Accessibility links

Жабық тақырып

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

“Ассанди таимс” газетінің кезекті санында “Бас редактордың бағаны” деген айдармен Ирина Петрушованың мақаласы жарық көрді.


“Қазақстан мемлекетінде “Қазақгейтке” байланысты оқиғалардың бәрі де, "жабық тақырып" болып саналады. Батыс елдерінде бұл қылмыстық іс туралы айтыла бастағанына төрт жылдан асқанымен, елдің ішінде аталмыш коррупциялық шатаққа қатысы бар адамдар жөнінде, тек саусақпен санарлықтай азаматтар ғана біледі” – дейді мақала авторы. Батыста шартты түрде “КО-1”, “КО-2” деп аталатын бұл іс туралы, қазылардың айыптау қорытындысы, кезінде газет бетінде жарық көрген.

Мақала авторының айтуынша , айыптау қорытындысында келтірілген деректер шет ел компанияларымен жасалынған келісім шарттарда жіберілген өрескел заң бұзушылықтардың жіберілгендігін айғақтайды.

Америка Құрама Штаты әділет ұйымының пайымдауынша, инвесторларға акция және мұнай өндіруші кәсіпорындардың мүліктік кешенін сатуға, көмірқышқыл газының қоры мол жерлерді игеруге құқық беруге, сонымен қатар жасалған келісімдердің шартын анықтап отыруға қол ұшын берген лауазымы жоғары екі шенеунік бар. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, бұл қылмыстық жүйенің, Қазақстанның алғашқы капитал қорын жинау барысындағы заңсыздықтардан еш айырмашылығы жоқ.

Мақала авторы, бірнеше себептерге байланысты Қазақстан мемлекетінде пара алушылық белең алды деп есептейді. Оның себебін мақала авторы өз тұрғысынан былайша түсіндіріп өтеді:

«Біріншіден мемлекеттік мүлікті жекешелендіру және жерді игеру құқығын саусақпен санарлықтай адамдар ғана шешті және олардың бұл келісімді мемлекеттік аппарат арқылы жүзеге асырып отыратын өкілеттілігі болды.

Екіншіден мемлекеттің мүлкін жекешелендіру аса құпия жолмен жүзеге асырылды. Яғни бұл жерде, шенеунікке көбірек пара берген адамның айы оңынан туып отырды. Үшіншіден, экономикалық тиімділігі өте зор обьектелердің сатылуы да, парақорлықтың белең алуына өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Саудаға салынған экономикалық обьектелердің бәрі де ұлттың баға жетпес қазынасы болып саналғанымен, билік халықты шешім қабылдауға қатысудан шеттетіп тастады» деген мақала авторы, бұл қылмыстың тарихына да журналистік тұрғыдан пайымдаудау жасайды: « Келіссөз барысында бағаның құнын әйгілеп отыратын қазақстандық шенеуніктердің өз адамдары болған. Міне сол адамдар шенеуніктерге берілетін параның да сомасын шешіп отырды. Қазақстан жағынан мұндай делдалдық қызметті Джеймс Гиффен атқарды” дейді мақала авторы.

Мақала авторының сөздеріне сенетін болсақ, келісім жасалғаннан соң саудагер, Қазақстан Республикасының және делдалдың есеп-шотына ақша аударып отырған. Кейіннен ол ақша түрлі фирмалар мен банкілердің көмегінің арқасында, офшорлық компаниялардың есеп-шотына аударылып, коррупцияға қатысы бар қылмыскер мен оның отбасы, олардың сенімді адамдары өз үлестерін алып отырған. “Американдық әділет жүйесінің арқасында, шартты түрде КО-1, КО-2 деп аталатын азаматтарға қанша көлемде пара берілгендігі белгілі болды. Әзірше тек тергеу жұмысының құпиясын сақтау мақсатында, қылмыскерлердің аты аталмай отыр” дейді мақала авторы.

Мақала авторы өз ойын былайша түйіндейді: “Біздің білуімізше Қазақстандағы кен орындарының тағдырын шешкен және миллиондаған доллар пара алған екі азамат бар. Ол азаматтар әлі күнге шейін ұсталған жоқ, ұсталмайды да. Өйткені олардың лауазымы -депутаттардан да, әкімдерден де, министрлерден де жоғары. Сонымен қатар олардың қолында шексіз билік бар. Сол себептен де президенттің саясатын қолдайтын бұқаралық ақпарат құралдарының бәрі де төрт жылдан бері “Қазақгейт” ісі туралы жұмған ауыздарын ашпай келеді. Ал, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұл істі тексеруге ниет білдірмеуі, бас қылмыскердің олардың басшысы болып табылатындығын айғақтайды” делінген “Ассанди-таимс” газетінің кезекті санында жарық көрген, Ирина Петрушованың бас мақаласында.
XS
SM
MD
LG