Accessibility links

Бәйдiбек би ауданынан келген аналар Үкiмет басшысының қабылдауында болды.


2000 жылдың басынан берi Астанаға келудi жиiлеткен, Оңтүстiк Қазақстан облысының Бәйдiбек би ауданындағы көп балалы аналардың өкiлдерi маусымның 30-ы күнi кешке қарай Үкiмет басшысы Даниял Ахметовтың қабылдауында болды.

1996 жылдан төленбей келген жәрдемақыларын өндiртiп алуға жан сала кiрiскен олар оқта-текте Астанаға келiп, бос сергелдеңмен күн өткiзiп қайтатын. Бұл жол Бас минситрдiң кеңсесiнен бiр-ақ шыққандарына өздерi де таңданыс бiлдiрдi. Бұған, бiр есептен, Парламент депутаттары Серiк Әбдiрахманов пен Валериян Земляновтың көмегi тисе, екiншiден, Әдiлет қоғамының ОҚ облысы бөлiмшесiнiң жетекшiсi Нәрипа Асанованың өртенiп өлетiнi туралы билiк орындарына алдын ала ескерту жiбергенi де себеп болғанға ұқсайды.

Олар Үкiмет басшысының алдына бiрнеше талап қойған. Бiрiншi талап - Әдiлет қоғамдық ұйымының төрайымы Ұлмекен Сайыдованың мәселесi. Кезiнде Бәйдiбек би ауданындағы көп балалы аналардың жоғын жоқтамақ болған Сайыдованың сотсыз, тергеусiз абақтыға қамалып шыққаны мәлiм. Нәрипа Асанованың айтуынша, бүгiнде жарымжан болып қалған оны тергеу орындары екi жылдан берi Шымкенттен шығармай ұстап отыр. Екiншi талаптары—1996 жылдан берi көп балалы аналарға төленбеген жәрдемақыны қайтартып, кiнәлi шенеунiктердi жауапқа тартқызу.

Нәрипа Асанова «Астанадағы жоғарғы билiк органдары iстiң мән-жайын жақсы бiледi. Бiрақ көп балалы аналардың мұң-зарына құлақ асқысы келмейдi. Басқасын айтпағанда, мемлекет басшысының атына жазылған арыз-шағымдар мен құжат-дәлелдерiмiздiң өзi әлдеқашан сарғайып кеткен болар. Шыдам таусылды. Шілденің 14-iне дейiн Үкiметтен бiр қайран болмаса, өзiмдi өзiм өртеу акциясын жасаймын» дейдi.
XS
SM
MD
LG