Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев "Файненшл таймс" газетіне сұхбат беріп, 2006 жылы президенттік сайлауға түсемін деп мәлімдеді. Бұл сұхбат 3 шілде күні жарияланды.

"Елді келесі онжылдықта басқару үшін айтарлықтай еңбек сіңірдім. Он жылдан асар-аспас тұста талай шаруа тындырдым, сын емес, мақтау естуге еңбегім сіңді" дейді Назарбаев.

Келер сайлаудың әділеттігін және еркіндігін қамту мақсатында, баспасөз құралдарының тәуелсіздігін қамту үшін Назарбаев сайлау заңын оң жаққа бұруға, заң жүйесінің жұмысын жетілдіруге уәде айтты, деп жазады "Файненшл таймс" газетінің тілшісі Питер Марш.

Алпыс екі жасар Назарбаев оппозициялық қайраткерлерді езгіге салғаны үшін батыс елдеріндегі құқық қорғаушы және баспасөз құралдары тарапынан сынға ұшырап келеді. АҚШ сыртқы істер министрі Колин Пауелл осы аптада Вашингтонда Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен кедесіп, адам құқықтарының Қазақстандағы жағдайына алаңдаушылық танытты. Дегенмен, Назарбаев Азияны әсіре исламшылдықтан біршама сақтап, оның тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған тұлға ретінде қабылданады.

Қазақстан демократиялық тәртіпті сақтау жөнінде кемшіліктерге жол беріп отырғанын президент Назарбаев мойындайды. Бірақ қысқа мерзімде біз ұзақ жол жүре алдық дейді Назарбаев. Назарбаев алдағы он жылда шетел инвестицияларын үш есе арттыру жоспарын алға тартып отыр. 1990 жылдардың басынан бері Қазақстанға 22 миллиард доллар әкелінсе, келесі онжылдықта 60 миллиард доллар тарта аламыз деген үміттемін дейді Назарбаев. Совет Одағы тараған соң, Қазақстан көптеген батыс компанияларының қызығушылығын туғызды, олардың көпшілігі елдің мұнай және газ, алтын, титан, мыс сияқты табиғи байлықтарын игеруге жұмылды.

Батыс мемлекеттері Назарбаевты Орталық Азиядағы негізгі әріптестің бірі ретінде көріп отыр. Келесі жиырма жылда Қазақстан мұнайдың ірі өндірушісіне айналатын түрі бар, сөйтіп қақтығыстарға бейім Таяу Шығыс қуат көздеріне батыс елдерінің тәуелділгін Қазақстан кеміте алады. Дегенмен, Назарбаев саяси қарсыластарын тырп еткізбей отырғаны үшін, өзіне қарсы сын айтқан кейбір жеке тұлғаларды түрмеге жаптырғаны үшін сөгіс естіп келеді. Мұнай мүддесіне бола Қазақстан басшыларына миллиондаған доллар пара берді деп айыпталған Джеймс Гиффеннің Америка Құрама Штаттарындағы ісімен Назарбаев тығыз байланыстырылады. Джеймс Гиффен Назарбаевтың кеңесшісі болған.

Назарбаев келесі жетіжылдық президентік өкілеттікке тағы ұмтыламын, себебі "саясатымды халықтың 85 проценті қолдайтынын" сезіп отырмын, жаңа және қажет реформаларды іске асыруға күш- қайратым жетерлік дейді. Осының алдындағы 1999 жылғы сайлауда Назарбаев табысқа жеткенде Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бұл науқанды әділетсіз деп тапты. Назарбаев негізгі саяси қарсыласын сайлауға жолатпай, қарсыласына бағытталған дауыстарды өзіне бұрып алды дейді оның сыншылары.

Өзінен басқаша ойлаушыларға, яки диссиденттерге қарсы бағытталған істері үшін де Назарбаев сын естіп келеді. Айталық, президентті ашық сынайтын журналист Сергей Дуванов бес ай бұрын түрмеге отырғызылды. Дуванов кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталды, оның соты әділетсіз өтті дейді кейбір бақылаушылар. Назарбаев Дувановты "педофил" яки "жас балаға құмартушы" деп сипаттап отыр.

"Егерде Лондон қаласында біреу -міреу зорлық жасады деп табылып, түрмеге жабылса жұрт мұны бас министр Тонни Блэрдің кемшілігі деп айта ала ма? Дәл осындай жағдайда халық мені неге сынайтынын түсінбеймін.

Демократия мен адам құқықтарын қамту үшін Қазақстан бірқатар тірлік жасап отыр, Совет Одағының жоспарлы экономикасынан өту жолы біраз уақытты талап етеді. Англия сияқты европалық мемлекеттер демократияға осыдан үш жүз жыл бұрын алғаш қадам басқанын естен шығармауларыңыз керек. Он жылдан асар-аспас тұста біз талай шаруа тындырдық, сол үшін сын емес, мақтау естуге еңбек сіңірдік. Қазақстанда 120 ұлт және діннің 45 түрі бар. Шағын ұлттық топтардың мәселесін назарда ұстап отыру үшін 32 ұлттық-мәдени орталық аштық. Бізді бірде -бір ұлттық қақтығыс жоқ" - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
XS
SM
MD
LG