Accessibility links

Сайлау туралы заң жобасы талқылауға ұсынылды


Сайлау заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң жобасы бүкiлхалықтық талқылауға ұсынылды

“Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы” Конституциялық заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы Үкiметтiк заң жобасы бүкiлхалықтық талқылауға ұсынылды. Қазақстанның Орталық Сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның бұған дейiнгi мәлiсдемесiне сүйенсек, аталған заң жобасы Еуропаның қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының талаптарына толық жауап бередi. Жобаны жасаушылардың пiкiрiнше, “Сайлау стандарттары туралы Копенгаген келiсiмiнiң” талаптары да ескерiлген.

Бiр ата кетерлiгi, өткен жылдарда Еуропаның қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының мұрындық болуымен және Орталық сайлау комиссиясының, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкiлдерiнiң қатысуымен сайлау заңын жетiлдiру мақсатында алқалы жиындар өткiзiлiп, нәтижесiнде жаңа заң жобасының негiзi қаланған-ды. Онда саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан, қалың жұртшылық өкiлдерiнен түскен талап-тiлектер екшелгендей көрiнген.

Алайда, аяқ-астынан пайда болған Үкiметтiк заң жобасы оның жолын кесiп тастады. Бiр айта кетерлiгi, осы заң жобасы бойынша ресми анықтамада: “Сайлау заңнамасын өзгерту мәселесi бойынша Еуропаның қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының қамқорлығымен 4 рет қоғамдық бiрлестiктер мен саяси партиялар белсене қатысқан “дөңгелек үстел” өткiзiлдi”—делiнедi. Сонымен, шiлденiң 4-i күнi республикалық ресми басылымдарда жарық көрген Үкiметтiк заң жобасы бүкiлхалықтық талқылауға жол тартты.

Сайлау туралы қолданыстағы заңға еңгiзiлуге тиiс өзгерiстердiң бiр парасы аумақтық, округтiк сайлау комиссияларына байланысты. Қолданыстағы заңның 10 бабының 3-i тармағын “Аумақтық және округтiк сайлау комиссияларын саяси партиялардың, жоғары тұрған сайлау комиссияларының, жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн өзi басқару органдарының, азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, тиiстi жергiлiктi өкiлдi /мәслихаттар/ органдар құрады. Сайлау комиссиясына әр саяси партиядан бiр өкiл сайлана алады”,-- деп өзгерту ұсынылады.

Жұртшылықтың ұсыныстары мен ескертулерi жоба жарияланған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде қабылданады.
XS
SM
MD
LG