Accessibility links

Орталық азиялық мемлекеттер Қытаймен жол қатынастарын қалпына келтіре бастады


Өкпенің өзгеше қабынуы ауруының алды алынған соң, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайды "қара тізімнен" шығарып тастады.

Қытай үкіметі індетті жеңгендерін мәлімдеді. Бұдан соң орталық азиялық мемлекеттер Қытаймен жол қатынастарын қолма-қол қалпына келтіре бастады.

Өкпенің өзгеше қабынуы деген аяқ астынан бұрқ ете түскен жұмбақ індеттен әлем бойынша 800-ден аса адам өліп кетті. Ауруға, жалпы, сегіз жарым мыңнан аса адам шалдықты. Олардың көпшілігі – ауру ошағына айналған Қытайдың кейбір оңтүстік-шығыс және орталық провинцияларының азаматтары. Орталық азиялық мемлекеттер өздеріне жақын Қытай аймақтарынан пәлендей қауіп төнбесе де, шекараларды тас бекітіп тастаған еді. Алтайдың ар жағынан ауру, дегенмен, онсызда келген жоқ. Орталық Азия аймағында бірде бір азамат ауруға іліккен жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 24-ші маусымда Қытайды "қара тізімнен" шығарып тастады. Ұйым өкілі Дик Томпсон сипаттама айтқандай, мәселен, Қытай астанасына сапар шегуді қысқарту кеңесі жойылды. "Енді бірде -бір азамат ауруға ілікпей отыр, індет бақылауға алынды", деп қортындылады Дик Томпсон. Бұдан соң орталық азиялық мемлекеттер Қытаймен жол қатынастарын бірінен соң бірі қалпына келтіре бастады. Тәжікстан Шекара комитеті бастығының орынбасары Нұриддин Әмірқұлов "Азаттық" радиосына берген мәліметінде, екі ел әуе қатынасы 28 –ші маусымнан қалпына келгенін айтты. Қытай мен Тәжікстанның арасындағы жолдар, дегенмен, әзірше ашылған жоқ.

Қырғызстан жол қатынастарын ашуды енді-енді ойластырып отыр. Шекара ашу ұсынысын талқылап жатқандарын Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Гүлжігіт Әлиев хабарлады.

- Сыртқы істер министрлігі және басқа министрліктерден түсіп жатқан сұрауларға сәйкес, Қырғызстан үкіметінің мүшелерімен шекара ашу жөнінде кеңес құрып отырмыз. Үкіметке ұсыныс кіргіздік және осы мәселені қолға алып отырмыз, - деді Гүлжігіт Әлиев.

Қытай-Қырғызстан шекарасы қайта ашылған соң санитарлық бақылауды одан ары жалғастыратын боламыз, дейді Қырғызстан үкіметінің өкілі.

Қазақстан Қытай бағытындағы әуе қатынасын сегізінші шілде жаңғыртпақ. Бұл туралы "Азаттық" радиосына "Эйр Астана" компаниясының өкілі хабарлады. Шілденің бірінен бастап шекараны қайта ашу бас министр Даниал Ахметовтың деңгейіндегі басшының қаулысымен атқарылып отыр. Қазақстан және басқа орталықазиялық мемлекеттер жол қатынастарын, жалпы, мамыр айының басында індет аса құтырған кезде тоқтатқан болатын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Дик Томпсон "Азаттық" радиосына айтқан сипаттамасында індеттің ошағы болған Қытайдың жекелеген аймақтарында ауру мәселесі, әрине, толық шешілген жоқ деп білеміз дейді. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, бұл жаққа сапар шегу қауіпсіздігі орнына түсті. Дегенмен, ол аймақтарға баратын жолаушылар тазалықтың қарапайым ережелерін сақтағаны жөн, дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі.
XS
SM
MD
LG