Accessibility links

Шілденің бірінен бастап Қазақстанға келушілерге көші-қон құжаты беріледі


Шілденің бірінен бастап, Қазақстанға келушілерге көші-қон құжаты берілетін болды. Бұл құжатты шекара және кеден қызметкерлері береді.

Құжатқа ішкі істер органдарында тіркелгендігі туралы белгі қойылады. Ал, елден шыққан кезде шекара және кеден қызметкерлері аталған құжатты алып қалады.

Бұл бұрын төлқұжаттың ішіне салынған тіркеу туралы таллонның орнына қолданылады. Мұндай жүйені енгізудегі мақсат- Қазақстанға келіп-кетуші шетел азаматтарының есебін жүргізуде болып отыр.

Бұл туралы маусымның 27-і күні Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Көші-қон полициясы департаменті бастығының орынбасары Алексей Сергеев мәлімдеді.

Алексей Сергеевтің айтуынша, бұл тіркеу жұмысын мейлінше жеңілдетеді.

Көші–қон құжаттарын беру жұмыстарына Көлік және коммуникация министрлігі, Кеден қызметі агенттігі, Ішкі істер министрлігі, шекара қызметтері қатысады.

Көші-қон құжаты тегін беріледі. Ол үш тілде жазылған. Мұндай құжат визасыз елдердің заматтарына беріледі.

Алексей Сергеевтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін шекараны кесіп өтушілердің есебі жасалмаған, өйткені, шекараны кесіп өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің азаматтарының төлқұжаттарына бұрын белгі қойылмаған.
XS
SM
MD
LG