Accessibility links

Билік Ғалымжан Жақияновты өлтіруге бел буды ма?


“Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының басшысы, бүгінгі таңда Қостанайдағы “Құсмұрын” түрмесінде жазасын өтеп жатқан “Ғалымжан Жақияновқа құрт ауруын жұқтыртыпты” деген сыңайдағы ақпараттың рас екендігі анықталды.

“Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының басшысы, бүгінгі таңда Қостанайдағы “Құсмұрын” түрмесінде жазасын өтеп жатқан “Ғалымжан Жақияновқа құрт ауруын жұқтыртыпты” деген сыңайдағы ақпараттың рас екендігі анықталды. Жақияновтың адвокаты баспасөз-мәжілісінде, оның қорғаушысының ұзақ уақыт бойы туған-туысқандарынан, тіпті, өзінің адвокатынан да ауруын жасырып келгендігін мәлімдеді. . Бұл туралы “Ассанди таимс” газетінің 4 шілде күнгі санында Нұрахмет Кенжеевтің мақаласы жарық көрді.

Мақала авторының пайымдауынша, Ғалымжан Жақияновты өлтіру мақсатын көздеген биліктің, ендігі тұста ештеңеден де тайынбайтын түрі бар. Бұл туралы мақалада былай деп жазылған: “Осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшылары Ғалымжан Жақиянов жеті, ал Мұхтар Әблязов алты жылға бас бостандығынан айырылғаны мәлім. Екі саясаткердің жазасын өтеп жатқан түрмелерінің де айырмашылығы жер мен көктей еді. Қылмысты-түзеу жүйесінің қызметкерлері ылғи да Мұхтар Әблязовқа зорлық-зомбылық пен моральдық тұрғыдан қысым көрсетіп келгендігі туралы, газет бетінде талай мақаланың жарық көргені аян.

Мұхтар Әблязов соққыға да жығылды, арандатушылық әрекеттерді де басынан кешірді, неше түрлі қорлауға да шыдады. Бір жылдың ішінде экс-министрге екі түрме ауыстыруға тура келді. Кей кезде оған адвокаттарды да, туған-туысқандарын да жібермей қойды. Тіпті биліктің, Мұхтар Әблязовты сыртқы ортадан шеттетіп тастап, үш ай бойы оның тағдырынан қалың жұрт беймәлім қалған кезеңдер де болды.

Алайда Ғалымжан Жақиянов түскен түрменің, Мұхтар Әблязов жазасын өтеп жатқан мекемеден әдәуір айырмашылығы болғанын жасырмаған абзал. Әрине, Ғалымжан Жақиянов жазасын өтеп жатқан мекемені “керемет” деп айту күпірлік болар, дегенмен, ол жердегі ахуал “Державинск” түрмесімен салыстырғанда анағұрлым жақсы еді.

Келушілерге колонния басшылығының рұқсатымен Ғалымжан Жақияновқа кіруге рұқсат етілді. Тіпті Ғалымжан түрмеде жүріп, спортпен шұғылданды. Қалай болған күнде де Жақияновқа қарсы қысым көрсетушілік немесе зорлық-зомбылық әрекеттері қолданылған жоқ” дейді мақала авторы.

Міне осындай ахуалдан кейін, “билік Мұхтардың сағын сындырып, Ғалымжан Жақияновқа тиіспеуге ұйғарым жасады ма?” деген сыңайдағы ой келуі ықтимал. Дегенмен мақала авторы мұның бәрі де, елді алдау үшін жасалған көзбояушылық әрекет деп есептейді.

Бұл туралы мақала авторы мынандай болжам жасайды: «Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы басшыларының тағдырын шешкен адам, бизнесмен, әрі шенеунік Мұхтар Әблязовтың сағын сындыру оңайға түседі деген шешімге келді. Ғалымжан Жақияновты билік о бастан-ақ өлтіруді көздеді. Ендігі тұста биліктің, Ғалымжан Жақияновты не себептен кешірім сұратуға мәжбүрлемегені, өздігінен түсінікті болып отыр.

Бүгінгі таңда Ғалымжан Жақиянов қатты ауырып жатыр. Міне көп күннен бері оның денесінің қызуы 37,5 градустан түспей қойды. Дәрігерлер инфекцияның ішкі организмді жайлап алғанын, сонымен қатар өкпесінде қара дақтардың бар екендігін анықтады” дейді мақала авторы.

Мақала авторының сөздеріне сенетін болсақ, қазіргі кезде билік тарапындағы кейбір шенеуніктер “Ғалымжан Жақиянов түрмеге түспей тұрып-ақ құрт аурын жұқтырған екен” деген сыңайдағы аңыз таратып жатқан көрінеді. Алайда тұтас бір облысты басқарған азаматтың өткен өмірінде құрт аурын жұқтырыпты деген әңгімелер, сыныққа сылтау ғана” деген мақала авторы, өз ойын былай түйіндейді: “Ғалымжан Жақияновтың құрт ауруын жұқтыруы кездейсоқтық емес. Жақиянов өз жолын таңдады. Ол түрме басшылығының, президенттің атына кешірім сұрауды талап еткен өтінішін орындамай қойды. Жақиянов ұзақ уақыт бойы ауруға шалдыққанын туған-туысқандарынан да жасырып келді. Ол саяси өлімнен гөрі, өз өмірін құрбандыққа шалғанды жөн көрді.

Алайда біз, Ғалымжан Жақияновтың өмірін сақтап қалу үшін күресуіміз керек. ХХІ ғасырда саяси себептермен сотталған азаматтың түрмеде өлуіне жол берілмеуі тиіс. Егер Ғалымжан Жақиянов қаза тапса, демократиялық оппозиция мен билік ешқашан да келісімге келе алмай, мәңгі жауласып өтеді. Қазақстандағы саяси дағдарыс онан сайын күшейе түседі. Бұл өз тұрғысынан саяси режимге шығаралған үкім болады” делінген “Ассанди таимс” газетінің 4 шілде күнгі санында жарық көрген Нұрахмет Кенжеевтің мақаласында.

Мақала соңында редакция ұжымы, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшысы Ғалымжан Жақияновтың денсаулығына байланысты, Әділет министрлігі секілді ресми мекемелерге, жазбаша түрде сұрау салған.
XS
SM
MD
LG