Accessibility links

Иманғали Тасмағамбетов үкімет басында отырған кезде мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілді ме?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне тағайындалған кезде, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының бәрі де, ендігі уақытта тіл мәселесіне қатысты үлкен ілгерілеушіліктер болады деген үмітке сенім артқан еді. Иманғали Нұрғалиұлы бес жүз күнге таяу уақыт премьерлік еткен мезгілде мемлекеттік тілге қатысты қандай игілікті шаралар атқарылды.

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне тағайындалған кезде, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының бәрі де, ендігі уақытта тіл мәселесіне қатысты үлкен ілгерілеушіліктер болады деген үмітке сенім артқан еді. Иманғали Нұрғалиұлы бес жүз күнге таяу уақыт премьерлік еткен мезгілде мемлекеттік тілге қатысты қандай игілікті шаралар атқарылды. Бұл туралы елдің де, зиялы қауым өкілдерінің де арасында әр түрлі сыңайдағы пікір бар.

Қуаныш Жиенбай, “Ана тілі” газеті бас редакторының орынбасары, жазушы.

Иманғалидың ұлтымызға, мәдениетімізге істеген іргелі істерінің бәрін де жұрт айтып жатыр. Жұрттың аузындағы әңгімені қайталамай-ақ қояйын. Енді мемлекеттік тілге қатысты Тасмағамбетов үкіметі не істеді деген сауалға келер болсақ, үкімет отставкаға кетерден он бес күн бұрын ғана, ол бүкіл шенеуніктерді шақырып алып, “ағайындар-ау, ендігі жерде қазақ тіліне ден қоятын кез жетті” дегенді шегелеп айтты. Сосын бәріміз тек қазақ тілінде сөйлесек қана, күрмеуі күрделі мәселелер шешіледі дегенге де кеңірек тоқталды. “Оқулық жетіспейді, мұғалім жетіспейді” деген сыңайдағы әңгімелердің бәрінің де, ендігі жерде құр байбалам екенін Иманғали Тасмағамбетов отставкаға кетерінен бұрын арнайы айтып, осы тіл мәселесіне байланысты отырыс жасады.

Көңілімізге медеу тұтатынымыз, ол кісі тағы бір жерде былай деді: “Барлық жиналыстарда, мәслихаттарда, әсіресе көпшілікпен бас қосатын жерлерде міндетті түрде мемлекеттік тілде сөйлесуге тырысыңыздар. Сондықтан сіздерге келешекте қазақ тілінде сайрап кетпегенмен, ауыз екі сөйлесе алатын деңгейге жеткізетін міндет жүктеймін”

Одан кейін мына “Достық” үйінде тұрақты кеңестің кезекті жиналысы болды. Сонда депутаттарымыз бен зиялы зиялы қауым өкілдері жиналды. Сол отырысқа көп болса екі-үш орыс ағайыны қатысты. Макалкин келді. Міне осы жиналыс бастан –аяқ орыс тілінде өтті. Осы жөнінде мен “Ана тілі” газетіне “Тек қана Макалкин үшін мемлекеттік тілдің мәртебесін белден баса береміз” деген мақала жаздым.

Амангелді Кеңшілікұлы: Жалпы Тасмағамбетов үкіметі тұсында мемлекеттік тілге қатысты нақты қандай істер атқарылды?

Қуаныш Жиенбай.

2002 жылдан 2010 жылға дейін, облыстырды кезеңмен мемлекеттік тілге көшіру жөніндегі бағдарламаның уақытын бекітті. Келесі жылдан бастап Маңғыстау, Жамбыл облыстарындағы іс қағаздары түгелдей мемлекеттік тілге көшірілуі тиіс еді.

Қазақтар көп шоғырланған облыстардағы мемлекеттік тілдің ахуалының өзі, бүгінгі таңда көңіл көншітпейді. Былтырғы жылы Қызылорда облысына арнайы барып, іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру мәселесін тексеріп қайттық.

Әрине, шамалы алға жылжу бар. Бірақ ол облыс та түбірімен мемлекеттік тілге көшіп кетті алған жоқ. Тоқсан процент қазақ тұратын Қызылорда облысындағы жағдай осындай болғаннан кейін, басқаларын тілге тиек етпей-ақ қойсақ та болатын шығар.

Жалпы тіл жөнінде, талас та, әңгіме де, түйткіл де көп. Бұл мәселе Қазақстандағы қазақтардың саны көбейген кезде өздігінен шешіледі деп пайымдаймын.

