Accessibility links

“Жер Кодексі” жөнінде Қазақстан халықтарының пікірі


Қазақстан Президенті Жер Кодексіне 20-шы маусым күні қол қойғаннан кейін, 26-шы маусым күні бұл заң ресми баспасөзге жарияланды.

Құжаттың негізгі ережесі- ауыл шаруашылығы жерлеріне жекеменшіктік енгізу болып табылады. Алайда жерді жекеменшікке шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ала алмайды. Қазақстан қоғамында бұл заңға байланысты түрлі пікір қалыптасқаны белгілі. Бұл орайда біз көп ұлтты Қазақстан халықтарының пікірін білуге тырыстық.

Бейресми түрде Қазақстанда мекендейтін курд халқының саны 80 мыңнан асады деген, курдттер қауымдастығының жетекшісі Нәдір Нәдіров Қазақстан қоғамында дау көтеріп үлгерген,Жер Кодексі жөнінде нақты білмейтін болып шықты.

Қазақстандағы курдтер қауымдастығының жетекшісі Нәдір Нәдіров: - Мен заңды әлі оқыған жоқпын. Менің өз жеке басымның пікірі -жер жұмыс істеу керек, жер халыққа, мемлекетке пайда тигізуі керек. Егер жұмыс жасамаса, халыққа пайда тигізбесе, мемлекетке пайда бермесе ол жердің керегі не? Кейбіреулер жерге рұхсат алады, бірақ жерді пайдаланбайды, қажетті құралым жоқ дейді, ол дұрыс емес. Осы күнге дейін жалға берді, енді жаңа заңды мен әлі оқыған жоқпын, бір-екі күн бұрын шықты ғой газетке.

Танымал жазушы, белгілі қоғам қайраткері, неміс ұлтының өкілі Герольд Бельгер Қазақстан мемлекетінде жерді жекеменшікке беру әлі ерте деген ойын жеткізді.

Герольд Бельгер, жазушы: - Менің түсінігімде , жер сату деген мүлдем ақылға қонбайтын дүние. Ол сатылса, түбінде 50 жылдан кейін, немесе 70-80 жылдан кейін сатылуға болатын шығар. Жер шарын аралап жүрген қазақтардың барлығы Қазақстанға оралмай, жер сату мәселесін қоюға болмайтын сияқты болып көрінеді. Жалпы жер сату қазақты біржолата құрту деп ұғамын .

Жерге жекеменшік енгізуге қарсылық білдірген қазақстандықтар, жер мәселесі жөнінде референдум өткізу туралы ұсыныс жасаған ынталы топты қолдаған. Ынталы топ өз ұсынысын ресми түрде Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жеткізді, қажетті құжаттарын тапсырды. Алайда 30-шы маусым күні Орталық сайлау комиссия ынталы топты тіркеуден өткізбегенін хабарлады. Белгілі қоғам қайраткері Герольд Бельгер референдум өтсе де, өтпесе де оның нәтижесі қалай болатыны белгілі деген ойда, сол себептен жазушының ойынша, референдумның қажеті де жоқ.

Герольд Бельгер, жазушы: - Бір жағынан қымбат болу керек, екінші жағынан біздің жағдайымыз бәрібір алдамшы дүние. Бәрібір күні бұрын референдумның қортындысын айтуға болады. 87 процент халық жер сатылсын деп шығады. Себебі халықтың пікірін ешкім тыңдап отырған жоқ, олар қалай сайласа да, қалай дауыс берсе де референдумның қорытындысы белгілі. Халықтың 87-88 проценті жерге жекеменшік енгізуді қолдап отыр деген қорытынды болады. Бірақ халықты ояту , халықтың санасын ояту үшін реферундумның қажеті болуы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы жерлеріне жекеменшік енгізілсе, жергілікті қарапайым халықпен қатар, Қазақстандағы шешен халқы да қиналады дейді Шешенстанның Қазақстандағы өкілі Аманшы Гунашев.

Шешенстанның Қазақстандағы өкілі Аманшы Гунашев: - Жер мәселесі өте күрделі мәселе ғой. Жер үшін дау, соғыс шығатын . Менің пікірімше, бүгін жерді жекеменшікке беруге, сатуға халық дайын емес. Сол себептен жер мемлекеттің меншігінде болу керек. Қысқаша айтқанда жерді сату жақсылыққа әкелмейді.

Сонымен қатар Аманшы Гунашев не себептен Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы референдум өткізуге рұхсат бермегенін білмейді, бірақ референдум өткенін қалап отыр.

Шешенстанның Қазақстандағы өкілі Аманшы Гунашев: - Референдум өткізу үшін қанша адамның қолы болу керектігін білмеймін, бірақ халықтың пікірін білу үшін референдум болу керек деп ойлаймын Себебі жер деген күрделі мәселе.

Аманшы Гунашевтың жерге жекеменшік енгізуге болмайды деген пікіріне Қарашай-Малқар ұлттық мәдени орталығынын мүшесі Әзірет Әлі Борлақов келіспейтінін білдірді.

Қарашай-Малқар ұлттық мәдени орталығынын мүшесі Әзірет Әлі Борлақов:

- Жер жекеменшік болмай, оның иегері болмайды. Иегері болмай-жер болмайды. Жердің иегері болса, жерден пайда алуға болады.

Түркмен ұлтының өкілі Шихдүрды Орадов жер мәселесі жөнінде көп білмесе де, жерге жекеменшік енгізуге болмайды деген пікірде екенін айтты.

Түркмен ұлтының өкілі Шихдүрды Орадов: - Экономист болмасам да, жерді сатуға болмайтынын білемін. Себебі ақшасы жетпегендердің жерін байлар сатып алады. Менің ойым, жерді сатуға болмайды.

Қазақстандығы ұйғыр қауымдастығының жетекшісі Хахраман Қожамберді жер мәселесі төңірегінде қалыптасқан жағдай жөнінде бейхабар екен.

Қазақстандығы ұйғыр қауымдастығының жетекшісі Хахраман Қожамберді: - Мен маман емеспін, шын мәнінде білмеймін, білсем өз ойымды айтар едім.

Қазақстандағы түрік мәдени орталығының мүшесі, Мустафа Әкіфов ауыл шаруашылығы жерлеріне жекеменшік енгізудің керегі жоқ деген ойда.

Қазақстандағы түрік мәдени орталығының мүшесі Мустафа Әкіфов: - Мен жерді сатуға қарсымын.Себебі бүгін көптеген азамат жерді алып алды. Кейбіреулерінде 20-30 сотық жер бар , бірақ олардың балалары бар, немерелері бар, оларға жете ме, олар осыны ойлайды. Бала-шаға үйлену үшін, үй салу үшін жер керек, ал сатып алуға олардың мүмкіндігі болмайды. Сол себептен бұл өте күрделі мәселе.

Бұл Қазақстанды мекендейтін түрлі ұлыс өкілдерінің пікірі, олар өз ойларын ортаға салуға дайын, бірақ халық пікірімен санасып отырған мемлекет жетекшілерін байқамайсың дейді олар.
XS
SM
MD
LG