүстік облысындағы шағын бір ауылдың 80 процент тұрғыны есірткі тұтынады екен. Сондай-ақ автор, Қазақстанда нашақорлар жасаған қылмыстың өсіп отырғандығын алға тартқан.

Мақаладағы деректерге жүгінетін болсақ, Республикада апиын, гашиш, героин, кокайн, морфий сынды есірткі түрлері сатыла бастаған. Олардың бәрі де отбасына қасірет-қайғы, қоғамға залалын тигізуде. Әсіресе, саны аз қазақ халқы үшін өте қауіпті індет”- дейді автор “Түркістан” басылымының соңғы санында.
XS
SM
MD
LG