Accessibility links

Ол алыс елге не үшін кетті?


Мақалада “Блумберг” агенттігінің компьютерлік жүйесін бұзғаны үшін 4 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған алматылық Олег Зезевтің тағдыры туралы егжей-тегжейлі баяндалған.

“Экспресс К” газетінің 3 шілде күнгі санында Наталья Байғожинаның “Ол алыс елге не үшін кетті?” деп аталатын мақаласы жарық көрді.

Сонымен Америкада компьютерлік қылмыс жасағаны үшін үшінші азамат қатаң жауапқа тартылды. Зезев жазасын Америкада өтейді. Осыдан үш ай бұрын американың әділ соты, Зезевті “қылмыстық топ құрды, алаяқтық жолмен ақша тапқысы келді, американдық жеке компанияның компьютерлік жүйесіне рұқсатсыз енді” деген сыңайдағы айыптаулар негізінде жазықты деп тапқан.

“Жалпы Олег Зезев “Блумберг” агенттігінен алаяқтық жолмен тапқысы келген ақшасы үшін, жиырма жылға шейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Оқиғаның қысқаша тарихымен таныстыратын болсақ, Олег Зезев пен тағы бір Игорь Яримака деген алматылық, 2000 жылдың тамызында, медиа-магнат, бүгінгі таңдағы Нью-Иорк қаласының мэрі, Майкл Блумбергпен кездескеннен кейін тұтқынға алынды. Олардың кездесуіне - ұзақ уақыт бойы электрондық пошта арқылы хат жазысып тұруы мұрындық болды. Жолдаған хаттарында Алекс деген белгісіз біреу, “Блумберг” агенттігінің ақпараттық қауіпсіздік жүйесінде, компьютерлік құрылымға оңай кіруге болатын ақау бар екендігін айтып, оны жоя алатындығын дәлелдеуге тырысып, өз көмегін ұсынады. Блумберг мұндай қызметке зәру екендігін білдіріп, Ұлыбританияда кездесуге ұсыныс жасайды. Белгіленген жерде өтетін келіссөзге Зезев пен Яримака келеді. Осы жерде екеуі де тұтқындалып, оларды Америка Құрама Штатына алып кетеді.

Кейіннен Зезевтің адвокаты Роберт Баум, Олегтің “Блумберг” агенттігінің компьютерлік жүйесіндегі ақауды жою үшін, тек шарт жасағысы келгенін, ал 200 мың доллар көлеміндегі параны Блумбергтің өзі ұсынғандығын дәлелдеуге тырысқанымен, ол айғақтардың ешқайсысы да кәдеге аспады” – дейді мақала авторы.

Мақала авторының айтуынша, Олег Зезев жазықты деп табылып, ал оның досы Игорь Яримакадан бүкіл айыптаулар алынып тасталынады.

“Сейсенбі күні Нью-Иорктің соты Кимба Вуд, Зезевті айыпты деп тауып, оны елу бір айға бас бостандығынан айырған. Америка Құрама Штатының әділет министрлігі жариялаған тізімге назар аудару арқылы, Олег Зезев компьютерлік қылмыс жасағаны үшін ең ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған, үшінші азамат екендігін аңғару қиын емес.

Бірінші орында әйгілі компьютерлік алаяқ Кевин Митник тұр. Ол 68 айға бас бостандығынан айырылған еді. Екінші орында өз бастығының электрондық хаттарын ашып, оны бәсекелес фирманың мүддесіне пайдаланғаны үшін сотталған Глен Допс тұр. Ол өз өмірінің алпыс айын темір тордың арғы жағында өткізеді. Өзі жұмыс істеген компанияның мұрағатын жойып жіберіп, екі жүз мың доллар зиян келтіргені үшін, Майкл Вентимилья да осыншама мерзімге сотталған”.

Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, жасаған қылмысына орай шығарылуға тиіс үкімді күтіп, Зезев пен Яримака Британия және Американың түрмелерінде 35 айын өткізген. Америка заңы бойынша бұл мерзім есепке алынуға тиіс.

“Адвокат Роберт Баум Олег Зезев жеті айдан кейін-ақ бостандыққа шығады деп есептейді. Сонымен қатар сот Олег Зезев төлуге тиіс өтемақының көлемін де белгілеп үлгерді. Олег Зезев Нью-Иорктің мэріне 955 мың доллар төлеуге тиіс. Роберт Баумның сөздеріне сенетін болсақ, Олег Зезевтің бір цент те төлеуге мүмкіншілігі жоқ.

Ал, Олег Зезевтің бас бостандығынан айрылғандығы туралы, оның туған-туысқандары тек “Экспресс К” газетінен біледі. Бүгінгі таңда оның ата-анасы мен үш жасар қызы Олегтің үйге оралуын асыға күтіп отыр.

Оның досы Игорь Яримаканың тағдыры қалай болғаны әзірше белгісіз. Америка соты оны ақтап шыққаннан кейін, Игорь Яримакаға әр түрлі тексерулерден өтуге тура келген. Соңғы алынған ақпарат бойынша, Игорь Яримака телефон арқылы алматылық достарымен хабарласыпты. Алматыға келгеннен кейін Игорь Яримака Ресейде тұратын ата-анасына кетпек ойы бар” делінген “Экспресс К” газетінің 3 шілде күнгі санында жарық көрген Наталья Байғожинаның мақаласында.
XS
SM
MD
LG