Accessibility links

Ирақта БҰҰ қызметкерлеріне және журналистерге де шабуыл жасалуда


Соңғы кездері Ирақтағы әскери нысаналарға қоса БҰҰ кеңселеріне, журналистерге де шабуыл жасала бастаған.

Ассошиейтид пресс агенттігі тілшісі Джим Крейннің Бағдаттан хабарлағанындай, Ирақ астанасында Британиялық журналистің талтүсте атылуы, БҰҰның кеңсесіне гранатпен шабуылдауы одақтас күштердің өзін де алаңдата бастаған.

Жексенбі күні Бағдат университеті қасында сусын сатып алмақ болып тұрған кезде АҚШтық бір сарбазды атып өлтірген. Бұл соңғы тоғыз күндегі үшінші қарулы шабуыл еді. Дәл осындай жағдайда, сенбі күні Бағдат музейі алдында тұрған британиялық теле оператор оққа ұшқан.

Ал Бағдат орталығында күзетте жүрген америкалық жасақтарға бір күннің өзінде бір неше рет шабуыл жасалған. Сондай-ақ, басқыншы күштер жағында жүр деп ирақтық полицияны да нысанаға алып тұратын кездері болады, деп жазады тілші.

Сенбі күні батыс аймақтағы Рамади деген қалада АҚШтық әскери дайындықтан қайтып келе жатқан ирақтық полиция қызметкерлері бомбы жарылысына кезігіп ондаған адам жараланған.

АҚШтық майор Турмондтың айтуынша, мұндай шабуылдар елдегі халықаралық ізгілік көмегі шараларына кедергі болуда. Осыдан екі апта ғана бұрын келген 24 жастағы теле оператор Ричард Уайлдты , әріптестерінің айтуынша, жақын жерден-ақ тұрып тапаншамен атып өлтірген. Қылмыскер жасырынып үлгірген. Сенбі күні Мосул қаласындағы БҰҰ көші-қон кеңсесіне граната шабуылы жасалған. Бір неше көлік қираған. "Мұндай қылмыскерлерге өркениетті елде орын болмауы керек. Біз оларды бәрібір ұстаймыз. Қажет болса олардың көзін жоямыз", дейді майор Турмонд.

Жексенбі күні солтүстік Ирақтағы бір шайқас кезінде АҚШ әскерлері 11 түрік сарбазын тұтқындаған. Бұл мәселеге Түркие бас министрі Режеп Тайып Ердоғанның өзі тікелей араласып, АҚШ президенті орынбасары Дик Чейниге сенбі күні телефон шалып, жарты сағаттай сөйлескен. Нәтижесінде түрік сарбаздарын дүйсенбі күні Сулайманиядағы түркиелік ресми басшылыққа беретін болып келіскен.

Ал бұл арада, Австралиялық дыбыс операторы Джереми Литтл Германиядағы ауруханада операцияны көтере алмай көз жұмған. Ол маусымның 29зы күні Фаллужа қаласында граната шабуылы астында қалған болатын.

Сенбі күні АҚШ күштері зымыранмен атылатын гратамен шабуылдамақ болған екі ирақ азаматын атып өлтірді.

Сайдвиндер деген жеті күндік арнайы операция кезінде АҚШ әскерлері 30 адамды өлтіріп, 282 кісіні тұтқындаған. Ирақ күрескерлерінен көптеген қару-жарақ тәркіленген.

Бұл арада АҚШ жағынан 28 жасақ жарақат алған
XS
SM
MD
LG