Accessibility links

Еуропарламент қайтадан Қазақстан мәселесін қарайын деп жатыр

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстанның демократиялық қауымдастығының Еуропалық Парламентке және ОБСЕ Ассамблеясына жолдаған үндеуінде, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың өкілдері және тәуелсіз саяси қоғам қайраткерлері Қазақстанда қалыптасқан саяси ахуалға қатты алаңдаушылық білдірген.

“Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында Қазақстанның демократиялық қауымдастығының Еуропалық Парламентке және ОБСЕ –нің Ассамблеясына жолдаған үндеуі жарық көрді. Аталмыш үндеуде саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың өкілдері және тәуелсіз саяси қоғам қайраткерлері Қазақстанда қалыптасқан саяси ахуалға қатты алаңдаушылық білдірген.

Үндеуді жариялаушылардың айтуынша, Еуропарламенттің, Еуроодақтың, Америка Құрамы Штаты Конгресінің, Америка Құрама Штаты Мемлекеттік департаментінің, Еуропалық Кеңестің, Адам құқы жөніндегі халықаралық лиганың, “Халықаралық амнистияның” , “Фрид Хаус” және тағы да басқа қоғамдық немесе саяси ұйымдардың, Қазақстанда биліктің демократиялық оппозицияға және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы ұйымдастырып отырған репрессияларын тоқтатып, саяси теке-тірестен ұлттық диалогқа щақырған кеңестеріне құлақ аспай, елдегі саяси ахуал бұрынғыдан бетер нашарлап бара жатқан көрінеді. Үндеуде осыған қатысты мынандай дәйектер келтірілген:

“Еуропалық парламент Қазақстан өкіметіне саяси себептермен сотталған саяси тұтқындардың істерін қайта қарауды және оны тәуелсіз сарапшылардың ашық өткізуіне рұқсат беруін, “Саяси партиялар туралы” заңда қайта қарауды, жалпы Қазақстандағы тереңдеп бара жатқан саяси дағдарыстан шығу жолдарын оппозициямен диалогқа барып шешуге шақырған болатын. Алайда Қазақстанның басшылығы халықаралық қауымдастықтың бұл тілегін тіпті ескерген жоқ”, - дейді үндеуді жазушылар.

Үндеудегі келтірілген деректерге сүйенсек, 2003 жылдың бірінші жарты жылының өзінде саяси ұйымдардың басшылары мен белсенділеріне, тәуелсіз журналистер мен қарапайым адамдарға көрсетілген қысым мен репрессиялар бұрынғыдан да күшейе түскен. Бул туралы үндеуде былай деп жазылған:

“Қолдан жасалған қылмыстық іспен және Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің көптеген баптарын бұза отырып, белгілі құқық қорғаушы және журналист Сергей Дуванов сотталды. Оның адвокаттары мен қорғаушыларының жоғарғы сот инстанцияларына берген аппеляциялық және қадағалау арыздары негізсіз қаралмай жатыр. Сергей Дуванов Қазақстан басшыларының жемқорлық іс-әрекеттерін әшкереліп сынағаны үшін сотталып отыр. ОБСЕ-нің бастамасымен өткізілген тәуелсіз сараптама Сергей Дувановтың ісінде Қазақстанның көп заңдары бұзылғаны және сот шығарған үкімнің негізсіз екенін анықтап берді.”

Үндеуде сонымен қатар “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының басшысы Ғалымжан Жақияновтың сотталып, содан бері оған моральдық-психологиялық қысым көрсетіліп келе жатқандығы, сонымен қатар “Жер туралы” референдум бастамасын көтерген адамдардың жергілікті билік, полиция, арнайы қызмет органдары тарапынан репрессияға ұшырап, шетінен жұмыстан қуылып, тұтқынға алынып жатқандығы да баяндалған.

“26 маусымда “Жер туралы” референдум өткізуге орай құрылған ынталы топтың жетекшісі Балташ Тұрсымбаевтың машинасы тура автотұрақта тұрған жерінде өртеніп кетті” – дейді, үндеуді жазушылар. Әсіресе, үндеуде тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының билік тарапынан қатты қудалауға ұшырып жатқандығының тарихы егжей-тегжейлі айтылған.

“Соңғы кезде саяси себептермен сотталған “СолДат”, газеті шықпай қалды, ал “Сөз” бен “Ассанди Таимс” газеттері соттардан шыға алмай” жүр. “Солдат” газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи мен Қазақстан Республикалық халық партиясы атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосановтың үстінен қылмыстық істер қозғалды.

Билік демократия талаптарына қайшы келетін “Саяси партиялар туралы” заңды қабылдатып алып, содан кейін заңды тұлғаларды тіркеу барысында, әр түрлі қулықтарға бара отырып, осы жартыжылдықтың өзінде бірнеше демократиялық бағыттағы оппозициялық партияларды саяси сахнадан тайдырды” деген үндеуді жазушылар, өз ойларын былайша түйіндейді: “Қазақстанда бүгін қалыптасқан жеке билік режимі жаппай жемқорлық, отбасылық басқару деген түсініктермен бірдей болып кетті, ал жауапты мемлекеттік қызметтерге тағайындалған кезде, кландық принцип алға шығады. Сол сияқты шенеуніктердің өз қызметін асыра пайдалануы да кең құлаш жайған.

Осының бәрі біздің алаңдаушылығымызды тудырады және Қазақстандағы саяси тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіреді” делінген “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген үндеуде. Үндеуге он тоғыз адам қол қойған.
XS
SM
MD
LG