Accessibility links

Белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Балташ Тұрсымбаевпен өткізілген сұхбат

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Қазақстанның белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың, Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылы бойында автотұрақта тұрған «Тойота» джип машинасы белгісіз жағдайда өртеніп кетті

Белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың, Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылы бойында орын тепкен, автотұрақта тұрған «Тойота» джип машинасы белгісіз жағдайда өртеніп кетті. Бұған дейін Балташ Тұрсымбаевқа қауіпсіздік қызметіндегілер қоғамда тым саяси белсенділік танытпауды ескертіп, кеңес еткен екен. Тіптен болмаған соң бірнеше мәрте үйіне де телефон соғып, оны қорқытып, үркітпек те болған көрінеді. Енді міне, автотұрақта тұрған судай жаңа машинасы белгісіз жағдайда жарылып, өртеніп кеткен. Осы оқиға орын алғаннан кейін, Балташ Тұрсымбаев, «Азаттық» радиосына хабарласып, сұхбат берген еді.

- Балташ мырза! Сіздің ойыңызша, бұл оқиғаның артында саяси астар бар ма?

- Әрине, бұл тек менің басымнан ғана өткен жағдай емес, бұл талай саясаткерлердің басынан өткен ахуал. Биліктегілер өздеріне ұнамағандарды ұрады, соғады, кейбіреуінің машинасын өртейді, ал кейбіреуінің кеңсесін өртеп, өлген иттің басын әкеліп іліп кетеді, тағы біреулерін басқадай жолдармен қорқытады. Осы биылғы наурыз айының аяғында, мені, қәзір қуғында жүрген экс-премьер Әкежан Қажыгелдин, Вашингтонда өтетін бір конференцияға келуге шақырып, сонда сөйлесуге ниет танытқан еді. Бірақ қауіпсіздік қызметіндегілер, бұны алдын-ала біліп қойып, үйіме бірнеше рет телефон шалып, “егер сабаңа түспесең, жақсылық күтпе” дегенді ескертті. Осы оқиғадан соң ҰҚК-нің бастығының өзіне осы жайтты айтпақ болғанымда, ол кісі орнында болмай шықты. Хатшы қызға “мені орынсыз қорқытып үркітуді тоқтатуды” бастығыңа айт деген талабымнан кейін, біраз уақыт маған қарсы мұндай әрекеттер тоқтатылып, жағдай сәл тынышталған еді. Енді міне, маған қарсы жаңа шабуыл қайта басталған сыңайлы. Олай деп айтатын себебім, үйімнің қасындағы автотұрақта тұрған “Тойота” джип машинамның белгісіз себеппен аяқ астынан өртеніп кеткендігі. Өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері оқиға болған жерге келіп, жарылыстан өртеніп кеткен машинамды әрі-бері қарап, “тексереміз” дегенді ғана тілге тиек етті.

- Енді не істемек ойыңыз бар?

- 26 маусым күні орын алған, осы оқиғаға орай Алматыда шұғыл түрде баспасөз мәслихатын өткіздік. Сірә, бұл хабар ел тізгінін ұстаған басшылардың да құлақтарына жеткен болуы керек деп ойлаймын. Бірақ та олар, бәрібір үндемейді, ол белгілі жағдай. Қылмыскерлерді қанша іздесе де бәрібір табылмайды. Сондықтан да уақытты босқа өткізбей, жер мәселесін ары қарай жүргізбек ойдамыз. Жақында ғана Қазақстанның барлық облыстары мен Алматы және Астана қаласынан келген, жер сатуға қарсылық білдірген азаматтардың басын қосып, үлкен жиын өткіздік. Жиын қортындысында қабылданған референдум өткізу жөніндегі құжат қағаздардың бәрін де Орталық сайлау комиссиясына табыс еттік. Енді солардан жауап күтіп отырмыз. Алдағы уақытта референдум өткізуді қолдаған халық қолын жинау жұмысын бастағалы отырмыз.

- Жер тағдыры үшін референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топтың, бір топ мүшелері Қазақстанның кейбір облыстарын аралап халық жұртшылықпен кездесіп жүрген көрінеді. Солардан алған қандай хабарыңыз бар?

- Ең соңғы хабарды айтар болсам, біздің автокеруен Павлодар облысына барған кезде, оларды полиция қызметкерлері жөн- жосықсыз қайта- қайта тоқтатып, адамдарды тексеріп, халықпен кездесуіне тыйым салып, “сендер жер мәселесін қозғамаңдар” деген сыңайдағы өктем-өктем талап қойыпты. Бұл дұрыс емес. Автокеруен қазір Қарағандыға келді, содан соң Астанаға барады. Автокеруен жол бойында “жер сатылсын”деген пікірдегі бір де бір адамды кезіктірмепті. Жердің сатылуына халық түбегейлі қарсы, әрі наразы.

- Алдағы уақытта жер тағдырына байланысты, қандай іс-шара өткізбек жоспарларыңыз бар?

- Алдағы жексенбі, яғни, 29 маусым күні Астана қаласында үлкен шеру өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған қанша адам қатысатынын әзірше айта алмаймын. Билік бұны өткіздірмеу үшін бар күшін салуға тырысады. Тағы да ұрып соғу, күш қолдану болуы мүмкін, оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ та біз өзіміздің алға қойған мақсатымыз – Жер-Анамыздың сатылмауы жолында күресімізді жалғастыра береміз. Халық бізді қолдайды дегенге сенімім зор! Жерді сатуға қарсымыз!

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет !
XS
SM
MD
LG