Accessibility links

Қазақстан оппозициясының кейбір өкілдері шетелге шыға алмай отыр


Бірінші шілде күні Қазақстанның Республикалық халық партиясының атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосанов пен «СолДат» газетінің бұрынғы жетекшісі Ермұрат Бапи журналистермен кездесті.

Онда олар Қазақстан үкіметі оппозиция өкілдерін Еуропарламентің 3-ші шілде күні Страсбург қаласында өтетін отырысына жібергісі келмей отырғанын жариялады. Алматы қаржы полициясының департаменті Ермұрат Бапиға қатысты екі қылмыстық істің тергеуін аяқтап қалған. Қаржы полициясы Ермұрат Бапиге салық төлеуден жалтарды деген айып таққан болатын.

«СолДат» газетінің бұрыңғы жетекшісі Ермұрат Бапи: - Мені «СолДат» газетінің редакторы ретінде Страсбург қаласына, Еуропарламенттің кезекті отырысына шақырған болатын. Осыған байланысты, қазір менің үстімнен тергеу жүргізіп жатқан Алматы қалалық қаржы полициясына өтініш жаздым. Бұдан бұрын қаржы полициясы болса «маған қаладан шығуға болмайды» деген қаулы қабылдаған болатын. Маған 10 күнге рұхсат беріңіздер деп өтініш білдірген едім. Бірақта маған кеше, сізге қаладан шығуға болмайды деген қаулы ұстатты. Мен ешқандай қауіпті адам емеспін, мен тек саяси тұрғыда қазіргі билікке қауіптімін.

Бұл орайда біз Алматы қаржы полициясының департамент қызметкерлерінің көзқарасын, қаржы полициясы мамандарының пікірін білуге тырыстық. Алайда Алматы қаржы полициясы департаментінің 5 бөліміне телефон шалғанымызбен, нақты жауап ала алмадық. Бөлім қызметкерлері бір-біріне сілтеп, нақты жауап берген жоқ.

Республикалық халық партиясының атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосановтың айтуынша, таяау күндері оған полиция тарапынан салық төлемегендігі және жалған құжаттарды пайдаланғандығы үшін ресми айыптау жасалмақ. Әміржан Қосановтың мәлімдеуінше, оған 5 жыл салық төлеуден бас тартты деген айып тағылып отыр, ол бұл айыппен еш келісіп отырған жоқ.

Әміржан Қосанов: - Ермұрат Бапи мен маған байланысты қылмыстық істердің қарқындап кетуі, қаржы полициясы қызметкерлерінің тым қауырт қылмылдауы,барлық қағаздарды, шешімдерді, тергеу іс-шараларын жеделдетуінің, кем дегенде, үш себебі бар.Оның бірінші себебі, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев бастаған саяси режим өзінің жағдайының шатқаяқтап кеткенін сезінеді. Тек ішкі емес, сыртқы факторлары көбейіп кеткендіктен, елдегі оппозицияны жермен жексен еткісі келіп отыр. Егер режим күшті болса, өзіне сенсе, оппозицияға деген көзқарас басқаша болар еді. Қазіргі таңда Қазақстанның ішкі жағдайына сыртта жүріп жатқан «Қазақгейт» әсер етіп отыр. 23-ші маусым күні басталған соттың қарсаңында «СолДат» газетінің жабылуы, сот қарсаңында оппозициялық Республикалық халық партиясының өкілдеріне қылмыстық іс қозғалуы осы "Қазақгейтке" байланысты деп ойлаймын.

Әміржан Қосанов пен Ермұрат Бапи Еуропарламенттің отырысына өздері бармаса да, бұл отырысқа шетелде жүрген кейбір оппозиционерлер қатысады дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG