Accessibility links

"Ауыз тигенің мұндай, асағаның қандай?.."


Мақалада автор Қазақстанда 2004 жылы тыңның 50 жылдық тойын, Алматының 150 жылтық тойын, сондай-ақ 2005 жылы Байқоңырдың 50 жылдық тойын атап өтуді жоспарлап отырған билік басындағыларды сынға алған.

“Ақ жол Қазақстан” басылымының 5 шілде күнгі санында “Ауыз тигенің мұндай, асағаның қандай?..” деген Сейілбек Қышқашұлының мақаласы жарияланды. Онда автор Қазақстанда 2004 жылы тыңның 50 жылдық тойын, Алматының 150 жылдығын, сондай-ақ, 2005 жылы Байқоңырдың 50 жылдық тойын атап өтуді жоспарлап отырған билік басындағыларды сынға алған.

Алдымен Сарыарқаға тоқталған автор, Сарыарқаның тың кезінде, Қараарқаға айналғандығын айтады. Автордың мақалада келтірген деректеріне қарағанда, тың игеру кезінде Сарыарқа төсінде жыртылған жерлердің топырағы аспанға “қара боран” болып көтерілген екен. Осының салдарынан 20 миллион гектарға жуық жердің топырағы Сарыарқаның сары желімен аспанға қара шаң болып ұшып кеткен. Бұл дегеніміз Қазақстан көз алдында 20 миллион гектар жерінен таза айырылды деген сөз дейді автор.

Сейілбек Қышқашұлының сөзіне қарағанда, сол аспанға көтерілген шаң 49 жыл бойы жерге тынбай себелеумен келеді . Осы жылдар бойы сол шаңды Сарыарқаның тұрғындары жұтып келеді дейді автор. Бұл арада Сейілбек Қышқашұлы мұны Астана жұртшылығы мәшинелерінің капоттарынан күнде көруге болады дегенді тілге тиек еткен.

Сондай-ақ, тың игеру кезінде небір кемшіліктердің орын алғандығын алға тартқан автор , бұл бастаманы көтерушілер Сарыарқаның Қараарқаға айналғандығын тойлауға ниет білдірушілер дегенді айтады.

Ал, Байқоңырға тоқталған Сейілбек Қышқашұлы, Ресейге тағы да 50 жылға жалға берілген Байқоңырдағы қазақтардың қазіргі таңда ауыр тұрмысты бастан кешіп отырғандығын алға тартады. Алайда, қазіргідей қарқынмен ресейліктер қазақстандықтарды мүжи беретін болса қазақ, қазақ даласынан табылмай қалуы да ғажап емес дейді автор.

Бұл жайында Сейілбек Қышқашұлы мақалада былай дейді: “Мен өзім Байқоңырдың 46 жылдығын да, 47 жылдығын да тойланғанын көрген емеспін. Ал биыл түс көргендей 48 жылдығын тойлауы “Біртұтас экономикалық кеңістіктің” дүмпуі емес пе? Қазақстан “Біртұтас экономикалық кеңістікке” кіргенен кейін, жалғыз Байқоңыр жері ғана емес, бүкіл қазақ жері Ресейдің жері болатыны сөзсіз. Сондықтан да бұл, биліктегілердің, “Ақыры Қазақстан Ресейдің бір губерниясы болатындықтан, Байқоңырдың тойын осы бастан тойлай берейік” деген әрекеттері бола керек делінген мақалада.

Осылайша Үкімет басшыларына ренішін байқатқан автор; “сонда қазақстандықтар Байқоңырдың 49-50 жылдығын не деп тойламақ?, Қазақ жерінің бүлініп жатқандығы үшін бе?, әлде, ондағы қазақтардың гептилмен уланып жатқандығы үшін бе? Жоқ, әлде Байқоңыр қазақтарының қорланып, күнен -күнге құрып бара жатқандығы үшін бе? дегенді айтады.

Сондай-ақ автор мақалада Алматының 150 жылдығын тойлауға аптыға кіріскен Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновты сынға алған. Онда автор, Алматының Алматы болғанына 150 жыл толмағандығын алға тартқан. Сейілбек Қышқашұлының айтуынша Алматының Алматы болғанына 9 мың жылдан асып кеткен.

Бұл арада автор “Қазақ Совет энциклопедиясындағы” тарихи деректерге жүгінген. Онда былай делінген: “Алматыны адам ерте заманан бері мекендеген. Біздің эрамыздан бұрын 7-3 ғасырларда Сақ тайпалары қоныстанған. Сақтардан кейін саяси басшылыққа ие болған Үйсін тайпалары. Орта ғасырда Алматы қазіргі өзінің атымен белгілі болған. Ал Жетісу аймағы Россияға бағынған кезде мұнда дулаттардың “Алматы” атты қыстағы болды. Тек 1854 жылдан бастап, “Верное” деген атпен мәлім болған орыс бекінісі орнықты. Кейін ол Верный қаласы болып аталды”,-деп көрсетілген .

Осылайша тарихи деректерге жүгінген автор, Алматыға емес, орыстың мықты бекінісіне айналған Верныйға 150 жыл болғандығын дәлелдеген. Ал мақаланы қорытындылаған автор былай дейді. “Мына үш тойға қарағанда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екені өтірік. Ресейдің құрамындағы бір губерния. “Біртұтас экономикалық кеңістікке” кіргенен кейін, Қазақстан одан қайтып шыға алмайтыны белгілі нәрсе. Алдағы уақытта да, билік басындағылар осы беттерінен таймайтын болса, “Тәуелсіз мемлекетпіз! “ деп атойлағанымызден, әлі аузымызды да аша алмайтын күнге жететін боламыз,” - дейді Сейілбек Қышқашұлы “Ақ жол Қазақстан” басылымының 5 шілде күнгі санында.
XS
SM
MD
LG