Accessibility links

Қазақстандағы саяси партиялар мен қозғалыстар күзде өтетін сайлауға дайындалып жатыр


Үстіміздегі айдың 12-сінде билік партиясы болып саналатын «Отан» партиясы кезектен тыс құрылтайын өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл жөнінде 3-ші шілде күні «Азаттық» радиосына «Отан» партиясының өкілі Абзал Нүкенов хабарлады. «Отан» партиясының кезектен тыс өтетін 5-ші құрылтайында Абзал Нүкеновтың айтуынша, қыркүйектің 20-сы күні өтетін сайлау мәселесі сөз болады . «Отан» партиясы алдағы сайлауда қолынан келгенше, үлкен жетістікке жетуді көздеп отыр.

«Отан» партиясының өкілі Абзал Нүкенов: - Кем дегенде 50 пайызын алсақ, деп үміттенеміз.

«Отан» партиясынан өзге Республиканың «Азаматтық» партиясы да кезектен тыс құрылтайына дайындалып жатыр. «Азаматтық» партиясының бұл жиыны 17 шілде күні өтеді, деп жариялады «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев, 3-ші шілде күні. «Отан» партиясы сияқты «Азаматтық» патиясы да сайлау нәтижесінде көп орынға ие болудан үміткер.

«Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев: - Мәслихаттардың құқықтары, мәслихаттардың функциясы көтерілгеннен кейін «Азаматтық» партияның ықпалы да өсу керек. Мысалы қалалық мәслихаттарда, ең аз дегенде біздің санымыз 25-30 пайыз болу керек. Ал, аудандық, облыстық мәслихаттарда біздің адамдар 20-30 пайыз болу керек.

Кезектен тыс құрылтайын өткізбесе де күзде өтетін сайлауға оппозициялық бағыттағы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік мүшелері де әзірленіп жатыр. Бұл жөнінде бірлестік жетекшісі Төлен Тоқтасынов былай деп мәлімдеді.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік жетекшісі Төлен Тоқтасынов: - Біз тіркеуден өткен жоқпыз, сол себептен біздің құрылтай өткіземіз деген ойымыз жоқ. ДВК сайлауға қатысады, дайындық жүргізіп жатырмыз. Қазір бірнеше облыста семинарлар өтуде.

Жоғарыда аталған саяси партиялар, қозғалыстармен салыстырғанда, күзде өтетін сайлауға жүйелі оппозиция атағына ие болған «Ақ жол» партиясы қатыспауы мүмкін. Бұл жөнінде «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменов айтты.

«Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменов: - Сайлау туралы заң өзгермегендіктен, біз жалпы партия ретінде мәслихат сайлауына қатысамыз ба, қатыспаймыз ба, қатыссақ қандай түрде қатысамыз деген мәселені талқылау үшін облыстағы өкілдердің жиынын өткізуді жоспарлап отырмыз.Себебі қазіргі заң атқарушы билікке сайлаудың нәтижесіне араласуға мүмкіндік береді. Сол себептен біз осыны талқылаймыз.
XS
SM
MD
LG