Accessibility links

Қорғаныс министрлігіндегі талан-тараж


Мақалада Қорғаныс министрлігінде белең алған, көптеген келеңсіздіктер мен заң бұзушылықтардың тарихы туралы баяндалған.

“Время” апталығының кезекті санында белгілі журналист Генадий Бендицкидің “Қорғаныс министрлігіндегі талан-тараж” деп аталатын журналистік зерттеу мақаласы жарық көрді. Мақалада, Қорғаныс министрлігінде белең алған, көптеген келеңсіздіктер мен заң бұзушылықтардың тарихы туралы баяндалған.

“Осыдан екі жыл бұрын “Время” газеті, сол кездегі Қорғаныс министрі Сәт Тоқпақпаевтың әскери мүліктердің бәрін де оңды-солды сатып жатқандығы жөнінде он екі мақала жазғанда, бұл оқиға үкіметті де, прокуратураны да, тергеу орындарын да селт еткізе қоймаған еді. Сол уақытта әскери генералдар наразылық танытып, тіпті соттасуға шейін бара жаздаған. Енді екі жыл өткеннен кейін, газетте келтірілген деректердің бәрі де расқа айналып отыр” –дейді, мақала авторы. Генадий Бендицкий оқиға түсінікті болу үшін Қорғаныс министрі болған кезден бастап, Сәт Тоқпақпаевтың маңызды қызметтердің бәріне де өз адамдарын қоюдан бастағандығын тілге тиек етеді.

“Қазәскерижабдықтау” Мемлекеттік кәсіпорыны директорының қызметі ешкім танымайтын, алайда Сәт Тоқпақпаевтың жерлесі - Әбдібек Дүйсеков деген біреуге бұйырады.

Сәт Тоқпақпаев Қорғаныс Министрі болып тағайындалғаннан кейін, түсініксіз себептермен комиссия құрылып, әскери мүліктерді сату жөнінде шешім шығарылады.

Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Бас штабтың бастығы генерал-майор Сихимов басқарған бұл комиссияның жұмысы өрескел заң бұзушылық болып есептеледі. Өйткені әскерилерге үкіметтің рұқсатынсыз дүние-мүліктерді сатуға тиым салатын, үкіметтің №1140 арнайы қаулысы бар.

Мақала авторының айтуынша алғашқы кезде алты обьект саудаға түскен. “Олар – үш дүкен, Бас штабтың асханасы, Алматы қаласының қақ төрінде орналасқан әскери киімдер ательесі және оңтүстік астананың шетінде орын тепкен РВ-90 – деп аталатын жөндеу базасы мен үлкен қойма” - деген мақала авторы, бұл обьектілердің арзымас бағаға сатылып кеткендігіне тоқталып өтеді. Бұл туралы мақалада мынандай деректер келтірілген: “Алты обьектті сатып алуға ниет білдіргендердің бесеуі, Сәт Тоқпақпаевтың жерлесі. Үш дүкенді Сәт Тоқпақаевтың үш бұрындайлық жерлесі, әр шаршы метрі үшін бес жүз теңгеден төлеп сатып алды. Бас штабтың асханасы да осы шамалас ақшаға сатылады. Ал 1253 шаршы метр әскери киімдер үйі үшін Сәт Тоқпақпаевтың бір жерлесі, бар жоғы бір бөлмелі пәтердің құнын ғана төлейді. РВ-90 базасы бар-жоғы елу –алпыс мың долларға сатылып кетеді.

Мақалада келтірілген айғақтарға қарағанда, осы базаның аумағында екі май құятын станция, қоршауы бар автотұрақ, автобазаның әкімшілік ғимараты секілді көптеген құнды обьектілер болған. Алайда соның бәрі үшін, бір джип машинасының құны төленген.

Генадий Бендицкидің сөздеріне қарағанда, екі жыл өткеннен кейін Қорғаныс министрлігі шығындарын есептей бастайды. Тексерулер жүргізіліп, өрескел заң бұзушылықтардың негізінде, көптеген әскери обьектілердің арзан бағамен сатылып кеткендігі анықталады.

Бүгінгі күндегі Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев, Әскери полиция басқармасының бастығына жиналған материалдардың бәрін де Әскери Бас прокуратурға тексерткізуге тапсырма береді. Бірақ ешқандай да шешім қабылданбайды. Міне осы кезде, Қорғаныс минстрлігі соттасуға әрекет жасайды. Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың атынан, кезінде жіберілген өрескел заң бұзушылықтар мен келеңсіздіктер туралы Әскери сотқа шағым –арыз түседі. Бірақ ол тараптан ешқандай жауап болмайды. Қорғаныс министрлігінің өз дүние –мүліктерін қайтарып алғысы келген әректерінен де түк нәтиже шықпайды.

Дегенмен бұл оқиғаның басты кейіпкерлерінің қылшығы да қисайған жоқ. Сәт Тоқпақпаев генерал-полковник шеніне шейін көтеріліп, коррупцияға қарсы күрес комиссиясын басқарып абыроймен зейнетке шығып кетті. Оның жерлесі Әбдібек Дүйсеков мемлекеттік қызметтен кетіп, “Ақ сауыт” сауда үйінің құрылтайшысы болып шыға келді” делінген “Время” апталығының кезекті санында жарық көрген Генадий Бендицкидің журналистік зерттеу мақаласында.
XS
SM
MD
LG