Accessibility links

Сенат депутаты Уалихан Қайсар: “Тұңғыш Президентпен болашақ ұрпақтың алдында үлкен қате жасадық”


Қазақстан Парламенті төртінші сессиясын аяқтады. Бір жылға жуық ішінде Қазақстан Парламенті қандай Заңдар қабылдады? Оның ішінде қоғамға қажетті қандай заң жобалары қабылданды? Керісінше қандай шикі заң жобалары өтіп кетті?

Осы мәселелерге байланысты және биліктің жүргізіп отырған реформаларына байланысты Парламент сенатының депутаты Уалихан Әбішұлы Қайсардың сұхбаты.

- Уалихан Әбішұлы, Қазақстан Парламенті төртінші сессиясын аяқтады. Осы сессия барысында Сіздің ойыңызша заң шығарушы орган қандай салиқалы, салмағы бар Заңдар қабылдады. Және Сіздің көңіліңізден шықпайтын қандай заңдар қабылданып кетті деп ойлайсыз?

- Жалпы айтқанда, биылғы төртінші сессияда Кеден кодексі қабылданды. Салық кодексіне жеңілдіктер енгізді. Ең маңыздысы, менің көңілімнен шығатын, осы екі заң жобасының қабылдануы. Ал екінші мәселе, менің ашу-ызамды туғызған Жер кодексінің қабылданып кетуі. Неге десеңіз, мен үшін, менің ата-бабаларым үшін жер – өте қасиетті ұғым. Біз жерді анаға теңедік. Енді міне, өкінішке орай, Жер-Анамыз сатылатын болды. Осы мәселе маған өте түсініксіз. Қазақстан мемлекетінің қалыптасуына дейін мыңдаған жылдар болды. Осы уақытқа дейін Қазақстанның жері ешқашан жекеменшікте болған емес. Соншама аз уақыт болып 2 миллионнан астам шақырым жерге ие болып, жоңғарлардан сақтап, солтүстік жағынан Ресей империясынан, шығысымыздан қытайлардан сақтап, араб-халифаттардан сақтап, ие болдық. Қазақтың намысындай еш елде намыс жоқ деп ойлаймын. Енді міне біз тұңғыш Президентпен, болашақ ұрпақтың алдына үлкен қате жасап отырмыз. Қарапайым қазақ халқы құл бола ма? Кең жердің үстінде отырып, далада қала ма? Осындай көп-көп сұрақтар туындайды.

- Жер кодексін талқылау барысында, Сіздің қарсы пікірлеріңізді тыңдап жүрдік. Жерге байланысты Қазақстан басшысының Мәжіліс депутаттарымен және Сенат депутаттарымен жеке-жеке кездескенін де білеміз. Президент сенаторлармен кездескенде, Сіз Президентке ашық ойыңызды айта алдыңыз ба? Сенаторлар мен Президенттің арасында ашық диалог болды ма?

- Біріншіден айтайын дегенім, “Хабар”, “Қазақстан” секілді телеарналар Жерге байланысты менің сөйлеген сөздерімді, әріптестерімнің сөйлеген сөздерін қиып тастап отырды. Оны әрине халық естімейді. Ал оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдары біздің сөздерімізді анда-санда береді. Бірақ олардың таралымы жергілікті аймақтарға ғана тарайды. Екінші мәселе Президент меніңше пікірлесуге емес, қысым жасауға келді деп ойлаймын. Президент тұрғанда оны Нұрсұлтан Әбішұлы деп санамайсың, Президент келді деп санайсыз. Кім болса да, ол болсын, әйтеуір Президент қой. Халықты ойлап келген шығар деп ойлайсыз. Бірақ Президенттің бұл кездесуіне риза болған жоқпын.

- Жер кодексіне Президент қол қойғаннан кейін, бір жағынан Парламентте қабылданып кеткеннен кейін халық депутаттарға да наразылығын білдіреді. Қазақстан Парламентіне қарағанда көршілес қырғыз елінің Парламенті әлдеқайда демократиялылау. Мәселен, Ресей мен Украина елдерінің депутаттары да Үкіметті төмпештеп жатады. Неге Қазақстан Парламенті демократияға жақындау емес?

- Біріншіден, Сайлау туралы Конституциялық Заңға байланысты. Мысалы қазіргі Сайлау туралы Заңмен кімді сайлаймын десеңіз, өз адамын өткізіп жіберуге шамасы бар. Ал оппозициядағы адамдардың, үкіметке қарсы ойын ашық айтатын адамдардың сайлануларына мүмкіндік бермейді. Сондықтан олар сайланбай қала береді. Мысалы Парламентте өз ойын ашық айтатын 5-6 -ақ адамбыз. Өкінішке орай Үкіметке қарсы сөз сөйлейтін, нағыз халықтың пікірін айтатын депутат Парламентте өте аз.