Ахметов Қанапия, энергетик.

Тасмағамбетов мемлекеттік жиналыстардың бәрін де қазақ тілінде өткізді. Онан кейін сенатта, парламент мәжілісінде қазақша баяндама жасағанын өз көзіммен көрдім.

Жалпы қазақ тілі мен мәдениетіне үлкен жанашарлықпен қарады. Содан кейін көне тарихи ескерткіштерді жаңғыртуға көп күш салды.

Әттең , ол кісіге талай жұмысты атқаруға уақыт тапшылық етті. Егер үкімет басында отырса, 2010 жылға шейінгі қазақ тіліне қатысты бағдарламаны жүзеге асыру үшін, Иманғали Тасмағамбетов зор еңбек сіңірер еді.

Ерсайын Ерғожа, “Ұрпақ тағдыры – білім” атты қоғамдық ұйымның жетекшісі.

Білетін адам ретінде айтатыным Тасмағамбетовтың жұмыс жүйесінде жүйелілік немесе бір ізділік өмірі болған емес. Тасмағамбетов тек көзбояушылықпен айналысып келеді. Ол комсомол болып істеген азамат болғандықтан, тек қана істің сыртқы жағын ғана жасайды да, оның ішкі мазмұнына түк мән бермейді. Сондықтан да Тасмағамбетов тек жалпы сөз айтуға ғана шебер. Ал кез-келген істің орындалуы бар емес пе? Ол азамат мұндай жолмен тәрбиленбеген. Кез-келген нәрсені алу бар, ал оны орындау мен шешу ол басқа мәселе. Ондай мәселелер Тасмағамбетовте қалыптаспаған. Тасмағамбетов барлық саланы бүлдіріп, болып ең соңғы қалған сала жер еді. Оны да бүлдіріп тынды.

Бұл азамат қазақтың тіліне ешқандай жаны ашыған жоқ. Бірақ оның сөзінен, сөйлеу мәнерінен халықтың арасында қазаққа, оның мәдениетіне жаны ашиды екен деген сыңайдағы жалған ұғымдар туды. Оның бәрі де Тасмағамбетовты білмегендіктен туатын жалған ұғымдар ғана.

Айжан Көшкінова, журналист.

Иманғали Нұрғалиұлы үкімет басына келген кезде, қазақ зиялылары одан үлкен үміт күткен болатын. Өйткені ол идеология саласында біраз жұмыс істеп ысылған, қазақ қауымына жақын азамат болатын. Жұрттың бәрі де Қазақстанда мәдениет немесе тіл мәселесінде елеулі бетбұрыстар болады деп пайымдады. Өкінішке қарай, Иманғали Тасмағамбетов үкімет басшысы болған кезде, осы салада ешқандай өзгерістер байқалмады. Есімізде қалатыны, Тасмағамбетов Моңғолиядан Күлтегін ескерткішінің көшірмесін әкелуге көмектесті. “Отырар” кітапханасын ашуға қол ұшын берді. Олжас Сүлейменовпен газет бетінде хат жазысты. Бұл шаралардың бәрі де, үкімет басшысы болмаса да кез-келген қоғам қайраткерінің қолынан келетін жұмыс болатын. Иманғали Тасмағамбетов өзіне берілген мол мүмкіншілікті пайдаланып, ұлттың кәдесіне жарайтын іргелі жұмыстар атқара алған жоқ.

Мысалы, Малайзияның премьер-министрі Махаткер сол елдің тілін, мәдениетін дамыту жолында үлкен өзгерістер мен іргелі реформаларды жасай білді. Дәл осындай өзгерістерді Иманғали Нұрғалиұлы да жасай алар еді. Бірақ қазақ тілінің мәселесі сол күйінде қалды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты жасаған реформаларының бәрі де сәтсіз шықты.

Иманғали Тасмағамбетов тек үкімет басшылығы қызметінен кетер алдында тіл мәселесін қаузай бастады. Менің ойымша Тасмағамбетовтың бұл әрекеті де, саяси мақсаттан ғана туындаған шара секілді. Басқаша сөзбен айтқанда, бұл әрекет Тасмағамбетовтың мемлекеттік хатшы қызметіне келер алдындағы дайындығы секілді болып көрінеді.

Әділін айтсақ, Тасмағамбетов үкімет басында отырған кезде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты, ешқандай да батыл шешімдер қабылданған жоқ.
XS
SM
MD
LG