Accessibility links

Сенат төрағасы Оралбай Әбдікәрімов баспасөз мәслихатын өткізді


Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, төртінші сессияның аяқталуына орай журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді

Шілденің 3-і күні Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, төртінші сессияның аяқталуына орай журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқықтық рефоманың екінші кезеңінде де бірқатар заңдар қабылданбақ.

Бұл құжаттар Қазақстан Үкіметінің 2006-шы жылға дейінгі заң жобалау бағдарламасында қаралған. Бағдарлама кезінде Парламенттің тұрақты комитеттерімен келісіліп жасалған.

Оралбай Әбдікәрімовтің айтуынша, олар: азаматтық-құқықтық қатынастарды реттейтін, экономикаға байланысты, мемлекеттілікті әрі қарай бекіту, әкімшілік-қылмыстық істерді жүргізу туралы және сот жүйесін реттейтін заңдар туралы болуға тиіс.

Парламентаралық ынтымақтастық алдағы уақытта да дами түспек. Оралбай Әбдікәрімов, мұндай қарым-қатынастың Қазақстан үшін маңызды екенін айтты:

- Еуразиялық парламент ассамблеясының мүшелері келер жылы өз отырыстарын Астанада өткізсе дұрыс болар еді деген тілек айтып жатыр. Оны осы жылы көре жатармыз. Мұндай шараларды өткізу Қазақстан үшін үлкен сенім, екіншіден, жауапкершілік. Корея, Жапония, Қытай елдері парламенттерімен де өзара ынтымақтастық байланыс дамуда. Осы каникул ішінде бірнеше депутаттарымыз Азия елдеріне шақырулармен бара жатыр.

Сенат төрағасы Мемлекеттік өзін-өзі басқару туралы заң жобасына қатысты өз пікірін білдірді:

-Үкіметтің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасында олар бұл заң жобасын қарап жатқандықтарын айтты. Басты мәселе, орталық және жергілікті органдардың өкілеттіктерін бөлу. 150 заңға өзгеріс енгізу керек екен. Негізгі мәселе, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржы-экономикалық базасын шешу. Ол мәселе шешілмей, ешқандай жергілікті өзін - өзі басқару мәселесін шешуге болмайды.

Оралбай Әбдікәрімов, Жер кодексінің заңдылығы туралы мәселе қою ендігі жерде жөнсіз деп есептейді. Сондай-ақ ол жер кодексіне байланысты бүкілхалықтық референдум өткізу туралы айтылып жүрген ұсыныстарға байланысты ойын айтты:

- Заңға қол қойылды. Одан кейін референдум өткізейік дегеннің негізі жоқ. Оны бұрын айту керек еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізуде Парламенттің пәрмені қандай болуға тиіс деген сұраққа байланысты Оралбай Әбдікәрімов, бұл жағдайдың тиылмай отырғандығын айтты:

Журналистер Сауд Арабиясының грантына салынып жатқан Қазақстан Парламент Сенаты ғимараты құрылысының тоқтап қалғаны туралы мәселені де көтерді.

Сенат төарағасы бұл жағдайдың себебін түсіндіре келе, бүгінгі күні аталған құрылыста 180 адамның жұмыс істеп жатқанын айтты:

- Осы жылдың басында Сауда Арабиясынан қаражат түспей құрылыстың тоқтап қалғаны болды. Қазір ол мәселе шешілген сияқты. Тоқтауына Ирактағы соғыс кедергі болды кезінде. Елбасының белгілеуімен ғимараттың берілу мерзімі келесі жылдың сәуір айы болуға тиіс.

Баспасөз мәслихатында парламент жұмысына қатысты басқа да көптеген сұрақтар қойылды.
XS
SM
MD
LG