Accessibility links

Парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай: "Бәрібір біз демократия жолымен жүруіміз керек"


Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай, өткен сессияда қол жеткен жетістіктер мен қатар орындалмаған мәселелердің де болғанын мәлімдеген еді.

Бұл заңдардың орындалуына, депутаттық сауалдардың нәтижесіне байланысты айтылған еді.

Парламент-заң шығарушы өкілетті орган. Осы жылдарда қоғамның әр саласына қатысты көптеген заңдар қабылданды. Бірақ осы заңдардың орындалуы жөнінде үкімет есебі тыңдалмапты.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай мырзадан осының себебін сұрағанымызда, бұл орайда парламенттік тыңдау басқа да көптеген бақылау элементтері бар шараларды енді-енді енгізіп жатқандықтарын айтты:

- Бұрын парламенттік тыңдау деген болмайтын, депутаттардың сауалына ауызша жауап беру деген де болмайтын. Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдап, Президентке сол министрді яки болмаса, үкіметтің басқа мүшесін жұмыстан шығарып жіберуге дейін мүмкіншілігі бар ғой, соны осы уақытқа дейін әлі бастамаппыз. Бір жағынан үкіметтің де өмірлері қысқа болып жатыр ғой. Төрт жылдың ішінде үшінші үкімет келіп жатыр. Соған тиісті баға беріп, нәтижесін көруге мүмкіншілік болмай отыр. Бірақ соған қарамастан, өткен үкіметтен осы үкіметке өтіп кеткен кейбір мүшелерінің жұмыстарындағы, заңдарды орындаудағы кемшіліктерін еске ала отырып, келесі сессияда осындай мәселені екі-үш үкімет мүшелерінің төңірегінде қоятын шығармыз.

Мәжіліс сайын жолданып жататын депутаттық сауалдардың орындалу сапасы жөнінде де сұраған едік.

- Көптеген депутаттық сауалдар шешуі қиын мәселелер бойынша қойылады. Үкіметтің оны шешуге мүмкіншілігі болмай жатады. Шешемін деп те, шеше алмаймын деп те айта алмайды, сонан кейін атүсті, шығарып салма жауаптар көп болады. Соған ренжиміз. Қолыңнан келмесе бірден айт.

Сайлау туралы, Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі қоғам тарапынан талықылануда. Бірақ мұндай заң жобалары парламентке түскен жоқ.

- Сайлау туралы заңның өзі өте бір шулы заңның бірі. Оған мүдделі болып отырған жақтар көп. Билік өз бағытында мүдделі. Неғұрлым бүгінгі жағдайды сақтап қалуға тырысады. Әсіресе, жергілікті жерде өз ойындағы өкілін өткізуге тырысатындар да бар. Екінші жағынан, әйтеуір демократия осындай екен деп, бас салып, ертеңгі күні ырду-дырду жасап халықты бей-берекет етіп, ру-ру, ұлт-ұлтқа бөлініп кететін жағдайға апаратын заң қабылдауға ұсынып отырған азаматтар да бар. Сол заңның келіп түсуі екі-үш жылдан бері созылып келеді. Менің ойымша, жақын арада сол заң жобасы түсуі керек. Ол парламентте де оңай қабылданбайды. Айқай-шу болады. Бірақ, қанша қиын болғанмен, ішкі тұрақтылығымызға қауіп төнеді деген күмән болғанменен, бәрібір біз демократия жолымен жүруіміз керек. Өркенниетті елдердің стандартына сай бізде де сондай заңдар болуы керек.

Жергілік өзін-өзі басқару туралы заң қабылдау туралы да аз айтылып жүрген жоқ.

- Жергілікті өзін-өзі басқару дегеннің өзі не? Оның тұжырымдамасы қандай? Соның өзін осы уақытқа дейін келісе алмай жатқан жағдай бар. Үкіметте де басқа да билік органдарында.

Жер кодексіне байланысты Президент қарсылығы Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында қаралар алдында Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай депутаттарды сабырлы жұмыс жасауға шақырған болатын.

- Ол парламентті тарқатып жібереді деген қорқыныш емес. Оған мәжіліс депуттары дайын. Себебі, бүгін тарқатса, осындай саяси ұпаймен жәбір көрген депутат болып, барып қайтадан сайлауға түссе, ол ұтпаса, ұтылмайды. Екіншіден, сол заң бір мысқал болса да жөнделетін болса, халықтың мүддесіне сай келетін қадам жасалатын болса біз оған неге келіспеуіміз керек. Осы жағына да көңіл бөлулерін сұраған ойым еді.

Жармахан Тұяқбай төртінші сессияда көңіл толмайтын мәселелердің де болғанын айтты:

- Әсіресе, әлеуметтік мәселелер төңірегінде біздің қойған ұсыныстарымыз турасында үкіметте дұрыс, қанағаттанарлық шешім қабылданбағанына көңілім толмайды. Одан кейін Жер кодексіне байланысты біздің позициямыздың толықтай өтпегеніне көңілім толмайды. Бірақ жалпы алғанда, барлығы депутаттың айтқанындай бола бермейді. Саясат деген көп қырлы мәселе. Бір жағын түзеп жатсаң, екінші жағы құлап кетуі мүмкін. Елбасымыз осы мәселе төңірегінде жоғарыдан қарап, елдің тыныштығы сақталса екен, жолға қойылған бағдарламалар бар, солар жүйелі іске асуы керек. Біреуі ерте, біреуі кеш болып жатса ол да болмайды. Сондықтан да ол жағынан да өз пікірі бар шығар. Біздің айтқанымыз болмағанмен, шынында да дұрыс емес деп айтуға болмайды.

Мәжіліс төрағасы, көптеген ұсыныстарымыз қабылданбай қалғанның өзінде де, кейбірде сол да дұрыс болды деп ойлаймыз деген пікірді айтты. Сондықтан қанағаттанарлық та, әеттеген-ай деген де тұстарымыз жоқ емес,- деді Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай.
XS
SM
MD
LG