- Ал жиналыс барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары көбінесе келіспей қалады. Мәжіліс депутаттары маңызды іске келгенде Сенат депутаттарына сынды көп айтады. Бұған не себеп?

- Екі палаталы депутаттардың сайлау жүйесі басқаша болады. Мәжіліс депутаттарын халық тікелей сайлайды. Ал сенаторларды сайлаған кезде мәслихаттардың депутаттары арқылы біздерді таңдайды. Сондықтан Мәжілісте халықтың сөзін сөйлейтін депутаттар біздің палатадан гөрі көбірек деп ойлаймын. Біздің Сенатты алсаңыз таңдау жүйесі Үкіметке ыңғайлы. Кімді өткізем десе, соны өткізе алады. Әрине, мен сияқты бір-екі адамда Үкімет үшін күтпеген нәрсе болған шығар.

- Өткен жолы Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауына байланысты, Сіз шетелдік инвесторларға арнап, Үндеу жариялаған болатынсыз. Яғни шетелдік компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтардың айлық жалақысын көбейту туралы. Соның нәтижесі қалай болды?

- Шілденің 1-нен бастап айлық табысты көтеріңдер деп өзімнің пікірімді айтқам. Көреміз, Қазақстанға шынымен таза бизнеспен келді ма, әлде тек елдің шикізатын сорып, халықты құл қылып жұмсау үшін келді ма? Енді осыдан барып белгілі болады.

- Енді, мысалы, Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин Парламент жұмысы ашық, халыққа мүддесі жақын депутаттар көп болу үшін Қазақстанда бір палаталы Парламент болу керек дейді. Бұған Сіздің көзқарасыңыз қалай?

- Мен оған келіспеймін. Саяси жағын алып тастасақ та, заңның сапасына қарағанда, біздің Сенаттан саяси емес заңды көрсек, Мәжілістен кейін жүзден аса ескертпелер мен ұсыныстар енгізіп, қателерін қарап, қайтып Мәжіліске жіберіп жатамыз. Сүзгіден өткізу ретінде Сенаттың қажеті бар деп ойлаймын.

- Шетел ақпарат құралдарын қарап отырсаңыз, Қазақстанға қатысты мақалалар беріп жатады. Әсіресе Қазақстан басшысының атына сыни пікірлер көп айтады. Осыған Сіз не айтар едіңіз?

- Біріншіден, мен өзімнің қазақтық намысы бар адаммын. Екіншіден мен Қазақстанның азаматымын. Сондықтан біздің Президент жаман болсын, жақсы болсын, Ол туралы жаман сөз айтпаймын және Оны жамандағандармен келісе алмаймын.

- Шетелде айтылып жүрген сыни пікірлер, көбінесе Қазақгейтке байланысты ғой. Ал Қазақгейтке байланысты Сіз не айтасыз?

- Егер шынымен осы мәселе рас болса, Президент мұны қалай істеп жүр? Неге істеп жүр? Ол ұрлыққа жатпайды ма? Ол халықтың нанын жегеніне жатпайды ма? Осындай сауалдар туындайды. Бірақ Президентке кір келтіретін менде айғақты материалдар жоқ.

- Қазақстан Президентінің аузынан шетелдердегі көлеңкелі капиталды екінші рет легализациялау мәселесі шықты. Ол мұнымен Парламент депутаттарымен ақылдасамын деді. Негізінде мұны дұрыс деп ойлайсыз ба?

- Есіңізде болса, Легализациялау туралы Заңды Парламент талқылар кезде, ең алғашқы отырысы болғанда мен қарсылығымды білдіріп, отырыстан шығып кеттім. Көлеңкелі капиталды легализациялауға мүлдем қарсымын. Ұры болса, ұры түрмеде отыру керек. Ол халықты бірнеше жыл жеп-жеп, халықтың сорып-сорып енді келіп, жарайды сен осы ақшаларды әкеле бер, экономикаға пайдасы тисін деген, ол бір жағынан дұрыс, енді моралдық жағынан алып қарасақ, дұрыс емес. Қазір бір-екі легализация жасағаннан кейін, олар жарайды мен ұрлай берейін, кешіреді ғой деп әдеттеніп алады.
XS
SM
MD
LG