Accessibility links

Жастар арасындағы нашақорлық мәселесі туралы.

  • Сәуле ОМАР

Бұрындары есірткі пайдаланып, қазірде Алматыдағы наркологиялық емдеу-сауықтыру орталықтарының бірінде емделіп жатқан 28 жасар Арман атты жігітпен өткізілген сұхбат.

Бүгінде Қазақстанда ресми дерек бойынша, есірткі тұтынушы ретінде тіркелген 48000 адам есепте тұр. Алайда, ресми емес дерек көздері бойынша, олардың саны 350 000-нан асып жығылады, дейді мамандар. Сондай- ақ, есірткіге тәуелділердің 27 процентін 12- 6 жастағылар құраса, 42 процентінен астамы 17- 26 жас арасындағылар, яғни жастар. Азаттық радиосына сұхбат беруге келіскен кезекті Жас толқын хабарының кейіпкері бізге өзін Арман деп таныстырды. Жасы 28- де. Алматы қаласында тұратын Арман, есірткіні ең алғаш мектепте оқып жүрген кезі - 16 жасында пайдаланған.

«Өзім тұратын ауданның ересек балалары дайын есірткіні тым болмаса, бір рет көрші деп қызықтырды. Негізі, мен есірткінің жаман екенін білетінмін, ол туралы ағаларымнан естігем. Бірақ қанша қашқақтасам да, ақыры олар мені көндірді. Біз мұны сатып, көп ақша табамыз деді. Менің әкем ол кезде әкім болатын, қазір ойлап отырсам, олар әдейі сондай ақшалы адамдарды есірткіге тартады екен. Бар жамандық сол күннен басталды. Үйден ақша ұрлауға бартын болдым, құдайға шүкір, адам өлтірген жоқпын, түрмеге түспедім, бірақ осы кезге дейін жамандық атаулыны көп көрдім» дейді Арман.

«Менің нашақор екендігімді ата- анам 3-жылдан кейін ғана білді. Өйткені мен 8- сыныптан кейін арнайы әскери мектепте оқыған болатынмын. Анамның алғаш білгенінде ұзақ жылап, тіпті талыпсып құлап қалғаны да есімде. Бірақ ол кезде мен бұл туралы аса ойланған емеспін. Ойлануға мұрша да болған жоқ. Алда бір ғана мақсат тұрды: есірткіні қалай тапсам екен? Осы қайғыдан әкем 6 жыл бұрын дүниеден өтті. Бәріне өкінем, бірақ шара жоқ. Ал анам болса, әлі күнге дейін мені мүмкін қойып кетер, түзелер деп үміттенеді. Апармаған жерлері жоқ. Соңғы 5 жыл көлемінде Алматыдағы 5 наркологиялық емдеу- сауықтыру орталығының бәрінде болдым. Қазақстанның түкпір- түкпіріндегі емшілерге де апарды. Адам болар деп 2 мәрте үйлендірді де. Екеуінде де ажырасып тындым. Кішкене қызым бар».

- Ал сіздің сонда осыған дейін есірткіден бас тартпауыңыздың, пайдалануды қоймағандығыңыздың себебі неде?

- Ол ең бірінші, адамның өзіне байланысты. Есірткінің құдіреті сонда, ол адамның психикасын, яғни жан дүниесін түгел баурап алады. Үсті- үстіне пайдалана бергің келеді. Есірткіге тәуелділік- ол үлкен дерт. Өйткені, пайдаланып жүрген адамның өзі, басынан көп жағдайлар өтпейінше, есірткінің жаман екенін түсіне бермейді, өзін аурумын деп санамайды.

Мысалы, бұрындары мені анам түрлі емдеу орталықтарына апарып тастайтын. Ал менің ойымда бір ғана нәрсе болды: тезірек сол жердегі уақытты өткізіп, үйге қайту, сосын қайтадан есірткі пайдалану. Бірақ қазір есірткіге тойдым. Пайдалануға көңілім жоқ. Айта кететін тағы бір жай, негізі есірткіні тастаймын деген адамның 100 проценттен 10 проценті ғана есірткіні қойып, жаңа өмір бастап кете алады. Сол 10 проценттің өзінде жанталасып, шын көңілімен соған ұмтылғанда ғана тастай алады. Мен де қазір сол 10 проценттің ішіне кіруге жанталасып жатырмын.

- Ресми мәліметтерге жүгінсек, СПИД- пен ауыратын науқастардың 80-процентінен астамы нашақорлар екен. Сіз есірткі қолданып жүргенде, сондай бір қауіп болған жоқ па?

- Алғаш пайдаланып жүрген кезде ол туралы ойланған жоқпын. Ойлануға мұрша да болған жоқ. Негізі,есірткі пайдаланатындардың басым бөлігі көбінесе, ол туралы бас қатыра бермейді. Бірақ сақтанып, тек өз инесін ғана қолданатындар да бар. Ал мен кейін барып тексерілсем, шүкір әйтеуір, жұқтырмаған екенмін.

- Ендігі жоспарларыңыз туралы бір- екі ауыз, емделіп шыққаннан кейін не істесем дейсіз, қалай өмір сүрсем дейсіз?

- Ең бірінші жоспарым, сырттай оқуға түссем деймін. Бұрынғы тастап кеткен оқуым әскери оқу болатын, қазір бүгінгі өмір талабына сай, психология мамандығын игерсем деп ойлап отырмын. Ал енді өзімнің басты міндетім ретінде, осындай емделу орындарында жұмыс істесем, аяқтарын шалыс басқан жастарға көмектессем деп жүрмін.

Өйткені мен анық білетінім, ондай адамдардың жанында жүргенде, олардың қиналғандарын көргенде, мен есірткі деген жаман нәрсеге ешқашан да жоламаймын. Ал енді жасөспірімдерге, бауырларыма, іні- қарындастарымы айтарым, олар оқу- білімге, спортқа, ғылымға жақын болса екен. Есірткі деген жаман нәрседен аулақ жүрсін. Себебі, есірткіні пайдаланатын адам тек өзіне ғана емес, ата- ана, туған- туыс, достарының бәріне зияндық, қайғы - қасірет әкеледі. Сондықтан да, жастар өмірге байыппен қараса деймін.

Жалпы алғанда, кез- келген ата- ана өз баласымен есірткі туралы әңгімелескенде, олар тек есірткі жаман деп қана емес, сонымен қатар оны пайдалана бастағаннан кейінгі оның адамға әкелетін зор кесапаты туралы баса айту керек, дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG