Accessibility links

Сот шешiмi “Вести Павлодара” газетiн жабылуға мәжбүр етiп отыр


Павлодар қаласында орыс тiлiнде жарық көретiн “Вести Павлодара” газетiнiң ұжымы республиканың баспасөз күнi қарсаңында өз оқырмандарын басылымның соңғы саны шығып тұрғанынан хабардар еттi.

Газеттiң үстiнен ар-намыс пен iскерлiк абыройға нұқсан тигiздi деген айыппен, Павлодар қалалық iшкi iстер басқармасынан берiлген талап арызды қараған Павлодар облыстық соты осы аптада арыз иесiн қанағаттандырып, жергiлiктi басылымға жарты млн. теңге айыппұл салу туралы шешiм шығарған едi.

Павлодар қалалық iшкi iстер басқармасы жергiлiктi газеттi осыдан бiр жылдай уақыт бұрын жарық көрген мақала үшiн айыптап, сотқа бердi. Ол мақалада полиция бөлiмiнде үш бiрдей полиция сақшылары “Ирбис” телеарнасының тiлшiсi Қанат Түсiпбековтi ұстап, соққыға жыққаны жазылған едi. Бiрақ, бұл iс бойынша жүргiзiлген сот процесiнде Қанат Түсiпбековтiң өзi әлгi үш адамды ұрып-соққан деп танылып, 2002 жылы маусым айында ол бұзақылық жасаған деген айыппен, сот үкiмi бойынша 2 жыл мерзiмге бас бостандығынан айырылған болатын.

Ал ендi облыстық соттың бұл жолғы шығарған шешiмi iс жүзiнде газеттi бiржолата жабылуға мәжбүр етедi. Себебi, “Вести Павлодара” газетiне бұған дейiн де сот арқылы дәл осы мазмұндас айып тағылып, айыппұл төлеуге шешiм шығарылған болатын. Мұның алдында газет үстiнен сотқа шағымданған Қазақстан Парламентi мәжiлiсiнiң депутаты Василий Максимонько сот шешiмiне сәйкес “Павлодарские вести” газетiнен өз пайдасына 3 млн. теңге өндiрiп алуға қол жеткiзген едi.

“Билiк бiзде ондай көлемдегi ақшаның жоқ екендiгiн бiле тұра, сот арқылы млн-даған теңгенiң айыппұлын салумен газеттiң үнiн өшiрмекшi, деп жазады маусымның 27-сi күнi жарық көрген санында редакция ұжымы.

Бiз өз газетiмiзде басқа бұқаралық ақпарат құралдары айтуға қорқатын жайттарды жазып, жеткiзiп отырдық. Соның арқасында Павлодар жұртшылығы билiктiң бұрынғы облыс әкiмi Ғалымжан Жақияновты не үшiн соттап жатқанын, қазақстандық жоғары лауазымды шенеунiктерге миллиондаған пара берiлгенi турасында американ сотында қаралып жатқан қылмыстық iс - “Қазақгейт” жөнiнде, облыс әкiмi Даниал Ахметовтың арқасында облыста меншiк қайтадан бөлiске түсiп, жүздеген адамның жұмыссыз қалғаны, Парламент мәжiлiсiне депутат сайлауы кезiнде билiктiң қолдауымен, заңның өрескел бұрмаланғаны, адамдарды қалайша қорлап, ар-намысын аяққа таптағаны туралы ақпараттармен таныс болды” деп жазылған.
XS
SM
MD
LG