Accessibility links

Америкада үстіміздегі аптада Қазақстан басшыларына қатысты коррупциялық сот тергеуі ашылды. Дәл осы шатақ жөнінде Британияның "Файненшл таймс" газетінде 25 маусымда үлкен мақала жарық көрді.

"Қазақша қатынас" деген тақырыппен жарық көрген мақалада Қазақстан басшылығының тергеуді құйтырқы тәсілдермен тоқтатқысы келгенін егжей-тегжейлі баяндайды. Тергеуге атсалысудың орнына Қазақстан басшылығы миллиондаған долларды тағы шашып, Америка басшыларына сөз салды, өздерін одан сайын жағымсыз көрсетіп келеді.

2001 жылы желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына шеккен сапары әсер қалдыратындай дипломатиялық тапқырлық болды. Санаулы американдық картада көрсете алатын елдің басшысы Назарбаев бір емес, екі президент Бушпен қатар-қатар жүздесті. Назарбаев алдыменен Хьюстон қаласына келіп, бұрыңғы президент Джордж Бушпен, бұрыңғы мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкермен және әлем деңгейіндегі кейбір ірі мұнай компанияларының басшыларымен кездесті.

Буш мырзаға Қазақстанның жоғарғы белгілерінің бірі "Достық" орденін тапсырған соң, Назарбаев Вашингтонға жетіп, вице-президент Дик Чейни басқарған қонақасында дәм татты. Бұдан кейін Назарбаевты Ақ үйде ең үлкен дипломатиялық сый күтіп тұрды – бұл қазіргі президент Джордж Бушпен ресми кездесу еді, деп бастайды мақаласын "Файненшл таймс" газетінің тілішісі Джошуа Чаффин.

Дегенмен, Буштың тізгіншілері оны Назарбаевпен оңаша қалдырмауды жөн көрді. АҚШ басшысына сөз салынып, аса бір қытымыр шаруаны тезірек шешіп беруге пысықай дипломатиялық әрекет жасалады деп сасқалақтады Ақ үйдің адамдары. Гәп –Қазақстан басшыларына 78 миллион доллар пара берілді деген жағдайды АҚШ әділет министрлігі тергей бастаған. Іс қалың бұқараның алдына биыл наурыз айында шықты, президент Назарбаевтың американдық кеңесшісі Джеймс Гиффен қамалып, батыс мұнай компанияларының мүддесі үшін Қазақстанның екі басшысына пара берді деп айыпталды. Швейцариядан келген сот құжаттары ақша жасырылған құпия есеп-шоттардың кемінде біреуін Назарбаев бақылайтынын анықтады.

Ал бұрынғы Совет Одағы кезінде жұрттың үміт артқан, бірақ паш етілгенінен кейінен мүлдем теріс бұзылған реформашыл Назарбаевқа байланысты Вашингтонның сүйіспеншілігі осы қазақ хиқаясынан кем емес. Хиқаяның беті толық ашылмай жатып, мүдде қорғайтын лоббистер, адвокаттар және бұқаралық қатынас мамандары АҚШ астанасында қаптап кетті. Халқының кедейлігіне қарамастан, Қазақстан үкіметі ықпалын сататын бұл саудагерлерге Вашингтондағы кеңселердің есігіне еркін кіру мақсатында миллиондаған доллар төледі.

Тергеуді тоқтатуға Назарбаев бар күшін салды. Бушқа сөз өткізу мақсатында қазақ өкілдері вице-президент Дик Чейниге ашықтан ашық қолқа салды, ол кезінде басқарған "Халибортон" компаниясына жүгінді. Джеймс Гиффеннің тұтқындалуынан бірнеше күннен кейін екі қазақ ресми өкілі мемлекеттік хатшының орынбасары Ричард Эрмитейджге сөз салды. Бас министрдің орынбасары Кәрім Мәсімов "Файненшл Таймс" газетіне берген сипаттамасында Қазақстан үкіметі тарапынан тергеуге бірде бір қысым әрекеті жасалмады деп айтты. Бірақ, АҚШ дипломаттары мұны жоққа шығарады. Қылмыс жөніндегі мәселені қазақ өкілдері терроризмге қарсы соғыс және энергетика саласындағы серіктестікпен тығыз байланыстырғысы келеді, дейді американдық дипломаттар.

