Accessibility links

Үкімет айран ішеді, ауыл шелек жалайды

  • Алма СЕРİКҚАЛИ

Мақалада автор соңғы 10 жылда азып-тозып біткен ауылдарды, қайта қалпына келтіруді қолға ала бастаған Үкімет басшыларын сынға алған.

“Ақ жол Қазақстан” басылымының соңғы санында “Үкімет айран ішеді, ауыл шелек жалайды” деген Еренғайып Қуантайұлының мақаласы жарияланды. Мақала жаңа үкімет басшысы Даниял Ахметовтың сөзімен басталады. Онда Премьер-министр: “Біз бұрынғы үкімет қабылдаған шешімдер мен келісім-шарттарды, әсіресе жер қойнауын пайдалануға қатысты құжаттарды қайта қарамаймыз” дегенді алға тартқан.

Осылайша Премьер-министр бұрынғылардың былық-шылығына жауап бермеймін дегенді тілге тиек етуде. “Сонда отставкаға кеткен үкіметтің жіберген кемшіліктерін жаңа үкімет реттемесе, онда оны кім жөндемек” дейді тілші. Бұл арада автор: “Ахметовтың бұл сөзі Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік қызметінде жауапкершіліктің жоқтығын дәлелдеп беріп отыр” дегенді айтады. Сондай-ақ, мұның қоғам қасіреті екендігін алға тартқан автор небір былықтар жасаған Терещенко үкіметінің де сұраусыз қалғандығына тоқталып өткен. “Мұның бәрі берекесіз жүйеде, жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді” дейді тілші.

Үкімет басшыларының немқұрайлығынан ауылдар да азап шегіп кеткен болатын. Бұл арада автор : “Осы үкімет қызық: ауылды өзі сүліктей сорды да, енді оның тамырына қан жүгіртуге әрекет етуде” дегенді айтады. Сондай-ақ, тілші мақалада Ауыл шарауашылық вице-министрі Лилия Мусинаның мәлімдемесінен үзінді берген. Онда Мусина ханым ауылдардың экономикалық, экологиялық және демографиялық мүмкіндіктерін анықтау мақсатында 7760 елді мекенге зерттеу жүргізілгендігіне тоқталған.

Лилия Мусинаның сөзіне қарағанда, оның 10 процентінің халі мүшкіл болса, 80 процентінің әлеуметтік жағдайы орташа. Бұл арада автор 7760 ауылды өз көзімен көріп, қанықпаған вице-министрдің бұл деректері, керісінше болуы да ықтимал дегенді алға тартады. Бұл тұрғыда ресми мәліметтерге жүгінген тілші ауылдардың 80 проценті кедейліктің қамын киіп отырғандығын айтады. Мәселен, бір ғана Ақтөбе облысында 84 елді мекен келешегі жоқ деген тізімге еніп отыр. Еңбекке жарамды тұрғындардың 40 мыңы жұмыссыз. Сондай-ақ, автор мақалада Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың пікірін берген.

Онда Мәжіліс төрағасы Қазақстанда 265 елді мекен электр жарығынсыз отырғаныдығын, 1606 ауылда мектеп атымен жоқ екендігін , сондай-ақ, дәл қазіргі шақта 1370 ауыл медициналық мекемелерге зәру екендігін айтады. Сондай-ақ, Үкіметтің ауылға деген ашкөздігінің қасіретінен соңғы жеті жылда 700 мыңнан астам ауылдықтар туған ауылын тастап, жан-жаққа босып кеткен екен . Бұл арада автор Қазақстан тәуелсіздігін алғалы ауылдарда Голощекиннің “кіші қазан төңкерісі” сияқты “реформа” жүріп келеді дегенді тілге тиек еткен. Сондай-ақ, тілші мақалада Қазақстан Республикасы Президентінің жақын арада болашағы жоқ ауылдарды анықтап, оларды басқа жаққа көшіру керек деген сөзін алға таратқан .

Демек, ендігі таңда Үкімет болашағы жоқ ауылдарға мектеп салып, электр желісін тартып әуре болмай-ақ, оларды мектебі мен жарығы бар ауылдарға көшіре салатын болады дейді тілші. Бұл “реформаны “ жүзеге асыру үшін бюджеттен миллиондаған тенге бөлінбек. Бірақ, бұл қаражаттың толығымен осы мақсатқа жұмсалатындығына сену қиын. Себебі, Қазақстанда бөлінген қаржының өз мақсатына жұмсалғанын анықтайтын механизм әлі жетілмеген дейді автор. Ал мақаланы қорытындылаған тілші көп қаржының төңірегінде ұры да көп жүреді дегенді тілге тиек етеді. Сондықтан да бұған бақылау қажет деп есептейді тілші. Ал Ахметов мырза Үкіметте жауапкершілік болмайтынын сездіріп отыр. Егер бұл үкімет кемшілік жіберсе, оған жетінші Премьер - министр де жауап бермейтін болады дейді Еренғайып Қуантайұлы “Ақ жол Қазақстан” басылымның соңғы санында.
XS
SM
MD
LG