Accessibility links

Ирақты қайта құрудағы АҚШ қадамдары


Құрама Штаттары Ирақта тұрақтылық қалыптаспай жатса да, бұл елді қайта құру жоспарын түзуде. Осы бағытта Ирақтағы Америка тағайындаған азаматтық әкімшілік жетекшісі Пол Бремер Ирақты қалыпқа келтірудің басты бағыттарын жария етті.

Құрама Штаттарының Ирақтағы азаматтық әкімшілігінің іс тәсілін бірауыз сөзбен икемділік деп суретеуге болар еді деп жазады вашингтондық тілшіміз Джефрей Донован.Бағдадтағы әкімшілікке бұрынғы дипломат Пол Бремер келгеннен бастап, қалада тәртіп пайда болды.Алайда, Ирақтың біраз жерінде Саддам Хусейнге адал күштердің Америка әскеріне шабуылдары әлі толастамай отырғаны белгілі.

Осындай қауырт кезеңде Ирақтағы азаматтық әкімшілік жетекшісі Пол Бремер бірнеше шешім қабылдады. Оның бірі - Ирақ әскері қатарында болған жүздеген мың жастардың жағдайын жасау. Екіншісі - елді басқаратын саяси кеңес құру. Үшіншісі - мұнайдан түскен табысты бөлу. Төртіншісі- Ирақтың шетелдегі қарыздарына кешірім жариялау. Сонымен, Құрама Штаттары өзінің Ираққа қатысты саясатын нақтылады ма, деген сауалға талдаушы, Вашингтондағы Брукинг институтының маманы Питер Сингер былай деп жауап береді:

"Меніңше ақырындап та болса, қалыптаса бастаған стратегия бар.Өкінішке қарай, бұндай стратегияны қалыптастыруға көп уақыт жұмсалды".

Дүйсенбі күні Ирақтағы Пол Бремер әкімшілігі Америка Ирақ әскерін қайта құрады, әскери қызметіне орала алмай жұмыссыз қалғандарға қаржылай жәрдем береді деп мәлімдеді.Бұл мәлімдеме жұмыссыз қалған Ирақ әскерилерінің шеруінен кейін жасалынды. Ол шеру үстінде екі Ирақ солдаты опат болған еді.Пол Бремердің жоспары бойынша шамамен 40 мың солдаттан тұратын Ирақ әскері алдғы 3-4 жыл ішінде қайта жасақталуға тиіс. Вашингтондағы "Мирас" қорының маманы Джим Филипс:

"Меніңше елші Бремер бұл жаупкершілікті мойнына алысымен, жұмыс түзеле бастады.Қалыпқа түсу қарқыны шабанда болса, қауіпсіздік қалыптаса бастады, электр жарығы пайда болды.Меніңше Құрама Штаттары дұрыс бағытта,"деген.

Жексенбі күні Иорданияда өткен экономикалық форумда Бремер Ирақ мұнайынан түскен табысты Ирақ халқының керегіне жарату жәйлі жоспарын жариялады. Бремер осынау тоталитарлық социалистік жүйеден Ирақ еркін базар экономикасына өткелі тұрған тұста халықты әлеуметтік қорғау қажет деді.Ирақ мұнайынан түскен пайдадан халыққа үлес беру соның бір көрінісі деді.

Екінші бір көрінісі - мұнайдан түскен пайдадан халықты әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру деді ол.Сонда, халық әрбір сатылған мұнай саудасынан өзіне қанша пайда келетінін біліп отырады және экономиканың дамуына атсалысады дейді Бремер. Ал, Ирақ мұнайының соғыстан кейінгі алғашқы 1 миллион баррелі болса, дүйсенбі күні Түркияның Джейхан айлағынан әлем базарларына жол тартқан. Бағдадта дүйсенбі күні АҚШ сенаторы Джозеф Байден Ирақ мұнайынан түскен пайданың сыртында Ирақты қалыпқа келтіру үшін миллиардтаған доллар қаржы керек деді:

"Тек Ирақ мұнайынан түскен пайдамен сіз Ирақты қайта қалыпқа келтіре алмайсыз.Мұнай өндіру қиын кәсіп.Біз Ирақ мұнайынан түскен табыстың бір тиынына да тимек емеспіз.Құрама Штаттары бастаған халықаралық қауымдастық миллирдтаған доллар қаржы бөлуі керек".

Саяси салада Бремер Ирақтың уақытша өкіметін құру жолында кеңес жасақтады.Алайда ол бұл кеңес алдағы айда Ирақты тікелей басқаратын саяси кеңеске ұласады деді.Ол саяси кеңес Ирақ халқының барлық мүдделі топтарының өкілдерінен құралмақ.Сонымен, алдағы айда түзілетін саяси кеңес өзі құрылған күннен бастап, Ирақтың негізгі проблемаларын шешуге білек сыбанып кірісетін болады.Бремердің айтуынша кеңес министрлерді тағайындамақ.Сейсенбі күні БҰҰ –да өткен әлемнің 50 елінің бас қосуы Ирақтың өтпелі өкіметін шапшаңырақ жасақтауға шақырды. БҰҰ-ның өкілі Сергио Виера де Мелло Бағдадта баспасөз мәжілісінде сөйлеген сөзінде Ирақты қалыпқа келтіру ісінде Ирақтың уақытша өкіметі негізгі ролді атқаруы керек деді:

"Біз бұнда... негізгі жауапкершілікке ие одақтастар өкілдері де бар... бұл елдің жаңа өкілетті өкіметін құруымыз керек"

Бағдадта болған АҚШ сенаторлары Буш әкімшілігі Америка халқына бірнәрсені ашық айтуы керек, ол Ирақты қалыпқа келтіру ісі мен америка әскерінің Ирақта болуы ұзаққа созылатынын ашық айтуы керек деді:

"Бұл жерде біздің әскеріміз де, экономикалық жәрдеміміз де кем дегенде 3-5 жылдай болуы тиіс,"деді сенатор Байден.
XS
SM
MD
LG