Бұл әрекеттерден түк шығып жатпай жатса да, тіпті кейбір істері теріс нәтиже берсе де, қазақ өкілдері артқа қайтатын емес. Назарбаев Вашингтонға жол салуды жалпы 1990 жылы Советтік Қазақстанның коммунистік басшысы болғанда бастады. Ол Мәскеуге жиі барып, сол кездегі АҚШ елшісі Роберт Страустың алдынан өтетін. "Назарбаев Батыс тірлігін түсінуге өте үлкен құлшыныс танытты. Мемлекеттің мықты болу жолдарын игеруге құштар еді", -деп еске алады Страус.

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген соң Назарбаев Страустың "Акин, Гамп, Страус, Хауер енд Фелд" деген адвокаттық компаниясын жалдады, Гиффенмен қатынас құрды. Вашингтонда сөзі жақсы өтетін Страус заң жағынан кеңес берудің сыртында қазақ басшысына ең құнды дүние ұсынды – бұл қарым-қатынас құруға жол ашу еді. Страус Вашингтонның игі жақсыларына Назарбаевты кіріптар етті. "Метрополитен" клубында жайылған дастарқанға Билл Клинтонның гольф ойнындағы сүйікті серіктесі Вернон Иордан, энергетика министрі Федерико Пенья және бір топ белгілі журналист шақырылды. Совет одағы тараған соң қазақ үкіметінің кедей болғаны сонша, ол Ресей елшілігінде бір бөлме қане жалдады. Кейінен Массачусетс көшесіне жеке бөлініп шыққан соң қазақтардың елшілігі аяқ астынан Вашингтондағы ең танымал мекемеге айналды.

Гиффенде дәнекер ретінде пайдаланылды. Ол бұрыңғы елші Страусты 1980-ші жылдардан таниды, американдық компаниялардың бұрыңғы Совет Одағындағы мүдделеріне жол салып жүрді. Гиффен кейінен "Акин Гамп" компаниясын өзінің "Меркатор" банкінің өкілдігіне сайлады. Гиффен сондай ақ президент Клинтонның Ресей және бұрыңғы Совет республикалары жөніндегі арнаулы кеңесшісі Тоби Гатиге кіріптар. Гифен және "Акин Гамп" сияқты ақылшылар Қазақстан шаруаларынан қыруар ақша тапқандарымен қоса "Мобил" және "Шеврон" сияқты батыс компанияларына мұнай сіңген қазақ жеріне жалау қадауға көмектесті.

Ресей бақылауында болған аймақтарға кіру - Клинтонның кезінде негізгі мақсат дәрежесіне жеткен еді. Әрине, американдықтарды және мұнайға бай Орталық Азияны жалғаған басқа да компаниялар болды. Нью-Йорктың белгілі заң компанияларының бірі "Шерман энд Стерлинг" Қазақстан үкіметінің кейбір бөлімшелеріне өкілеттік қызмет атқарды. Дегенмен, Қазақстан үкіметі жағымды қоғамдық келбетті қалыптастыратын американдық компанияларды, жарнамалық компанияларды өзіне көпке шейін жолатпай жүрді.

