Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясы жер мәселесіне байланысты референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты тіркеуден бас тартты


Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы елде жерге жеке меншік енгізу мәселесіне байланысты референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады.

Оның себебін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева радиомыздың тілшісіне берген жауабында былай деп түсіндірді:

- Бастамашы топ тіркеуден өту үшін заңға сәйкес әр облыстан 30 адамнан міндетті түрде осы топты құру жиынына қатысуы керек болатын. Ал жиынға бес аймақтан қатысқандар саны одан кем болған. Сол себептен тіркеуден өткізбедік.

Қазақстанда жерге жеке меншік енгізуге байланысты республикалық референдум өткізуді көздейтін бастамашыл топ Орталық сайлау комиссиясына тіркеу жөніндегі өтінішті маусымның 18-і күні тапсырған болатын. Бұл өтініште бастамашыл топ «Қазіргі кезде Қазақстан халқына ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншік енгізуді көздейтін заңнамалық акт қажет пе?» деген сауалды республикалық референдумға шығаруды мақсат тұтып отырғаны жазылған. Орталық сайлау комиссиясының өтініш иелеріне берген жауабында референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты құру жиынында Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды мен Жамбыл облыстарынан қатысқан өкілдердің саны жеткіліксіз болғандықтан бұл құжат заң талаптарына сәйкес келмейді деп танылып, бастамашыл топ тіркеуге алынбайтындығы айтылған. Ал, бастамашыл топ мүшесі, республика парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің пікірі өзгеше:

- Мәселе осымен бітті деп айтуға әлі ерте. Оның себептерін әлі ешкім ашып айтқан жоқ. Әйткенмен, осы референдумды өткізбеу үшін әдейі жасалып отырған іс қой. Сол себептен жұмысты жалғастыратын боламыз.

Жер мәселесіне байланысты құрылған бастамашыл топ дүйсенбі күні түстен кейін Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG