Accessibility links

Қайрат Келімбетов:«Үкімет эхалықтың нақты кіріс көлемін арттыруды көздейді»

  • Досан БАЙМОЛДА

Қайрат Келімбетов:«Үкімет экономикалық даму қарқынын одан бетер үдетіп, халықтың нақты кіріс көлемін арттыруды көздейді»

24-маусымда Астанада өткен үкімет отырысында Қазақстанның экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов алдағы уақыттағы жаңа үкімет алдында тұрған мақсат туралы айтқан кезінде ең алдымен осындай мәлімдеме жасады.

Министр жаңа үкіметтің алға қойған бағдарламасы туралы баяндаманы таныстыра келе бағдарламаның таяу уақыттарда парламенттің талқысына ұсынылғалы отырғандығын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2003-2006-жылдарда жалпы ішкі өнімнің жылдық орташа нақты өсімін 7-7,5 процент көлемінде , жылдық орташа инфляция өсімін 4,5-5,5 процент, өнеркәсіп өнімінің жылдық орташа өсімін 9-9,5 процент деңгейіне жеткізу болжанып отыр. Сондай-ақ, үкімет, кірісі күнкөріс деңгейіне де жетпейтін, тақыр кедейлердің үлес санын 20 процентке кемітуді көздеп отыр. Сонымен бірге, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мөлшерін арттыру жұмыстары да жалғасын таппақ.

Үкімет 2003-жылы ауылды дамыту және шағын қалаларды өркендету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды қабылдамақшы. Бұл бағдарламалар бірінші кезекте осы аймақтардағы кедейлікті азайтуға бағытталады ,- деді Қ.Келімбетов.

"Жаңа құрамдағы үкімет еліміз экономикасындағы өсу одан әрі жалғаса түскен кезеңде жұмысқа кірісті, сондықтан жаңа үкімет бар күш-жігерін бұдан да жоғары даму деңгейіне қол жеткізуге жұмсауы керек",- деді ол. Қ.Келімбетовтың айтуынша, үкімет әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты қағидаларының сабақтастығын дәлелдей отырып, соңғы бір жарым жылда қабылданған бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруды одан әрі жалғастырмақ. Атап айтсақ, үкімет алдағы үш жылда Қазақ президенті бекіткен стратегиялық бағдарламаларды, соның ішінде азық-түлік бағдарламасы, индустриялық-инновациялық даму стратегиясы , кедейлікті азайту бағдарламасы, Каспий теңізінің Қазақстандық секторын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруды жолға қояды,- деп мәлімдеді Қ.Келімбетов.

" Үкімет қоғамдық-саяси тұрақтылық негізінде халықтың тұрмыстық деңгейін арттыру, әлеуметтік-экономикалық дамуда қазір қалыптасып отырған тұрақтылықты сақтау, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуды басты мақсат ретінде ұстайды"- деді ол.

Қ.Келімбетовтың айтуынша, 2003-2006-жылғы үкімет жұмысының басым бағыттары ретінде мыналар таңдалды: экономикалық өсу тепе-теңдігін сақтау негізінде аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі айырмашылықтарды азайту, мемлекеттік агроазық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамсыз ету және ауылдағы тұрмыстық ахуалды сапалық жоғары деңгейге көтеру, индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру, білім беру, халықтың кәсіптік білім деңгейін көтеру және ғылым саласын дамытудың қазіргі заманғы әрі тиімді жүйесін қалыптастыру. Сондай-ақ, үкімет шағын және орта бизнесті дамыту , халықтың әлеуметтік және зейнетақы қамтамасыздығы жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық жалақысын арттыруды қамтамасыз ететін тиімді шараларды қолдануды межелеп отыр.

Иран мен Қазақстан арасында Иранға шығарылатын Қазақстан мұнайының көлемін тәулігіне 20-дан 100 мың баррельге дейін жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізілуде

Иран мен Қазақстан арасында Иранға шығарылатын Қазақстан мұнайының көлемін тәулігіне 20-дан 100 мың баррельге дейін жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы 24-маусымда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Муртазо Саффори мәлімдеді.

"Қазақстан мен Иран арасындағы мұнай алмасу 2002-жылдың қаңтарынан басталған. Қазір Иранға күн сайын 20 мың баррель мұнай жеткізілуде. Қазақстан мұнайы Ақтау теңіз айлағы арқылы Иранның Амирабад теңіз айлағына танкерлермен жеткізілуде",- деді М.Саффори. Елшінің мәліметіне жүгінсек, мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы ОПЕК-тің мүшесі болып табылатын Иран жылына 3,5 млн. баррель мұнай өндіреді. Оның 1 млн. баррелі Иран Ислам Республикасының ішкі тұтынымына жұмсалса, 2,5 млн. баррелі экспортқа шығарылады.

“ҚазақМұнайГаз Ұлттық Компаниясы” мен "ЛУКОЙЛ Оверсиз Холдинг ЛТД" Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі жаңа мұнай алаңдары бойынша келісімге қол қойды

"ҚазақМұнайГаз" ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті Тимур Құлыбаев пен "ЛУКОЙЛ Оверсиз Холдинг ЛТД" компаниясының президенті Андрей Кузяев "Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігінде көмірсутегі шикізатын өндіру және барлау бойынша ынтымақтастық принциптері жөніндегі келісімге" қол қойды. Бұл туралы 26 маусым күні "ҚазақМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен "ЛУКОЙЛ" компаниясы бірлесіп таратқан баспасөз мәлімдемесінен мәлім болды.

Келісім жобасы "ҚазақМұнайГаз" ЖАҚ мен "ЛУКОЙЛ" ААҚ арасында 2003-жылдың 10-ақпанында Алматыда қол қойылған "Каспий теңізінің Ресейлік және Қазақстандық бөлігінде көмірсутегі шикізатын өндіру және барлау бойынша өзара ынтымақтастық саласындағы түсіністік жөніндегі Меморандумға" негіздей отырып әзірленді.

Теңіздің екі мемлекетке қарасты аумақтық шельфтеріндегі болашағынан үміт күттірген аймақтар өзара ынтымақтастыққа арқау етіп таңдалды. "ҚазақМұнайГаз" мен "ЛУКОЙЛ" өз қарамақтарындағы геологиялық ақпараттармен бөлісіп, аталмыш аймақтарда дербес бағалау жүргізді. Келісімге қол қойылғаннан кейін екі жақ "Түпқараған" және "Қазақстан" аймақтарының техника-экономикалық талдамасын жасайды. Онда бірінші кезекте қазірге дейін жинақталған геологиялық ақпараттарға бірлескен геологиялық-техникалық баға беріліп, жобаның қоршаған ортаға техногендік әсері айқындалып, техника-экономикалық негіздемесі жасалады. Осындай жұмыстардың қорытындысында Қазақстан заңдарына сәйкес бірлескен кәсіпорын құрылады, оған жобаның операторы әрі ұлттық жер қойнауын тұтынушы деген мәртебе беріледі.

Бұдан кейін аймақтарда қос өлшемді сейсмикалық зерттеулер жүргізуге және барлау мақсатындағы екі ұңғыны бұрғылауға бағытталған жұмыс бағдарламасының жобасы жасалады. Барлау кезеңіндегі жалпы шығын көлемі 90 млн. долларды құрамақ. Тараптардың келісіміне сәйкес жұмыстардың геологиялық барлау сатысын "ЛУКОЙЛ Оверсиз" қаржыландырады.
XS
SM
MD
LG