Бұл жағдай 1998 жылдың соңында күрт өзгерді. Қазақстан үкіметі қымбат ақы алатын бір қатар лоббистік және қоғамдық қатынастар компанияларын аяқ астынан жалдады. Едельман және бұрыңғы президент Рейганның бейнеқалыптастырушысы Майкл Дивер Қазақстан үкіметіне жалданып, алты ай қызметіне 195 мың доллар алды. Демократиялық партия төрағасының бұрыңғы орынбасары Марк Сигель 225 мың доллар тапты. "Абернатзс МәкГрегор" деген жарнамалық басқа компания ай сайын 47 мың доллар алып тұрды. "Акин Гамп" компаниясы 1999 жылы алты ай қызмет етіп, бір миллион доллар тапты. Әділет министрлігінің мәліметіне қарағанда, ақшаның барлығы қағаз жүзінде "дипломатиялық сапарларға атсалысу ақысы" және "демократияландыруға бағытталған жобалардың шығыны" деп көрсетілген. Қазақстанда жұмыс істеген кейбір бизнесмендер мен заңгерлер бұған сенбейді, бұл компаниялар парақорлық шатағын бүркемелеу үшін жалданған деп біледі.

1998 жылдың соңында Назарбаев сол сияқты кезектен тыс сайлауға жүгінді. Бұл науқан оның либералды реформаларына сынақ болатындай еді. Осы кезеңде Қазақстан үкіметіне мұнай компанияларынан төленген жүздеген миллион доллар қазнаға мүлдем түспепті деген алып-қашпа әңгіме тарай бастады. Шетел газеттері президент аса үлкен байлық жинап алыпты деп жазды. Парламентте тергеу жөнінде әңгіме көтерілді.

Қазақстан үкіметі Джеральд Кармен басқаратын "Кармен групп" компаниясына қарасты өте қымбат компанияларды жалдады. Джеральд Кармен бұрынғы президент Рональд Рейганның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі болған. Қызметіне бір миллион доллар сұраған Джеральд Кармен "Қазақстан президенті Назарбаевқа тек қане маңызды тұлға бейнесін емес, Американың ықпалды саясаткерлерінің санасының төрін алатын тұлғаның бейнесін қалыптастырамыз", деп жазды. "Клинтонның әкімшілігімен, Конгрестің ықпалды мүшелерімен тығыз байланыс орнатып беремін, Қазақстан жөнінде жағымды бұқаралық ақпарат қаптатамын", деп үәде айтты Джеральд Кармен. Бұл науқанның негізгі ұраны – "Болашақ дегеніміз "Қ-А-З-А-Қ-С-Т-А-Н" деп бас әріптермен жазылады", деп қабылданды.

Қазақстандағы нақты жағдайда ескермесек, бұл құлықтың барлығы ақылға симайтын не болмаса қалжың ретінде қабылданатын еді. Реформалардан алшақтаған Назарбаев авторитарлық қатаң билігін күшейте түсті. 1999 жылғы сайлау Назарбаевтың нақты бейнесін айқындады. Назарбаевтың 79 процент дауыс жинағанын "Хьюман Райтс Уотч" құқыққорғау ұйымы мойындамады, сайлау кезінде заң бұзушылығы көп болды деп сипаттады. Назарбаев негізгі саяси қарсыласын құғынға салды, бірнеше оппозициялық газеттің үні өшірілді.

Еліндегі билігінің күшейгеніне қарамастан, Вашингтонда жалданған компаниялардың қызметін Назарбаев жеңілдеткен жоқ. Тергеуді тоқтатуға бағытталған әрекет қалыңдай түсті. "Нью Йорк Таймс" газеті жазғандай, Назарбаевтың жақын адамдарының бірі Болат Өтемұратов 2001 жылдың қазан айында вице-президент Дик Чейниге қолқа салды. Қазақ елшілері Чейнидің мұнай бизнесінде істегенін пайдалануға әрекет жасады, алайда бұдан түк шықпады. Чейни араға түсуден үзілді-кесілді бас тартты, жақсы адвокат жалдау мүмкіншілігіне сілтеді.

Болат Өтемұратов бұдан соң Дик Чейни бұрын жұмыс істеген "Халибортон" компаниясына жүгінді. Бұл қадамға себеп шаш етектен көрінді. "Халибортон" компаниясы Қазақстанның Теңіз мұнай алаңында бизнес жасап жатыр, Қашаған деген Каспий алаңында бұрғылау шаруаларымен айналысып жатыр. Алайда, компанияның бастығы Девид Лезар Болат Өтемұратовтың бұйымтайын қабылдамады. Бұдан кейін Өтемұратов Республикандық партияның жуандарының асты үстіне түсті. Ақыры, бұрыңғы бас прокурор Дикк Торнбургх деген бір тұлға қол үшін созуға келісті.

