Accessibility links

Ғалымжан Жақияновтың түрмеде құрт ауруын жұқтырғандығы туралы дерек расталды.

  • Сәуле ОМАР

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы, бұрынғы Павлодар облысының әкімі, 7 жылға бас бостандығынан айрылған Ғалымжан Жақияновтың түрмеде құрт ауруын жұқтырғандығы туралы ақпарат расталды.

Бұл туралы 2 шілде күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Жақияновтың қорғаушысы Елена Ребенчук мәлімдеді.

Елена Ребенчуктың айтуынша, Ғалымжан Жақияновтың рентген түсірілімдері оның өкпесінде қара дақтың барын байқатқан. «Ал бұл құрт ауруының бірден- бір айғағы боп табылады» дейді қорғаушы.

Сондай- ақ, ол өз сөзінде, үстіміздегі жылдың 20 маусымында ҚР-ның Жоғарғы соты қорғаушының Ғалымжан Жақиянов ісі бойынша Павлодар облыстық сотының шешімін қайта қарау туралы шағымын қабылдамағанын жеткізді. Сондықтан да, енді қорғаушылар үшін халықаралық сотқа шағымданудан басқа амал қалмаған. Қазірде Ғалымжан Жақиянов өз қорғаушыларына халықаралық сотқа өтініш жазуға қажетті құжаттарды дайындауларын тапсырыпты.

Өтініштің құқықтық жағы мен берілу тетіктері қарастырылуда. Сонымен қатар таратылған ақпаратқа қарағанда, үкім шығарылғаннан бергі мерзім аралығында 3 мәрте қатты ауырған Ғалымжан Жақиянов, осы уақытқа дейін өзінің құрт ауруына шалдыққандығын жасырып келген. «Оның себебі, біріншіден, жақындарын әбіржітпеу болса, екіншіден, 7 жылға сотталған оны арнайы туберкулезбен ауыратындар жататын орынға жатқыза ма даген қауіп болса керек, өйткені ол орыннан кейін аман шығатындар кемде- кем» дейді Елена Ребенчук.

Жалпы алғанда, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігі саяси кеңесінің төрағасы, сенат депутаты Төлен Тоқтасыновтың айтуына қарағанда, осыған байланысты құрамында парламент депутаттары Зәуреш Батталова, Серікбай Әлібаев және тағы басқалар бар бір топ 1 шілде күні бар жағдайдың анық- қанығын біліп қайту үшін Жақиянов жатқан түрмеге жол тартқан.
XS
SM
MD
LG