Accessibility links

Реформа бiр күнде жасалмайды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Жер кодексi қабылданды. Құжат ауыл шаруашылығын дамытуда қандай орын алады. Көпшiлiк көкейiнде тұрғаны да осы сұрақ. Бұл орайда Қазақстан Парламентi Сенатының депутаты Әбiш Кекiлбай, жер кодексiнен туындайтын ауыл шаруашылығы саласындағы реформаға қатысты өз пiкiрiмен бөлiскен едi.

Алдағы жылдар ауылға арналды. Ендi жер кодексiнiң қабылдануы, ауыл шаруашылығында тың өзгерiстер күтуге қаншалықты ықпал етер екен деген ой көпшiлiктi мазалап отыр.

Парламент Мәжiлiсi жер кодексiн жетi айдай уақыт талқылады. Сенаттың еншiсiне бұл бұйырған жоқ. Өздерiңiзге белгiлi, кодекс жобасынан шыққан келiспеушiлiк үкiметке сенiм бiлдiрумен аяқталған едi. Дегенмен, сенат депутаттары жер кодексiне қатысты өз пiкiрлерiн айтып жүр. Сенат депутаты Әбiш Кекiлбай, нарыққа байыппен, халықты оған дайындап барып әкелу керек деген ойын айтты:

Реформа бiр күнде жасалатын нәрсе емес. Халықтың көп бөлiгi ауылда тұрады. Және олар нарыққа әлi түсiнiп болған жоқ. Қажет десеңiз, Қазақстан соңғы жылдары алған мол астығын әлi дұрыстап базарға сатып үлгере алмай жатыр. Ал, бiз дихандарға ертеңнен бастап нарықпен өмiр сүр деп жатырмыз. Сондықтан бiз осыған бiр мүмкiндiк берейiк. Мәселен, мысалы, жердi берейiк шаруаға, бiрақ он жылдық үкiметтiк арнайы бағдарлама жасайық. Шаруаның бейiмделу қабiлетiн ескерейiк. Мысалы, жылына бес пайыздан жердiң ақысын төлеп тұратын болсын. Одан кейiнгi жылдары он пайызын төлеп тұратын болсын. Қалған бес жылында он екi пайызын төлеп тұратын болсын. Сонда шаруаның мұршасы болар едi, иеленiп отырған жерiн ақыр аяғына дейiн иемденiп қалуға.

Жерден айырылмаймын деп жүрiп, он жылдың iшiнде деп жүрiп шын мәнiнде аграрлық бизнесмен болып шығар едi. Бiз осы жағын ескеруiмiз керек едi. Осыған асықтық. Екiге бөлiндiк те кеттiк. Бiреумiз жер сатылмайды дедiк. Ол өтiрiк, жер сатылады, түбiнде бәрiбiр.

Ауылда тұрған басым көпшiлiктiң қолында жер қалатындай етiп жағдаймен жасау керек едi, оны бiздiң саяси күштерiмiз iри-тiрей қылып жiбердi. Сондықтан, заңды сенатқа дейiн жеткiзгенде ұсыныстар айтылар едi.

Бiз қазiр үкiметке де халыққа да айтатын ұсынысымызды айта алмай қалып отырмыз.

Депутат Әбiш Кекiлбай, мамырдың он тоғызында парламентте үкiметке сенiм бiлдiру мәселесi қаралғанда қарсы дауыс беру себебiн де осы жағдаймен байланысты болды дейдi.

Менiң жеке басымның ырза болмай өткенде үкiметке қарсы дауыс бергенiм сондықтан, әйтпесе, мен үкiметтiң қызметiн жоққа шығармаймын. Бiр жылдың iшiнде кiмнiң үкiметi болса да бiтiрiп тастаған жоқ. Тасмағамбетов те бiтiре алған жоқ. Бiрақ Тасмағамбетовтiң iстеген жақсы iстерi бар. Әлеуметтiк саясаттағы қызметiн мен толық мойындаймын. Мәдениет саласын Тасмағамбетовтей атқаратын кiсi табу қиын. Индустрия, агросектордың бағдарламалары туралы бұған дейiн нақты жұмыс жасаған үкiмет жоқ. Ол жасады. Онысын жоққа шығармау керек. Ал, бiрақ, менiң негiзгi қарсылығым, осы заңды ұйқы-тұйқы қылмай, байыппен талқылауды ұйымдастыру керек едi.

Әбiш Кекiлбай, жер кодексiне байланысты референдум өткiзу жөнiнде айтылып жүрген ұсынысты қолдамайтындығын бiлдiрдi.

Осы жоба бүкiлхалықтық талқылауға ұсынылған кезде айту керек едi. Оны айтудың орынына ең соңғы талқылаудың кезiнде атсайыс жасап жiбердi. Бұл дұрыс емес.

Бiз депутаттың билiк пен бизнестiң ұласуына қатысты бiр жиында айтқан сөзiне байланысты да пiкiрiн сұраған едiк.

Бұл мәселе барлық капиталистiк елдерде бар. Американың өзi сол мәселемен осы кезге дейiн күресiп жатыр. Американың конституциясында әрбiр үкiметтiң алмасуы, негiзiнде осы атқарушы орынға бизнестiң араласып кетпеу мәселесiн сақтайды. Сондықтан бiзде де солай iстеу керек. Нарық экономикасына кiрiскен кезiмiзде кез-келген азаматымыз нарықтан хабарсыз болды. Реформаға жүре келе түсiнiп жатырмыз. Әлi түгел түсiнiп болған жоқпыз. Ал, түсiнiп келген кейбiр азаматтарды кезiнде билiк орынына араластыру тұсында керек болды. Реформаны iлгерi сүйреу үшiн. Ендi халықтың басым көпшiлiгi түсiнiп болған кезде бiзде өркениеттi нарық болуы керек. Өркенниеттi нарықта үкiмет бизнестен тысқары тұрған адамдар болуы керек.Нарықпен шұғылданатын адамдар өзiнiң нарығымен шұғылдануы қажет. Олар егер үкiметте, парламентте өзiнiң сөзiн жүргiзетiн болса, оны тек заң арқылы жүргiзуi керек. Ол үшiн өздерiнiң саяси партиясын құруы керек. Депутаттарын сайлауы керек.

Ол депутаттар өздерiнiң ар жағында тұрған әлеуметтiк тiрегiнiң сөзiн сөйлеуi керек. Сөйтiп заң арқылы өтсiн де заң бойынша жұмыс жасасын,-дедi Әбiш Кекiлбай.

Ауыл шаруашылығын көркейтуге жер реформасының үлесi қандай боларын әрине, алдағы уақыт көрсетпек.
XS
SM
MD
LG