Accessibility links

Жер жөнінде референдум өткізу туралы бастамашыл топты тіркеуден бас тартты


ҚР Орталық сайлау комиссиясының жер жөнінде референдум өткізу туралы бастамашыл топты тіркеуден бас тартуына байланысты, бұдан арғы осы бағыттағы іс- әрекеттерін пысықтау үшін аталған топ өкілдері дүйсенбі күні Алматыда бас қосты.

ҚР-ның Орталық сайлау комиссиясы жер жөнінде референдум өткізу туралы бастамашыл топты тіркеуден бас тартты. Өйткені, Орталық сайлау комиссиясы жүргізген тексерулер нәтижесінде бастамашыл топтың «Республикалық референдум туралы» заңды бұзғандығы анықталған көрінеді. Осыған орай, жер жөнінде референдум өткізу туралы қоғамдық комитет өкілдері, дүйсенбі күні Алматыдағы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің ғимаратында бас қосып, бұдан арғы осы бағытта жүзеге асыратын әрекеттерін пысықтады.

Жалпы, кезекті референдум шарасы төңірегінде қалыптасқан жағдайға қатысты жер жөнінде референдум өткізу туралы қоғамдық комитет төрағасы Балташ Тұрсынбаев: «Орталық сайлау комиссиясының бізге жіберген жауап-құжаттарын алдық. Онда олар бізге жер туралы референдум өткізу бойынша бастамашыл топтың жиналысында Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген өкілдердің тиісті санын жинай алмағансыңдар, олардың көпшілігі жиналысқа не үшін келгенін, қандай құжатқа қол қойып жатқандығын да білмеген, мәнісін түсінбеген дегенді баяндай келе, референдумның тіркелмейтіндігін жеткізіпті.

Менің пікірім, 1995- жылы Президентке жаңа конституция керек болғанда, референдум өтті. Сондай-ақ, Президенттің билік басында отыру мерзімін созу үшін де, қажет кезінде референдум өткізілді. Ал енді, жұртшылық болып қол жинап, әкімдерді сайлау немесе жер жөнінде референдум өткізуге талпыныс жасалса, ол міндетті түрде заңға қайшы боп табылады. Қазақстандық биліктің бұл аурудан қашан арылатыны белгісіз»,-дейді.

Ал аталмыш ынталы топ Алматы қалалық бөлімшесінің төрайымы Маржан Аспандиярованың пікірінше, референдум өткізу туралы Алматыда өткен жиналыстың ұйымдастырушылары, онда заңға қайшы келуі мүмкін деген бар жағдайларды алдын- ала жан- жақты қарастыруға тырысқан. Жиналысқа қатысу үшін әр аймақтан келген азаматтар, біріншіден, міндетті түрде өз жеке басын растайтын құжаттарын көрсетуі тиіс болған. Содан соң ұйымдастырушылар, ол құжаттардың тіркеу нөмірлерін жазып алыпты.

Сонымен қатар, ол адам , мен осы жиналысқа келіп, қатыстым дегенді растайтын тіркеу кітапшасына, ал жиналыс соңында, онда қабылданған қарарға қол қойған. «Осыдан соң бұл жиналысты өткізуде заңсыздықтар орын алды, оған қатысқандар қандай құжатқа қол қойғанын білмеген, түсінбеген деп айтудың өзі үлкен әбестік болса керек»,- дейді Маржан Аспандиярова. Сондай- ақ, жер жөнінде референдум өткізу туралы бастамашы топ өкілдері орын алып отырған кедергілерге қарамастан, біз осы бағыттағы жұмысымызды одан әрі де жалғастыратын боламыз дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG