Accessibility links

ТМД-ға мүше елдердің денсаулық саласындағы әріптестік кеңесінің 15-мәжілісі басталды


Сейсенбі күні Бурабайдағы “Оқжетпес” демалыс орнында ТМД-ға мүше елдердің денсаулық сақтау саласындағы әріптестік жөніндегі кеңесінің 15-мәжілісі басталды.

Денсаулық сақтау саласындағы кеңестің бұл жолғы кезекті жиыны Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Үш күнге созылатын осы алқалы отырысқа қатысуға ТМД елдерінің денсаулық сақтау министрліктері мен халықаралық ұйымдар өкілдері келді.

Кеңес мәжілісінің күн тәртібінде жұқпалы ауру түрлерімен күресте ақпаратпен алмасу, талдау орталықтарын құру және т.б. мәселелер қаралмақшы. Кеңеске қатысушылардың бұқаралық ақпарат құралдары үшін өткізген баспасөз мәслихаты кезінде “Азаттық” радиосының қойған сұрағына берген жауабында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде республикада жүргізілген оңтайландыру саясаты салдарынан елде 1200-ден аса дәрігерлік көмек көрсету орындарының жабылып қалғанын қынжылыспен атап өтті. Дәл осы кезеңде республикада кейбір ауру түрлерінің өршіп кетуі жағдайдың ушығуына әкелді.

- 1996-1997 жылдары, елімізде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру нашар болған кезде туберкулез ауруының жұқпалы түрлері көбейіп кеткен еді. Осы дертті емдеу үшін DOTS стратегиясын қолдана бастадық. Ал, 2001 жылдан соң бұл әдіспен емдеуді өзіміздің жағдайға ыңғайластыру туралы шешім қабылданды. Оң нәтижелер де бар. Қазір 1998 жылмен салыстырғанда, Қазақстанда туберкулезден қайтыс болатындардың саны 36 пайызға кеміп отыр. Аурудан емделгендердің қатары көбейді. Қазір Қазақстанда бұл дерт ауыздықталды деп айтуға болады, - деді республиканың денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрiнiң айтуынша 2005 жылға қарай елдегi кепiлдi тегiн медициналық көмек көрсету толықтай бюджет есебiнен жүргiзiлетiн болады. Сол секілді қазір осыдан біраз уақыт бұрын ауылды жерлерде жабылып қалған алғашқы дәрiгерлiк көмек көрсету орындарын қайтадан ашу iсi қолға алынып отыр. Министр Ж.Досқалиевтың айтуына қарағанда, Қазақстанда алдағы екі жылдың ішінде денсаулық сақтау саласына жыл сайын 3 млрд. теңге бөлiнбек.
XS
SM
MD
LG