Accessibility links

Депутаттар мен шенеуніктер жаз айларын қалай өткізеді


“Түркістан” басылымының 3-шілде күнгі санында “Депутаттар мен шенеуніктер жаз айларын қалай өткізеді?” деген Гүлбиғаш Омарованың мақаласы жарияланды.

Онда автор Парламенттің қос палатасының жазғы демалысқа шыққандығы жайында жазады.Тілшінің айтуынша, бұған Сенат депутаттары бірауыздан келісім беріпті.

Бұл жайында мақалада автор былай дейді: “Мәжіліс депутаттары атқарушы билікпен теке-тірестен шаршаған болар, ал Сенат депутаттары төменгі палатадағы әріптестері сияқты Жер кодексін талқылап, әуреге түскен де жоқ, сондай-ақ, заң шығару саласындағы “қара жұмыстың көкесі” қазіргі таңда Мәжіліс депутаттарының мойнында”, делінген мақалада.

Сондай-ақ, автор, Парламенттің қос палатасы жазғы демалысқа шықпас бұрын, Қазақстанның экономикалық даму бағдарламасын қабылдағандығын алға тартқан. Бұл төңіректе тілші, төтесін айтқанда - үкімет ұсынып, Парламент бірауыздан қолдап, дауыс берді дегенді айтады. Мұнда Үкімет алдағы үш жарым жылға арналған іс-әрекет жоспарында мемлекеттің 2010 жылға дейінгі даму бағытын негізге алыпты.

Автордың сөзіне қарағанда, жаңа кабинет 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламаның басты бағыты ретінде біраз салаларды таңдапты. Атап айтқанда, республика аймақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айырманы азайту, ауылдағы өмір сүру деңгейін көтеру және ауылшаруашылық өнімдері мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, 2015 жылға дейінгі индустриялды-инновациялық дамуды іске асыру, ғылым мен білімнің қазіргі заман талабына сай жүйесін жасау, халықты әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз етуді жетілдіру және Астананы көркейту болып отыр.

Ал, төртінші сессияны аман- есен аяқтап, жазғы демалысқа шыққан Парламент қоржынына бұл сессияда 170 заң жобасы келіп түскен екен, оның 157-сін үкімет ұсынса, оның 13-і күн тәртібіне депутаттардың мұрындық болуымен енгізіліпті.

Бұл арада мақала авторы Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың пікірін берген. Онда Мәжіліс төрағасы осы 170 жобаның ішінде мемлекеттік тілде дайындалған бірде- бір құжаттың жоқтығына қынжылыс білдірген. Ал, автордың айтуынша жалпы Қазақстанда – түпнұсқасы қазақ тілінде дайындалған тұңғыш заң жобасы ол “Көші-қон туралы” заң болып табылады.

Бұл арада тілші мақалада депутаттардың осы үрдісті іліп әкете алмағаны өкінішті дегенді тілге тиек еткен. Сондай-ақ, автор заңды демалысқа шыққан депутаттар осы мезгілде сайлаушылармен кездесіп, олардың арыз-шағымдарын тыңдап келуге уәде бергендігін айтады. Ал, мақаланы қорытынылаған Гүлбиғаш Омарова “Депутат мырзалар, сайлаушылардың жерді жекешелендіруге байланысты сан түрлі сұрақтарына жауап беруге дайын ба екен?”дегенді алға тартады “Түркістан” басылымының 3-ші шілде күнгі санында.
XS
SM
MD
LG