Accessibility links

"Үкімет жыл сайын ауысады, бірақ жыл сайынғы айтатындары бір" дейді Серікболсын Әбділдин

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Бас министр қызметіне келгеннен кейін, екі жұма өткен соң Даниял Ахметов өзі басшылық ететін Үкіметтің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын жариялады.


Үкімет жетекшісі негізінде Президенттің 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы бағытында жұмыс істейтіндігін жасырмады. Ол және 2010 жылға дейінгі даму бағдарламасы негізінде, Қазақстан Президентінің биылғы жылғы Жолдауына баса назар аударатындығын айтты. Бас министрдің ұсынған бағдарламасында көрсетілгендей, алдағы үш жылда жылдық ішкі өнімнің орташа өсімі жеті, жеті жарым пайыз болады делінген.

Ал 2015 жылға қарай жалпы ішкі өнім үш есеге өсетіндігі айтылған. Үкімет жетекшісінің баяндамасына сенсек, үстіміздегі жылдың аяғында күнкөрісі төмен тұрғындардың саны 20 пайызға дейін азаймақ. Сондай-ақ былтырғы жылмен салыстырғанда, өнеркәсіп өндірісі жоғары қарқынмен дамитын болады дейді. Премьер-министр Даниял Ахметов әсіресе, елдің экологиялық, әлеуметтік жағына ерекше мән беретіндігін де ескертті.

Бірақ Үкімет басшысының баяндамасына байланысты мәселе көтерген депутаттардың көпшілігі Үкіметтің алдарына қойған жоспарларын сәтті орындайтындарына сенімсіздік білдірді. Себебі Үкімет басшылары жиі ауысады. Артынан креслоларын ауыстырған шенеуніктер депутаттардың сауалдарын бір-біріне сілтеп отырады. Сонымен қатар кейбір депутаттар аталған бағдарламада көптеген көкейтесті мәселелер айтылмай қалды деп отыр.

Мәселен, депутат Ерғали Сармановтың айтуынша, ауылды жерлерде түпкілікті жөндеуді қажет ететін 1 674 мектеп бар, 22 563 оқушының оқитын мектебі жоқ. Үкімет ұсынып отырған салалық бағдарламасында бұл мәселелерді қаржыландыру жоспарланбаған,– дейді. .Бұған Бас министр Даниял Ахметов келер жылдың бюджетін қарағанда бұл мәселеге көңіл бөлеміз деген қысқаша жауап қайырды.

Ал Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, жыл сайын Үкімет ауысады. Жыл сайынғы Үкіметтің айтатын сөзі біреу. Ешқандай жаңалықты мен көре алмай отырмын. Оның үстіне бағдарлама деген әдетте бір жылдық болады, үш жылдық болады және бес жылдық болады. Ал мына Үкімет төрт жылдың бағдарламасын әкеп отыр. Оны да олар түсініп жасады ма, түсінбей жасады ма, менің күмәнім көп дейді, Серікболсын Әбділдин.

Бас министрдің ұсынған бағдарламасына байланысты мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасын елде адам құқының аяққа тапталу мәселесі, сөз бостандығына шектеу қою одан сайын зорыға түседі ма деген қаупін жасырмайды. Өйткені, Үкімет басшысына жасаған мәлімдемесінде Төлен Тоқтасын мына жағдайларды атап көрсетті: Үкімет басшысы ұсынған бағдарламада жаңа бап көрсетілген. Ол қоғамдағы саяси жағдайға байланысты.

Тыныштықты сақтау үшін, қоғамды дүрліктірмейтіндей жағдай тудыруымыз керек деген сөздер айтылған. Мұны қалай түсіну керек. Ертең бұл айтылған сөздер, журналистерді соғып, олардың үстерінен іс қозғап, оппозициялық газеттерді жабуға тырысып, болмаса жақында ғана болған оқиға Балташ Тұрсынбаевтың жеке көлігін жағып кеткені секілді оқиғалар қайталанып жүрмей ме, дейді депутат Төлен Тоқтасын.

Даниял Ахметов ұсынған Үкіметтің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасы Парламентте талқылау барысында, депутаттардың басым дауысымен қолдауға ие болды.
XS
SM
MD
LG