Accessibility links

Қылмыс пен жаза

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Тапсырыспен өлтірілген Қайролла Оспановтың ісіне байланысты жаңа деректер.

“Новое поколение” апталығының кезекті санында бұрынғы өндіріс министрі Қайролла Оспановты тапсырыспен өлтірген қылмыскер туралы Ольга Медведеваның мақаласы жарық көрді. Мақала авторының айтуынша қылмыскер, адам өлтіргеннен кейін, қырық төрт күн бойы бостандықта жүрген. Оның өзінің сөздеріне қарағанда, осы қырық төрт күн бойы ол, апанға түскен аң секілді қашан тұтқынға алынатынын күтіп жатқан.

Мақалада қылмыскерді ұстауға қатысқан шұғыл топтың қалай жұмыс жасағандығы да егжей-тегжейлі баяндалған.

“Бастапқы кезеңде шұғыл топтың қызметкерлері маңызды ақпараттарды жинастырумен айналысады. Міне содан кейін қылмыскерді қолға түсіру мақсатында, әр түрлі операциялар өткізіледі. Осы операция барысында шұғыл топтың қызметкерлеріне, саудагерлердің, телефон жүйесі қызметкерлерінің, тіпті шенеуніктердің рөлін ойнауға тура келеді.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, 1 шілдеге қараған түні Қайролла Оспановты өлтіруге тапсырыс берген қылмыскер тұтқынға алынады. Әлі күнге шейін осы қылмысты тексерген тергеу жұмысының ісі құпия болып саналады” - деген мақала авторы, істің мән-жайысымен толығырақ таныстыру үшін, Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал-полковник Қайырғали Мырзабаевтан сұхбат алған.

Қайырғали Мырзабаевтың айтуынша, алғашқы аптада оларда қылмыскер туралы ешқандай да мардымды ақпарат болмаған. Оқиға болған жерде табылған қару мен оқ-дәрі көп нәрсені анықтауға септігін тигізген. Тергеушілер қылмыс жасалған жерден “Рекорд” деген оқ-дәріні тапқан. Тергеушілер аңшы дүкендеріне дәл мұндай 246 оқ-дәрі түскенін анықтайды. Осы оқ-дәріні сатып алған аңшылардың бәрі де тексеріледі.

Қайырғали Мырзабаев, егер саудагер әйел осы оқ-дәріні сатқан бір адамның атын жасырып, өтірік айтпағанда бұл қылмыс бұдан да тезірек ашылар еді деп пайымдайды. Саудагер әйел, дәл осындай алты оқ-дәріні сатып алған адамды білген. Бірақ қорыққандықтан, бұл ақпаратты тергеушілерден жасырып қалған.

Қайролла Оспанов ауыр жарақат алғаннан кейін, екі аптадан соң оны өлтіруге тапсырыс бергендер де, оны өлтіруге қатысқан екі қылмыскер де қолға түседі. Қылмыскерлердің сөздеріне сенетін болсақ, Баха деген біреу, есіркті сатумен айналысатын адамды өлтіру керек деп, оларға - Қайролла Оспановты көрсеткен. Қайролла Оспановты өлтірген қылмыскердің біреуінің аты – Марат. Оның әйелі бүгінгі таңда екінші рет босанайын деп отыр.

Марат өзі жалғыз қылмыс жасағысы келмегендіктен, қасына Максим деген досын ертіп алған. Ал Максим бар-жоғы 300 доллар үшін адам өлтіруге келісімін берген. Материалдық жағдайының қиындығы Максимді мұндай ауыр қылмыс жасауға итермелеген.

Дегенмен, бұл тапсырыспен адам өлтіруде делдалдық қызметті атқарған Бахтиктің, түрмеден қашып кеткендігі де жұртқа мәлім. Осы орын алған оқиға байланысты Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал-полковник Қайырғали Мырзабаев мынандай түсініктеме берген:

“Бахтик – біздің қызметкерлердің салақтығынан қашып кетті. Бахтикті қарауылдаған старшина Зарецкий қазір абақтыда отыр. Қарауыл қылымыскерді психиатриялық тексеруден өткізуге уақытынан жарты сағат бұрын алып келген. Олар сол жерде тергеуші мен басқа қарауылды күтуі тиіс еді. Тұтқынға алынған қарауылдың түсіндіруінше, қылмыскер дәретханаға баруға рұқсат сұраған. Қылмыскерді ішкі істер басқармасы емханасының екінші қабатындағы дәретханаға апарған. Қарауыл қалыпты ережені бұзып, қылмыскердің қолындағы кісенін шешкен. Ол ішінінен жабылып алып, терезеден секіріп, қашып кеткен”.

Қайырғали Мырзабаев бұл орын алған төтенше оқиға үшін, ішкі істер басқармасындағы көптеген азаматтарды жазалапты. Бес адам қызметінен босатылған. Қылмыскерді қарауылдаған старшина Зарецкиге байланысты қылмыстық іс қозғалыпты» делінген, “Новое поколение” апталығының кезекті санында жарық көрген Ольга Медведеваның мақаласында.
XS
SM
MD
LG