Дикк Торнбургх осы іс бойынша "Файненшл Таймс" газетінің сұрауларына жауап қайтарған жоқ. Дегенмен, оған жақын адамдар Дикк Торнбургх тергеуге бөгет жасамауға, коррупцияға қарсы заң қабылдауға және Вашингтонмен қарым-қатынасты түзеуге кеңес берді деп айтады. Қазақ басшыларының Дикк Торнбургхтың тілін алғанына дәлел шамалы. Осы тұста 2001 жылы 11 қыркүйекте Америкада террористік шабуылдар жасалып, Вашингтонның алдында Қазақстанның салмағы өсетін болған соң қазақ басшыларының көңілі орнына түсті.

Бұл серпіліс жалданған тағы бір вашингтондық заңгер Рейд Уайнгартеннің өткен жылдың қыркүйек айында әділет министрлігіне жолдаған үлкен хатында көрініс тапты. АҚШ бас прокурорының орынбасары Ларри Томсонның қабылдауын сұраған хатта жалғасып жатқан "тергеу Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның қатынастарына зиян келтіреді", деп үлкен алаңдаушылық танытылды. "Қазақстан терроризмге қарсы соғыста - стратегия жағынан маңызды серіктес, тұрақсыз ортаазиялық аймақта орналасқан айтарлықтай мұнай мен газы бар мемлекет", деп шегеленді.

Дегенмен, бұл ұрдажықтық тәсіл Қазақстанға қатысты істі одан сайын қиындатты. Назарбаевты сынап жүретін белгілі сенат депутаты Джон МәкКейн бас прокурор Джон Ашкрофтқа хат жолдап, тергеудің барысынан хабардар етуді сұрады. Гифеннің тұтқындалуы қазақ өкілдеріне одан сайын нашар хабар әкелді. АҚШ прокуратурасы маусым айында айтарлықтай табысқа қол жеткізді. "Мобил" компаниясының бұрыңғы басшысы Брайен Уильямс салықты толық төлемегенін мойындады. Брайен Уильямс Теңіз мұнай кеңорнына байланысты бір миллиард долларлық саудаға атсалысқаны үшін Гифеннен екі миллион доллар пара алды деп негізі айыпталған болатын.

Тергеу өрісі кеңейген сайын қазақ өкілдері өздеріне тән мінезбен құлаққағыс танытты, лоббистік компанияларды көбірек жалдай түсті. АҚШ әкімішілігіне, сенатқа және бұқаралық ақпарат құралдарына сөз салу мақсатында мамыр айында "Пәттон Боггс" деген ірі вашингтондық компания жалданды. Бұл компанияға он екі айлық қызметіне бір миллион доллар төленетін болды. "Пәттон Боггс" компаниясының серіктесі Майкл Драйвер қазақ өкілдері келісім жасасқанда тергеу жөнінде әңгіме қозғаған жоқ, Қазақстанның инвестицияға қолайлы жағдайы және демократияға берік екендігі жөнінде Вашингтонды хабардар ету сұралды дейді.

Алайда, қазақ өкілдерінің мүддесіне жұмыс істеп жатқан сөзсалушылар мен кеңесшілер бұл сұраныстың астарында өзге мағнаны көріп отыр. " Қазақ өкілдері жан жаққа жетерліктей ақша шашсақ - әйтеуір біреу септігін тигізеді деген сенімде. Тұрасын айтқанда, қыруар ақша төгіп, олар өздерін күлкіге қалдырып отыр", - дейді ортаға салынған кісілердің бірі. Ал қазақ өкілдеріне жалданғысы келген азаматтар Вашингтонда үйір-үйір қаптап жүр.
XS
SM
MD
LG